Таяу болашақта теміржолмен жолаушы тасу тараптардың бәріне – халыққа да, мемлекетке де, теміржол тасымалдаушыларына да тиімсіз болып, пойыздар тоқтауы ғажап емес. Пойыз билеттері жыл санап, бұқараға қолжетімсіз болып барады. Мемлекеттен бұл сала жыл сайын көбірек субсидия талап етуде. Ал, тасымалдаушылар бөлінген субсидия шығынды да жаппайтынына шағымданады.
Саланы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мысалында қарастыралық. БҚО территориясы үлкен: 151,3 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Онда бір емес, 194 Сингапур сиып кетер еді. Осы аумақта 1 шаршы шақырымға небәрі 4,5 адамнан келеді, бұл елдегі орташа көрсеткіштен де төмен. 2024 жылғы шілдедегі жағдай бойынша БҚО-да 695 018 адам тұрады.
"Біздің облыс арқылы келесі теміржол маршруттары өтеді: біріншіден, "Алматы-Саратов" халықаралық пойызы. Екіншіден, "Орал–Астана", "Орал–Алматы", "Орал–Маңғышлақ" облысаралық пойыздары. Үшіншіден, "Орал–Семиглавый Мар" және "Орал–Шыңғырлау" ауданаралық пойыздары. Соның ішінде "Орал–Семиглавый Мар" және "Орал–Шыңғырлау" әлеуметтік маңызы бар маршруттарын облыстық бюджет есебінен субсидиялау бағдарламасы іске асырылуда. Оған 2022 жылы – 199,6 миллион теңге, 2023 жылы – 218 миллион теңге жұмсалды. 2023 жылы 67 676 жолаушы тасымалданды. Биылғы 2024 жылға 209 миллион теңге субсидия бөлінген", – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігі.
Бұдан не шығады? Облыс бюджеті 2023 жылы әр жолаушының 1 сапарына 3,2 мың теңгеден аса субсидия төлеген. Бұған қоса, жолаушылар да билет құнын төлейтінін ескерсек, қомақты сома шығатындай. Бірақ тасымалдаушылар мұны қомсынады, аз дейді.
Енді субсидия одан да азайтылмақ. Көлік министрлігі жолаушылар тасымалдаушы компанияларға субсидия төлеу қағидаларын қайта қарау жоспарланып отырғанын жариялады.
Ведомствоның Теміржол және су көлігі комитеті теміржол бағыттарында қызмет көрсететін компанияларға талапты күшейтпек. Жаңа қағида бойынша тасымалдаушының алатын субсидиясының көлемі – жолаушыларға қызмет көрсету сапасына, сондай-ақ пойыздардың жай-күйіне, мысалы, сырты мен ішінің тазалығына, кондиционерлерінің бар болуына және басқа да стандарттық нормаларға тікелей тәуелді болады.
"Теміржол және су көлігі комитетінің өкілдері жолаушылар пойызына кезекті тексеру жүргізді. Бұл жолы мамандар "Түрксіб-Астана" ЖШС-і қызмет көрсететін Қостанай–Алматы бағытындағы №43/44 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар пойызын қарап шықты. Тексеру барысында 14 түрлі бұзушылықтар әшкереленді. Атап айтқанда, жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы сипаты нормаларға сәйкес келмейтіні, санитарлық талаптардың сақталмайтыны анықталды. Кондиционерлер қарастырылған, бірақ онысы істен шыққан вагондардың қатынап жүргені тіркелді", – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Тексеріс қорытындысында тиісті акт жасалды. Тасымалдаушы компанияға тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды 10 күн ішінде жою және оларға ары қарай жол бермеу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Тексерушілер келесі қарау кезінде бұзушылықтарды қайта анықтаса, тасымалдаушы біраз субсидиясынан қағылуы мүмкін.
Өз кезегінде тасымалдаушылар қатты қаласа, тексерушілердің кез келген вагоннан мін таба алатынын айтады. Себебі, елдегі жолаушылар вагондарының тозу деңгейі 53%-дан, жүк вагондарында – 57%-дан асты. Демек, әрбір екінші вагон – ескі-құсқы.
Көлік министрлігі биыл жалпы саны небәрі 140 жаңа вагон пайдалануға берілетінін хабарлады. Бірінші жартыжылдықта соның 60-тан астамы жеткізілген. Елімізде вагондар саны 2,2 мыңнан асатынын ескерсек, 140 жаңа вагон жағдайды күрт жақсартпайтыны даусыз.
Елімізде әлеуметтік маңызы бар тұрақты 110 пойыз қатынайды. Комитет басшылығы олардың жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын қатаң сақтауын назарда ұстауға уәде етті. Жаз соңына дейін комитет қызметкерлері кесте бойынша қалған жолаушылар пойыздарына да тексеру жүргізеді.
Билеттер осылай субсидиядан қағусыз-ақ қымбаттауда. 2024 жылғы 1 қазаннан бастап, пойыздармен қатынау құны 20%-ға көтерілетін болады. Көлік министрлігі хабарлағандай, билет бағасының жоғарылауы бірден 62 маршрутті қамтиды.
