"Полиция көрсем бойымды үрей билейді" – Екібастұздық мұғалімнің оқиғасы

5029

Олжас Жанабілов – Екібастұз қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі. Анығы, мұғалімі болған...

"Полиция көрсем бойымды үрей билейді" – Екібастұздық мұғалімнің оқиғасы

Ол Жаңаөзен халқы 2 қаңтарда митингке шыққанын естіп, екі күндей не болғанын ақпарат көздерінен көрген. Қаңтардың төртінде өз қаласының тұрғындары жиналып жатқанын біліп, қолдау көрсетуге алаңға барған.

Алайда небәрі 15 минутқа созылған бұл қадамының арты соншалықты шиеленіске апарып соғарын еш ойлаған емес.

Inbusiness.kz тілшісі мұғалімнің бастан кешкендерін баяндайды.

"Әкімдікті басып алуды ойладым деп айтасың"

"Жаңаөзендіктер өздері үшін ғана емес, жалпы халықтың мүддесі үшін көшеге шықты. Мен жаныма ешкімді ертпей, ешкімді үгіттемей, қолдауға жалғыз бардым. "Еститін үкімет" туралы жиі айтылатындықтан әрі "Жыламаған балаға емшек жоқ" деген халық даналығына сүйеніп, ел қатарлы қымбатшылыққа наразылығымды білдіруді ойладым. Алаңда қала әкімі болды, кей адамдар жанына таяп жеке мәселелерін де айтты. Мен шамамен 15 минуттай тұрған соң митингтен ештеңе шықпайтынын түсініп, үйге қайттым", – дейді Жанабілов.

Арада алты күн өткенде оған полиция қоңырау шалып, бөлімшеге алып кеткен. "Құқық бұзушылыққа бармаған", "қыру-жою туралы ұран тастамаған" ол өзіне сенімді түрде сыртқа шығып, еркімен еріп жүрген.

"Полиция ғимаратының артқы есігінен кіргізді. "Қолыңды қалтаңнан" шығар деп, дереу дөрекі қатынасқа көшіп алды. Дәлізде бірнеше адамды қабырғаға қаратып қаз-қатар тұрғызды. "Бізге қарсы шыққыларың келді" деп төпелеп ұруды бастады. Бірдеңе деп қарсыласу тіпті мүмкін емес еді", – дейді Жанабілов.

"Таяқтап" болған соң қолдарына ақ парақ берген.

"Жаз, жаз" деп жан-жақтан анталағанда ештеңе миыма кіріп шықпады. "Қазір видеоға түсіреміз, әкімдікті басып алуды ойлағаныңды айтасың, әйтпесе позорыңды шығарымыз" дегенде не істеу керегін білмедім. Солай еш жазуы жоқ, жолақ-жолақ сызығы бар параққа "келісемін" деп қол қоюға мәжбүрледі. Қол қоймасам, тағы да соққыға жығатынын білдім. Мұндай қысымның астында тұрып басқаша әрекет ету мүмкін де емес еді", – деп еске алады ол болған оқиғаны.

Мұғалім 10 қаңтар күні кешқұрым қамалып, ертеңінде кешкі алты шамасында бостандыққа шыққанға дейін тамақ ішпеген.

"Сұрап су ішу, сұранып әжетханаға бару – қиямет. "Бұтыңа жібер", "бөтелкеге ...", – айтатындары кілең боқауыз.

Сот жылдам өткізілді. 91 800 теңге айыппұл төлеуім керегін айтты. Қолыма ешқандай қағаз ұстатпады. Қандай бап бойынша айып таққанын да білмеймін", – дейді Жанабілов.

"Жұмыстан шықтыңыз"

"Кеше, 17 қаңтарда ақырғы сабағымды беріп, еңбек кітапшамды алып жұмыстан кеттім, әрине еркіммен емес. Қазір "күнделік" порталына кіруге рұқсатым жоқ екенін байқадым", – деді мұғалім.

Мектеп басшылығы оның қолына еңбек шартын бұзу туралы хабарлама ұстатқан.

"Жұмысқа кіргеніме, міне, тура бір жыл болды. Сол сәтті пайдаланып, келісімшарт уақыты тәмамдалды деп сылтауратып отыр. Өз еркіммен кетуге өтініш жазбайтынымды біледі. Артық сөз айтпай, осылай істеді. Полиция бөлімінде қамауда болғанымда сондағылар жұмыс істемейсің енді деп айтқан", – дейді мұғалім.

Алайда әлеуметтік желіде "Павлодар облысында мұғалімдер қудаланып жатқаны" туралы айтыла бастаған тұста аяқ астынан Жанабіловті жұмыстан шығару бұйрығының күші жойылғаны хабарланады.

"Басшымыз жұмысқа қайта кел деп айтқан жоқ. Мектеп қызметкері мессенджерден бұйрықтың күш жойылғаны туралы жазыпты. Бірақ нақты ма, жоқ па – білмеймін. Басшылықтан хабарласып, шақырып жатса жұмысқа барамын. Өйткені бала-шағамды асырауым керек", – дейді ол.

Оны жұмыстан шығарған-шығармағанын нақтылауға облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына байланыстқа шықтық.

"Анық-қанығын айтамын. Өзім зерделеп алайын", – деп жауап берді Болатханұлы.

Түйін

"Салыстырмалы түрде бірге қамалғандардың ішінде мен аз қиындық көрдім. Қала сыртындағы ауыл адамдарын алып келіп бас-көз демей ұрғанын білемін. Жол бойы таяқ жегендерін айтады. Саусақтары барбиып ісіп кетіпті.

Менің екі дипломым бар. Біріншісі тау-кен ісіне байланысты, бірақ "конторлық" мамандық. Оған оңайлықпен жұмысқа ала қоймайды. Таныс-тамыр болмаса... Өзім қиындықты көрдім, болашақта балаларым көргенін қаламаймын. Сондықтан әділ сөзді бүгіп қалмау керегін түсіндім. Халық үндемесе, бар жағдайы керемет дегенді білдірмейді.

Бүгін өз арымның алдында адал екенімді білемін. Сырттап қалмай, елге қолдау көрсеттім және де бүлік шығарып, ештеңе қиратқан емеспін.

Бірақ... көшеде полиция көлігін көрсем, бойымды бір үрей билейтін болыпты. Олардың істеген ісінен кейін... басқаларға жауап бере алмаймын, өзімнің бойымда жаман сезім пайда болады. Бұрын оларға мән бермейтін едім.

Шыққаннан кейін дәрігерге қаралмадым. Өйткені ол жақта да полиция алдыңнан шығады екен. Жуықта бір хабар оқыдым: бір жігіт қаралуға барғанда полиция ұстап алыпты, сосын ол ақ халат киіп қашып құтылған екен...", – дейді Олжас Жанабілов.

P.s. Мақала жазылып болғанда облыстық білім басқармасының басшысы мұғалім жұмысқа қайта қабылданғанын хабарлады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу