Полицейлерді кезектен тыс тексерудің егжей-тегжейі жарияланды

1184

Бұл жолы тәртіп сақшыларының IQ деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті де анықталады. 

Полицейлерді кезектен тыс тексерудің егжей-тегжейі жарияланды Фото: akorda.kz

Қазақстандық полицейлердің қызметіне ғана емес, киім-формасына, сыртқы кейпіне, физикалық дайындығы мен мінез-құлқына қатысты көп сын айтылып жүр.

Сондықтан биылғы 2024 жылғы 22 қаңтарда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.

"Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. "Бармақ басты, көз қысты" болмауы керек. Аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз", – деп нықтаған Мемлекет басшысы Президент әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.

Қ.Тоқаев полицейлерді сынға алып, "жүйені түбегейлі жаңартуды" жүктеді. Оның байламынша, бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі "полицияның назарынан тыс қалып" қояды. Оның астарында жемқорлық жоқ па? Алдын алу шаралары жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізілуде: нақты үйлестіру тетіктері жолға қойылмаған.

Қ.Тоқаев қылмыскерлердің құқық қорғау органдарының өз ішінде отырғанын бетіне басты.

"Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей адал деп айта алмаймыз. Араларыңызда ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер әшкереленуде. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай кесірлер бүкіл жеке құрамның жұмысын лезде жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан қуу қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек!" – деп түсін суытты Мемлекет басшысы.

Бұл ретте алдағы тексеріс Президент әкімшілігінің бақылауымен аса қатаң жүреді деп күтілуде. Бірқатар сарапшы Грузиядағы сияқты бүкіл құқық қорғау қызметкерлерін – бірін қалдырмай, тегіс қызметінен босатып, орнына жаппай жаңа адамдарды алуды ұсынып келеді. Сонда кеңес кезінен қалыптасқан ескі дәстүрлер, жазылмаған заңдар мен схемалар, өзара сыбайластық, Президент айтқан "бармақ басты, көз қысты" тірліктер әп-сәтте жоқ болар еді. Бірақ билік мұндай батыл қадамға бара алмады.

Оның орнына ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттау өткізіледі. Ішкі істер министрлігі осыны қарастыратын Президенттің тиісті жарлығының және қағидалардың жобасын әзірледі.

Оған сәйкес, аттестаттаудан тек аяғы ауыр әйел полицейлер, сырқат қызметкерлер ғана босатылады (олар кейін өтеді).

ІІМ хабарлауынша, аттестация 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізіледі.

Аттестаттау кезінде не айқындалады?

Ішкі істер министрлігі кезектен тыс аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді бағалаудың негізгі өлшемшарт-критерийлерін белгіледі.

Оған сәйкес, біріншіден, әрбір полицейдің өзіне жүктелген міндеттерді қалай орындап жүргені, қабілеті, өз жұмысында қандай нәтижелерге жеткені бағамдалады. Сарапшылар тәртіп сақшыларына мысалға, өзіне риза болған халық өкілдерінен, кәсіпкерлерден алған алғысхаттарын, жұмысындағы жетістігі үшін марапаттарын жинастыруға кеңес береді.

Сонымен қатар әрбір қызметкердің тікелей басшысы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысанда, оның "Қызметтік мінездемесін" жазып, ресімдейді. Бірақ оны бірден кадр бөліміне өткізе салмай, аттестаттау өткізу күніне дейін кемінде 5 жұмыс күнінен кешіктірмей мінездеме мәтінімен қызметкердің өзін таныстыруы шарт.

Екіншіден, полицейлер компьютерлік тест, жаттығулар және басқасы арқылы теориялық білімдерінің қаншалықты таяз не терең екенін, практикалық дағдыларының мықты әлде нашар екенін паш етеді.

Бұған қоса, Ішкі істер министрі аттестатталатын қызметкерлерді бағалаудың қосымша өлшемшарттарын белгілейді. Мәселен, Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлер бар. Олардың өзіне жүгінген қазақтілді азаматтарға қалай көмектесетіні беймәлім. Қазақстанға жыл сайын көптеген турист келетіндіктен, ағылшын тілін білгені – қосымша ұпай болса керек.

Кадр бөлімі әр қызметкерге кезектен тыс аттестаттау өткізу мерзімдері туралы ол басталғанға дейін 1 ай бұрын жазбаша хабарлайды. Демек, кітап оқып, интернеттегі ақылды сайттарды ақтарып, фитнес-залда шүмектеп тер төгіп, жан-жақты даярлануға уақыты болады.

ІІМ аттестаттаудың бірнеше сатымен ұйымдастырылатынын мәлім етті. Бірінші кезеңде бұл республикалық науқанға дайындалады.

Екінші аса маңызды кезеңде аттестаттауға жататын барлық қызметкер Қазақстан заңнамасын қаншалықты білетінін көрсетіп, компьютерлік тестілеуден өтеді. Сондай-ақ олардың логикалық ойлау қабілеті, IQ деңгейі және басқарушылық құзырет-қасиеті анықталады.

Үшінші ауыр кезеңде полицейлерден шымырлығы мен физикалық дайындығын, мергендігін паш етіп, дене шынықтыру, атыс даярлығы бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруы талап етіледі.

Тізе дірілдетіп, "толқытатын" төртінші кезеңде қызметкерлерді биік лауазымды тұлғалар мен генералдар кіретін аттестаттау комиссиясы әңгімеге шақырады.

Бесінші соңғы кезең полицейлерсіз өтеді: аттестаттау комиссиялары әрбір қызметкерге қатысты қорытынды жасап, шешім шығарады.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

• қызметкер атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдау үшін немесе жоғары тұрған лауазымға жылжыту үшін ұсынылады;

• атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

• атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;

• атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауысу ұсынылады;

• атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және ішкі істер органдарынан босату ұсынылады.

Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады: қатысқан мүшелер ішінен көпшілігі қай нұсқаға дауыс берсе, сол қабылданады. Кадр бөлімі комиссия шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді. Қызметкер ол шешімге қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қол қойып, танысады.

Аттестаттаудан өтуден немесе өзге, соның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан қызметкерлер қызметтен босатылады.

Комиссия шешіміне "заңда белгіленген тәртіпте шағымдануға рұқсат".

Айтпақшы, тек комиссияның әңгімелесуі ғана емес, полицейлердің дене шынықтыру, атыс нормативтерін тапсыру, компьютерлік тестілеуден өтіп, IQ деңгейін анықтау процестерінің бәрі видеоға түсіріледі.

Сынақтан кімдер өтеді?

Алдымен "сынақты кімдер өткізеді?" деген сауалға жауап іздесек. ІІМ мәліметінше, бұл үшін орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары құрылады. Олардың құрамын Ішкі істер министрі бекітеді. Бірақ бекітпес бұрын, комиссия мүшесі болуға ұсынылғандардың кандидатурасына міндетті түрде Президенті әкімшілігінің келісімін алуы қажет.

Орталық аттестаттау комиссиясының құрамына: Ішкі істер министрі (төраға болады), Бас прокурордың орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Антикор төрағасының орынбасары, ІІМ кадр саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары, ІІМ Штаб департаментінің бастығы кіреді.

2024 жылы кезектен тыс аттестаттауға жататын ішкі істер органдары лауазымдарының тізбесі келесідей.

Орталық аттестаттау комиссиясы келесі лауазым иелерін аттестаттайды:

• Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының, аумақтық полиция департаменттері, Көліктегі полиция департаменті және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері өзіндік қауіпсіздік бөліністерінің орта, аға және жоғары басшы құрамының барлық лауазымдары;

• Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басқарма бастықтары, басқарма бастықтарының орынбасарлары, дербес бөлімдер бастықтары;

• Аумақтық полиция департаменттері мен көліктегі полиция департаменті бастықтарының бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

• ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы және бастығының орынбасарлары;

• Қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық департаменттері бастықтарының орынбасарлары;

• Аумақтық полиция департаменттері мен көліктегі полиция департаменті аппараты басқармаларының, дербес бөлімдері мен бөлімшелерінің бастықтары;

• Қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық департаменттері аппараттары бөлімдерінің бастықтары;

• Аумақтық полиция департаменттерінің полиция басқармалары мен бөлімдерінің, көліктегі полиция департаментінің желілік басқармалары мен полиция бөлімдерінің бастықтары;

• Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бастықтары;

• Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Астана қ.), дипломатиялық өкілдіктерді, үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі, облыстар мен қалалардың мамандандырылған күзет қызметі басқармаларының бастықтары;

• Кинологиялық орталықтың, Автокөлікке қызмет көрсету мекемесінің, "Оңтүстік" және "Солтүстік" әскери және арнайы жабдықтау базаларының бастықтары.

Өңірлік аттестаттау комиссиясы келесі лауазымдар иелерін аттестациялауға жауапты:

• Аумақтық полиция департаменттері және көліктегі полиция департаменті аппараты басқарма бастықтарының орынбасарлары;

• ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бөлім және бөлімше бастықтары, бөлім бастықтарының орынбасарлары;

• Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Астана қ.), облыстық, қалалық, дипломатиялық өкілдіктерді және үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармалары бастықтарының орынбасарлары;

• Кинологиялық орталық, Автокөлікке қызмет көрсету басқармасы, "Оңтүстік" және "Солтүстік" әскери және арнайы жабдықтау базалары бастықтарының орынбасарлары;

• Аумақтық полиция департаменттері және көліктегі полиция департаментінің қарамағындағы бөліністері басқармаларының, бөлімдерінің бастықтары және бастықтарының орынбасарлары;

• Аумақтық полиция департаменттері және көліктегі полиция департаментінің полк, батальон және рота командирлері және орынбасарлары;

• Аумақтық полиция департаменттерінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақтарының командирлері және орынбасарлары;  

• Аумақтық полиция департаменттерінің арнайы мақсаттағы бөліністерінің командирлері және орынбасарлары;

• Аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері аппаратының бөлім бастықтарының орынбасарлары, бөлімше бастықтары;

• Аумақтық полиция департаменттерінің бөлім бастықтары және басқарма, көліктегі полиция департаментінің желілік басқарма және бөлім бастықтарының орынбасарлары;

• Аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері пробация қызметтері бөлімдерінің бастықтары;

• Көліктегі полиция департаменті желілік полиция бөлімшелерінің бастықтары;

• Аумақтық полиция департаменттерінің полиция басқармаларының жанындағы полиция бөлімдерінің бастықтары және бастықтарының орынбасарлары;

• Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері бастықтарының орынбасарлары;

• Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Астана қ.), облыстық, қалалық, дипломатиялық өкілдіктерді және үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлім бастықтары;

• Аумақтық полиция департаменттері және көліктегі полиция департаменті желілік полиция басқармаларының бөлім бастықтары;

• Облыстық, қалалық, дипломатиялық өкілдіктерді және үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы батальондарының командирлері және командирлердің орынбасарлары, рота командирлері.

Қазақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерін мерзімді аттестациялау 3 жылда бір рет, жергілікті деңгейде өткізіліп тұрды.

Кезектен тыс, кең ауқымды алдыңғы тексеріс 2012 жылғы мамыр мен маусым аралығында өткен еді. Ол сынаққа 75 мыңнан астам қызметкері түсті. Қорытындысында 85%-ы лауазымдарына сәйкес келеді деп танылған. Қалғандары – қызметінен босатуға, лауазымында төмендетуге немесе басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды.

"Кезектен тыс аттестациялау біздің бүкіл жүйемізді бір сілкіп, оны кадрлық балласттан, масылдардан арылтуға мүмкіндік берді. Аттестация – бұл қатарымызды біліксіз қызметкерлерден тазартудың және ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін жақсартудың пәрменді тетігі", – деген болатын сонда Ішкі істер министрінің орынбасары, кейін өзі де ІІМ-ді басқарған Ерлан Тұрғымбаев.

Президенттің таяудағы алқа отырысындағы қатаң сынын ескерсек, сол сынақ та ведомство қатарын тазарта алмағанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу