Петропавлда депутат қала атауын өзгерткісі келетіндерді мәңгүртке теңеді

2879

Әлеуметтік желіде Петропавл қаласының мәслихат депутаты Павел Афанасьевтің телеграм-арнасындағы жазбасы қызу талқыланып жатыр. Бір емес, бірнеше азамат әлеуметтік желіде оның Петропавл атауын өзгертуге қатысты жазбасын бөліскен, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Петропавлда депутат қала атауын өзгерткісі келетіндерді мәңгүртке теңеді Фото: 7152.kz

Фейсбукте "Аяз би" атымен белгілі қолданушы "Петропавл қаласының атын өзгерткісі келетіндер енді "мәңгүрт" болдық" деп жазады. Оның сөзінше, "Петропавл қалалық мәслихатының депутаты осылай үкім шығарған". 

"Қала немесе облыстың атауын өзгерту жөніндегі мәселені біздің қоғамда тыныштық пен халықтың көңіл-күйін, келісім мен интернационализмді бағаламайтындар көтереді. Қалалардың атауын өзгертумен көпұлтты емес, моноұлтты мемлекет құрғысы келетіндер айналысады. Мәңгүрттер, Петропавлды өзгертуге барыңдар", - деп жазған депутат.

Афанасьевті осы жазбасы үшін айыптап жатқандар көп. Жеңіс Құспан атты азамат "мынаны депутаттықтан қуу керек" деп жазады.

Афанасьев телеграм-арнасында соңғы рет өзіне қатысты айыптауларды (қандай екені белгісіз) "чернухаға" теңеп, оған сенбеуге шақырып жазба қалдырған.

Бұған дейін ол халықаралық тақырыптағы белгісіз автордың бірнеше жазбасын бөліскен. Белгісіз автордың жазбасында "Украинадағы неонацизм қалай күшейгені" жазылып, 2014 жылғы Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс Ресей призмасымен суреттеледі. Жазбада украиналықтарды "нацик" деп атайды. Осы жазбаны қалалық депутат "өте қызықты ақпарат" деп телеграм-арнасына бөлісіп қойған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымындағы "Аманат" партиясынан сайланған депутаты Анна Башинская Украинаның Қырымды өз бақылауына қайтарғысы келетініне қатысты  екіұшты пікір айтқан болатын. Deutsche Welle Украина президенті Владимир Зеленскийдің жоспарлы қарсы шабуылды және аннексияланған Қырымды Украина бақылауына қайтаруды жариялаған сөзін жазған.

Башинская жазбаның пікір білдіретін қатарына Зеленскийге Түркияға шабуыл жасауға кеңес береді.

Депутаттың шағын пікірі әлеуметтік желіде қызу пікір талас тудырды. Қазақстандықтар Башинскаяны Ресей мен Путиннің саясатын қолдады деп айыптады. Кейін ол тағы бір пост жариялап, сөзі үшін барлығынан кешірім сұрады.

Алайда кейін партия басшылығының шешімімен депутаттық мандатын тапсырып, партия қатарынан шығарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу