Пневмония жаз кезіне тән емес – ресейлік пульмонолог

6890

Ауырғандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 50%-ға көп. 

Пневмония жаз кезіне тән емес – ресейлік пульмонолог

COVID-19 індеті жаппай тараған кезде неліктен пневмония да күрт өсті? Екеуінің бір-біріне қатысы бар ма? Ал елде ПТР тестілеуі нәтижесінде коронавирус табылмаған науқастарға пневмония диагнозы қойылуда. 

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, өткен алты айда 100 мыңдай отандасымыз осы дертке шалдыққан. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 50%-ға артық.

Осы орайда, Қазақстанда коронавируспен күресіп жатқан ресейлік дәрігер өз ойымен бөлісті. 

Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің "Фтизиопульмонология және инфекциялық аурулар жөніндегі ұлттық медициналық зерттеу орталығы" федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесінің пульмонологі, медицина ғылымдарының кандидаты Евгений Поповтың айтуынша, статистикалық мәліметтерді салыстыра отырып та аурудың COVID-19 індетіне қатысы бар екенін байқауға болады.

"Қазіргі пневмонияның барлығы әлеуетті түрде коронавирус инфекциясы саналады. Өйткені эпидемиологиялық көрсеткіштерге қарасақ, пневмония жаз кезіне тән емес. Қарапайым статистикалық мәліметтерге зер салып, өткен жылы қанша пневмония болғанын біле аламыз. Деректерді салыстырып, есептеу арқылы COVID-19 инфекциясының таралуын білуге болады. Өкінішке қарай, науқастардың барлығының тестілері коронавирусті көрсетпеді. Алайда аурудың клиникалық сипаты, зақымдану көлемі, компьютерлік томография көрсеткіштері бірдей дерлік. Ол қанша пайызының зақымданғанына, аурудының қиын өтуіне және қосымша коморбидті жағдайдың болуына байланысты", – деп түсіндірді ресейлік пульмонолог.

Медициналық зерттеу орталығының маманы қазіргі пневмонияны коронавирус індетінен болған ауру ретінде автоматты түрде қарастыру қажеттігін алға тартты.

"Сондай-ақ, бұл адамның сырқаттанғанына қанша күн өткеніне де байланысты болады. Өйткені адамдар компьютерлік томографияны немесе кәдімгі рентгенографияны әртүрлі күні жасайды. Сондықтан сырқаттың ауырлығы, оған берілетін дәрі-дәрмектердің көлемі адамның нақты қанша күн ауырғанына және зақымдану ауқымына байланысты тағайындалады. Сол себепті, қазіргі біз пневмония деп диагноз қойып отырған аурулардың барлығы дерлік автоматты түрде потенциалды коронавирус пневмониясы ретінде қарастырылуға тиіс" – деп атап айтты Евгений Попов. 

Вице-министр Людмила Бюрабекованың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) атипиялық пневмония салдарынан болған жағдайларды Covid-19 ресми статистикасына қосу жөнінде сұрау жолдаған.

"Қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні ДДСҰ ұсынысы бойынша статистикаға тек ПТР тесті анықтаған жағдайлар ғана енгізіледі. Дегенмен деректерді саралап жатырмыз. Сұрау жолдадық, жақын арада ДДСҰ-дан жауап аламыз әрі келіссөздер өткізу барысында назарға алынатын мәліметтерге қол жеткіземіз. Статистика мен есепке алуда әр елдің өзіндік жолы бар. Біз оны барлық елдермен қатар бірізді еткіміз келеді", – деді Людмила Бюрабекова.

Айта кетсек, Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда коронавирустен де қауіпті әрі өлім-жітім көбірек болатын "белгісіз пневмония" тарап жатқаны туралы ақпарат таратқан болатын. Алайда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дереу көрші елдің елшісімен сөйлесіп, қытайлықтар мәлімдемесін түзеткен.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу