Шығыс Қазақстанның Үржар ауданына қарасты Мақаншы полиция бөлімшесінде 33 жастағы жігіттің қайтыс болуы жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Әуелі облыстық полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев Өскеменнен арнайы барған болатын. Кеше таңертең облыс әкімі Даниал Ахметов Қаратұма ауылындағы қара жамылған үйге барып, халықты сабырға шақырып қайтты. Тұрғындардың айтуынша, Даниал Ахметов 10 күннің ішінде жағдайды тұрақтандыруға уәде беріп кетіпті. Бұл сапары туралы әкімнің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында ақпар берді.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет таратты. Ресми дерекке сенсек, департамент басшысы әлі де Үржар ауданында жүрген көрінеді. Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізген ішкі қызметтік тергеу қорытындысы бойынша кінәлі деп танылған үш адам тәртіптік комиссияның шешімімен ішкі істер органдарынан "жағымсыз себептермен" шығарылған. Олар қазір қамауда.
"Сонымен қатар ШҚО Полиция департаменті бастығының бұйрығымен мемлекеттік қызметке нұқсан келтіргені, "Құқық қорғау қызметі туралы" ҚР Заңының талаптарын сақтамағаны, сондай-ақ бағынышты қызметкерлердің қызметтік жұмысына және тәртібіне тиісті бақылау жасамағаны үшін Үржар ауданы полиция бөлімінің екі басшысы ішкі істер органдарынан босатылды", – деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
"1-2 сағатта келем"
Inbusiness.kz зардап шегуші тараптың пікірін білу үшін қайтыс болған Азамат Оразалының туыстарымен, ауылдастарымен байланысқа шыққан. Марқұмның туған інісі Дархан Оразалы кінәлілердің үшеуі ғана қамауға алынғанына наразылығын білдірсе, көршісі өзінің жолдасы да сол күні полиция өкілдерінен таяқ жегенін айтты.
Дархан Оразалы 17 қазан күні сағат 11.30-да ағасы Азаматпен Семейден телефон арқылы сөйлесіпті. Ал оқиға сол күні түстен кейін сағат екі мен үштің ортасында болған көрінеді.
"Үйден шығарда анамызға бір сиыры ауырып қалғанын, соны сатып жіберуге баратынын айтыпты. Әлгі сиырды ауыл шетіндегі өзен жағасында сойып жатқанда полиция қызметкерлері келіпті. Қасында мал бағысып жүрген тағы бір жігіт болған. Ағам полиция қызметкерлерін жақсы танитын. "Жүр сөйлесейік" деген екен, Азамат ойында ештеңе жоқ, мәшиненің алдыңғы орындығына отырған. Малшы бауырымыз Азаматтан "үйдегілерге хабарласайын ба" деп сұрапты. "Қажеті жоқ, 1-2 сағаттан кейін келем" депті. Азаматпен бірге ауылдың тағы екі жігітін алып кеткен. Полиция қызметкерлерінің қолында бір видео болыпты. Онда үш жігіттің жылқы сойып жатқаны түсірілген. Үшеуі де ауылдың қасапшы жігіттері ғой. Елдің сатқан малын сойып беріп жүретін. Мал сойғызған кісінің ұлы да полицияда істейді екен. Әлгі видеоны ұлына жіберген. Содан ол жедел уәкілдердің қолына тиген. Үшеуін әкелген соң, сол видеоны көрсетіп, "Кеше көрші ауылдан жылқы жоғалған. Соны сойып сатыпсыңдар ғой" деген. Сонымен ұрып-соғып, сұрақтың астына алған. Азаматпен бірге барған жігіттердің айтуынша, оларды да ұрып-соғып қинаған", – дейді Дархан.
Мәйіт тыққан кабинет
Қаралы хабар Азаматтың үйіне 17 қазан күні кешкі сағат 20.00-де жетіпті. Дарханның айтуынша, суық хабар ауыл тұрғындарын да бейжай қалдырмаған. Әлеуметтік желіге тараған әшкере видеолар осы кезде түсірілген екен.
"Ағам – істемеген ісін істедім деп айтпайтын жігіт. Жаны шығып кеткенше мойындамаған ғой. Осы шу шығып, халық көтерілгеннен кейін "Бізді де ұрды, бізді де қинады" деп басқа да жәбірленушілер шығып жатыр. Сонымен ағамды кешкі сағат 17.00-де жәбірлеп, өлтіріп тастаған. Ауылдағылар ол туралы 20.00-ге таяу естиді. Ауылдың жігіттері жиналып, Мақаншыдағы полиция бөлімшесінің ғимаратының алдына жиналады. Ешкім мән-жайды түсіндіріп айтпай қойған соң, есікті бұзып кіреді. Тұрғындар бұзып кіргенде, полиция бөлімшесіндегі қызметкерлер тайлы-тұяғымен артқы есіктен қашып кетеді. Жігіттер әр кабинетті өз беттерімен аралап жүріп мәйітті табады. Ардақ Қалиев деген жедел уәкілдің кабинетіне тығып қойыпты. Осы арада Үржардан Мақаншыға полиция қызметкерлері келіп жетеді", – дейді марқұмның інісі.
Дархан ағасының өліміне 6 бірдей полиция қызметкерінің қатысы бар деп отыр. Ал қамауға тек үш адам ғана алынған. Күдіктінің біреуі қашып жүр деген дерек бар.
"Төрт тәулік бойы халық есік алдымызда күзетіп тұрды. Ағамның жамбасы жерге тигеннен кейін бүкіл ауыл болып жиналып бардық. Бізді аудан әкімі мен облыстық полиция департаментінің басшысы тоқтатты. Күдікті полицейлер жұмыстан ғана босатылған екен. Біз мына жақта есіміз шығып жатқанда олар 4 күн бойы бостандықта жүрген ғой. Кеше тура халықтың күшімен ғана үшеуін қамады. Ал біреуі қашып үлгерді деп отыр. Егер қылмыс болған күні қамаса, ешқайсысы қаша алмас еді. Негізі ағамның өліміне 6 полицейдің қатысы бар. Осы жерден 5 қызметкер келіп, екі көлікпен алып кеткен. Ауыл шетінен әкеткенде Азаматтың жанында ешқандай құжаты да болмаған. Жедел уәкілдердің қолында да прокурордың санкциясы болмаған. Араласып жүрген жігіттер болған соң, қорқаулық жасамайды деп ойламаған ғой", – дейді ол.
Дарханның сөзіне сенсек, Азамат Оразалы бұған дейін мал ұрлығы бойынша ешқандай іске тартылып көрмепті.
"Ол түгілі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл да алып көрмеген адам еді. Жұмысын адал істеп, ешкімде қақ-соғы жоқ жүретін, өз-өзіне сенімді жігіт болатын. Полицейлерге бағынбайтын. Өйткені бағындырып, бопсалайтындай қылмысы жоқ еді. Оларға бұл жігіттің сонысы ұнамады деп ойлаймын. Менде ағамның мәйітінің суреттері бар. Бірақ оны сіздерге бере алмаймын. Сол суреттер-ақ Азаматтың азаптаудан өлгенін айтып тұр. Денесінің бәрі гематома. Беттері, бүйрегі ісіп кеткен. Иегінің тура ортасына сырылған сызат бар. Сараптамаға кетті ғой. Менің шулатып жібергенім, сараптаманың да әділ жасалатынына күмәнім болды", – дейді марқұмның інісі.
"Бейтарап аймақтағы" белгісіз жылқы
Ол күмәннің мәнісін Дархан шекарадағы түсініксіз жайттармен түсіндірді
"Ағам полицейлердің қолынан өлгендіктен, халық мені алға шығарып, мәселе көтертіп отыр. Халықтың талабы, аудандағы құқық қорғау саласындағы адамдардың бәрі түбімен жемқор деп ойлайды. Полиция бастығы бар, прокуроры бар, соты бар, Өскеменнен келіп жатқан полковнигі бар, бәрі сыбайласқан дейді. Жазда Алакөлге кімнің келіп, қалай демалатыны бір ауданда тұрып жатқандықтан, бәріне аян. Күдікті қызметкерлерді халық талап еткеннен кейін ғана қамауға алды. Оған дейін неге қамамағанын сұрасақ, "Олар қолына кісен салып, қамай салатын мал емес қой" деп жауап береді. Сонда бірін егіс басынан, бірін ауыл шетінен тиеп әкететін ауыл халқы мал ма? Үш күдіктіні халық шулағаннан кейін ғана қамады. Біреуі қашып кетті деп отыр. Ол қашып кеткен жоқ. Олардың ұрлықтан жиналған пәленбай бас жылқысы бар. Қытай мен Қазақстан шекарасының ортасында "бейтарап аймақ" дейтін аумақ бар. Ұрлаған жылқы сол жерде жайылып жүреді. Ол жерге халық кіре алмайды. Өздері ғана кіріп-шыға алады. Біздің ауылдың екі жылқышысын осылайша қинап, ұрып-соғып қол қойдырып алған. 4 жыл болды, сол шекараның ортасындағы жылқыны бағып, құл боп жүр. Ешқайда кете алмайтындай етіп тастаған. Мен мұның барлығын сіздер шығарсын деп айтып отырмын. Осының бәрінің беті ашылатын болғандықтан, төртінші күдіктіні қашырып жіберуі мүмкін", – дейді.
"Ауамен ұру" тәсілі
Марқұм Азамат Оразалымен бірге тергеуге алынған екеудің бірі Қайрат Жазыбаев деген көршісі екен. Оған хабарласқанымызда, жұбайы Айгүл Жазылбаева полицейлердің кесірінен күйеуінің құлағы естімей қалғанын айтып, өз нұсқасын баяндады.
"Мен марқұм болған Азаматтың көршісі Қайрат Жазыбаевтың әйелімін. 17-сі күні түскі 14.00 кезінде үйге Қайратты іздеп келді. Ол кезде күйеуім егістікте жүрген. Елдің техникасын айдап ақша табатын кәсібі бар. Малға ешқандай қатысы жоқ. Іздеп келген адамдардың ішінен өз аулымыздың учаскелік полицейін ғана таныдым. Қасында қап-қара біреу отырды. Өзінің атын да, кім екенін де таныстырған жоқ. Кім, не үшін іздеп жүргенін сұрап едім, учаскелік полицей бір-екі ауыз сөз ғана сұрайтындарын айтып, телефон нөмірін сұрап алды.
Сағат 15.00 кезінде комбайнның иесі маған телефон шалып, Қайратты шемішке орып жүрген жерінен учаскелік полицей мен тағы бір қызметкер алып кеткенін айтты. "Ауылдағы медициналық медпунктке бар, участковый Манаттың кабинетінде шығар" деді. Мен үйден жүгіріп жеткенше олар Мақаншыға кетіп қалыпты. Қайратпен бірге Айдын Қанағатов деген жігітті бөлек мәшинемен әкетіпті. Мен ол кезде Азаматтың да болғанын білген жоқпын. Дереу комбайнның иесіне барып, сағат 15.30-да Мақаншыға келдік. Олардың әуелі осы Қаратұмада қамаған ғой. Сол кезде Ардақ деген бала ұрыпты. Құлақтан ауамен ұратын әдіс болады екен ғой. Өмірі ауырып көрмеген адам кеше жаназаға әрең барды. Басы ауырып, бір құлағы естімей қалды. Көршіміз қара жамылып жатқанда, дау қуып жүре алмадық. Енді дәрігерге қаратып анықтама алмақшымын. Сол күні-ақ дәрігерге баруымыз керек еді. Енді сол ұрған Ардақ Қалиевтің үстінен арыз түсірейін деп отырмын", – дейді Айгүл Оразалы.
Бөлімшеге келгенімен, әуелде күйеуі туралы жібі түзу ақпарат алудың өзі қиын болған көрінеді.
"Мақаншыға барсақ, Айдын Қанағатов екеуін бірінші қабатта ұстап отыр екен. Телефонын алып, өшіріп тастапты. Күйеуімнің амандығына көз жеткізу үшін көрсетуін талап еттім. Өзімді сүйреп сыртқа алып шықты. Өңкей маска киіп алған полицейлер дұрыс жауап бермей қойды. Учаскелік полициядан сұраңыз дей берді. Біраз күтіп, ақыры ауылымыздың учаскелік полицейі Манатқа хабарластым. Біраздан кейін ол келді. Мен күйеуіммен тым болмаса телефон арқылы сөйлестіруін талап еттім. Қайратпен сөйлескенде ұрды ма деп сұрап едім, "ұрған жоқ, бірақ Манат қасымызда тұр" деді. Мен білсем, күйеуімді Қаратұмада ұрған. Азаматты сұрап едім, оны көрсетуден бас тартты. Жалғыз сендер емес, көп адам тергеліп жатыр деген соң, сеніп қалдық. Өстіп тұрғанда бөлімшеге "жедел жәрдем" көлігі келіп, екі адам асығыс ғимаратқа кіріп кетті. Күйеуіме бірдеңе болған екен деп шошып кеттім. Соңдарынан жүгіріп едім, сол кезде Манат күйеуім мен Айдынды ертіп келе жатыр екен. Ақыры күйеуім мен Айдынды шығарып алып кеттім. Ал Азаматты әлі тергейтіндерін айтып босатпай қойды. Учаскелік полицей өзім үйіне жеткізіп салам деген соң сөзіне сеніп, кетіп қалдым. Бұл шамамен кешкі сағат 17.30-18.00 кезі болатын. Үйге алты жарым кезінде жеттік", – дейді марқұмның ауылдасы.
Әңгіменің соңында Дархан Оразалы Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовке 3 күн бойы қара жамылған әулеттің жанынан ұзамай, сүйеу болғаны үшін марқұмның отбасының атынан алғысын жеткізуімізді өтінді.
Есімжан Нақтыбайұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!