"Аталған 62 бағыт облысаралық қатынастарда сапарлайды. Сондықтан республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұдан бөлек, облысішілік қатынастар да бар, олар облыстық бюджеттен субсидияланады. Сондықтан олар жергілікті әкімдіктердің құзырында", – деп түсіндірді министрлік.
Мысалы, облысаралық және облысішілік бағыттардың басым бөлігін жүзеге асыратын "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының "Қала маңындағы тасымалы" филиалы мамандарының түсіндіруінше, жолаушы таситын пойыздардың табыстылығы төмен, тіпті рентабельді емес болып келеді. Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде солай көрінеді. Жүк тасымалы ғана астатөк табыс әкеледі. Жолаушылар тасымалдаушыларының шығынының бір бөлігі республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін субсидиялар арқылы өтеледі.
Бұрынғы жылдары "Қазақстан темір жолы" тоғыспалы субсидиялау арқылы шығынын өтейтін, тарифі жоғары жүк тасымалынан түскен пайданың бір бөлігі жолаушылар тасымалының шығындарын "жабатын". 2004 жылдан бері қағида өзгерді: жергілікті атқарушы органдар өз бюджетінің мүмкіндіктеріне, таба алған қаражатына және жолаушылар тарапынан жергілікті сұранысқа қарай облысішілік маршруттарға өздері тапсырыс береді.
Осылайша, теміржолмен жолаушылар тасымалдаушылар енді теміржол бағыттарын өздері ашып, өз ұйымдастырмайды, олар тек қызықтырған тендерді ұтып, тапсырыстарды орындайды.
Ашық дереккөздер ақпараты бойынша алдағы 1 қазаннан бастап, келесі бағыттарда билеттер қымбаттайды:
- 75/76 Қызылорда – Петропавл
- 043/044 Қостанай – Алматы
- 327/328 Қостанай – Қарағанды
- 621/622 Қостанай – Арқалық
- 015/016 Алматы – Петропавл
- 117/118 Қызылорда – Павлодар
- 107/108 Жезқазған – Нұр-Сұлтан-1
- 057/058 Орал – Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол
- 55/56 Қызылорда – Көкшетау
- 122/121 Нұр-Сұлтан-1 – Семей
- 109/110 Маңғыстау – Ақтөбе
- 655/656/659/660 Арқалық – Нұр-Сұлтан
- 337/338 Алматы – Достық
- 6907/6906 Алматы – Қапшағай
- 610/609 Қарағанды – Жезқазған
- 6803/6804 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Атбасар
- 6829/6830 Көкшетау – Нұр-Сұлтан – Ерейментау
- 7507/7508 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Көкшетау/Володар
- 7502/7501 Нұр-Сұлтан-1 – Павлодар
- 7556/7553 Нұр-Сұлтан-1 – Қарағанды
- 6857/6858 Қарағанды – Нұр-Сұлтан-1
- 6842/6841 Шалқар – Сексеуіл
- 459/460/942 Өскемен – Жалаңашкөл – Достық
- 001/002 Алматы – Шымкент (Ташкент)
- 003/004 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Алматы 2
- 010/009 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Алматы 2
- 011/012 Алматы – Шымкент
- 025/026 Алматы – Шымкент
- 27/28 Алматы – Орал
- 031/032 Алматы 2 – Павлодар
- 041/042 Алматы – Атырау
- 66/65 Нұр-Сұлтан – Жезқазған
- 67/68 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Өскемен
- 074/073 Алматы – Жезқазған
- 81/82 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Қостанай
- 85/86 Нұр-Сұлтан – Шымкент
- 105/106 Алматы – Петропавл
- 211/212 Алматы – Достық
- 253/254 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Достық
- 007/008 Алматы – Озинки (Саратов)
- 013/014 Алматы – Достық (Үрімші)
- 083/084 Қарағанды – Петропавл (Самара)
- 113/114 Алматы – Петропавл (Қазан)
- 145/146 Қарағанды – Петропавл (Омбы)
- 301/302 Алматы – Локоть (Новосібір)
- 625/626 Атырау – Аксарайская (Астрахан)
- 021/022 Қызылорда – Семей
- 024/023 Ақтөбе – Алматы
- 034/033 Ақтөбе – Алматы
- 037/038 Маңғыстау – Семей
- 045/046 Павлодар – Түркістан
- 047/048 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Атырау
- 053/054 Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Достық
- 77/78 Алматы – Маңғыстау
- 087/088 Алматы – Сарыағаш
- 139/140 Пресногорьков – Павлодар
- 313/314 Атырау – Маңғыстау
- 351/352 Алматы – Өскемен
- 353/354 Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей
- 613/614 Орал – Маңғыстау
- 623/627/624/628 Нұр-Сұлтан – Қызыл-Ту – Петропавл
- 691/692 Ақтөбе – Атырау.
Бұл ретте жекеменшік тасымалдаушылардың да, квазимемлекеттік "Жолаушылар тасымалының" да пойыздарының билеті қымбаттайды.