Қазақстанда азаматтардың орташа айлық атаулы жалақысы 140 мың теңгеден асып кетіпті. Бұл ақпарды биылғы жылдың жартысының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары шығарылған үкіметтің бүгінгі отырысында еліміздің қазіргі бас экономисті Тимур Сүлейменов жария етті.
Осыдан бірнеше жыл бұрын айырбас бағамы 1 АҚШ доллары үшін 155 теңге тұрғанда, бұл сан шынымен таңдай қақтыратын еді, себебі, ол жағдайда 900 долларлық орташа жалақы көрсеткішімен Қазақстан тіпті кейбір дамыған елдермен теңесіп қалар еді. Айталық, қазір Испанияда төменгі жалақы 655 еуроны құрайды.
Бірақ қазір бағам басқа, ал ол бойынша бұл сома 400 доллардан сәл ғана асады. Әрине, оның үстіне бұл – "ең төменгі жалақы" деңгейі емес, ел бойынша орташалап алынған сан. Сондықтан 30-40 мың айлығы шайлығына әзер жететін көптеген қазақстандықтар үшін бұл жалақының өзі арман.
"2017 жылдың қаңтар-маусым айларында орташа айлық жалақы атаулы шамада 1,9 пайызға өсіп, 140,8 мың теңгеге жетті. Жұмыссыздық деңгейі маусым айында 4,9 пайыз деңгейінде сақталды", – деп баяндады ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Ары қарайғы сөзінде ол көркем көрсеткіштер тізбегін жалғастырды.
Министрліктің дерегінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,2%-ға өсіпті.
"Қазақстан экономикасының дамуына биржалық тауарларға баға ахуалының тұрақтануы, Қазақстанның негізгі сауда серіктесі елдеріндегі экономикалық белсенділіктің артуы, сонымен қатар әлемдік экономиканың өсімі ықпал етті", – деді Тимур Сүлейменов.
Бұл күйзелістен елді кәсіпкерлер сүйреп шығаруда. Іскер жандардың, халықтың еселі еңбегінің арқасында жыл басынан бері өнеркәсіпте 7,8%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде 3,1%-ға өсім байқалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9%-ға артты. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11%-ға ұлғайтылды.
Өндірістік сектормен қатар, қызмет көрсету саласы мен бөлшек саудада да өсім байқалады. Еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай сақталып отыр. Еліміздің халықаралық қоры 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 1,9% ұлғайған.
Бірақ жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Себебі, бүкіл әлем жұртшылығының кез келген елдің өсу қарқынын бағамдауына негіз болатын ЖІӨ көрсеткіші жыл соңына дейін өзгеріп, төмендеп кетуі мүмкін.
"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, әріптестер! – деді осы орайда үкімет мүшелеріне қайырылған ұлттық экономика министрі. – Біздің экономика өсуін жалғастыруда. Бірақ бір мәселеге назар аудара кеткенім жөн. Соңғы бес жылға жүргізілген талдау көрсеткеніндей, Қазақстанда ЖІӨ-нің шамамен 60 пайызы әр жылдың 3-ші және 4-ші тоқсанында қалыптасады. Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысында ЖІӨ жалпы алғанда 1 пайыздық өсім көрсеткені мәлім, соның ішінде былтырғы жылдың бірінші жартысында ЖІӨ өсімі небары 0,1 пайыз ғана болды. Екінші жартысында бұл қарқын үдеп, 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,6 пайызға дейін артты. Сондықтан экономика дамуының ағымдағы төрт пайыздық динамикасын сақтау үшін үшінші тоқсанда ЖІӨ 4,1-4,3 пайызға өскені керек. Осыған байланысты алдымызда бұрынғыдан да үлкен міндеттер тұр. Министрліктер мен әкімдіктер мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асыру қарқынын баяулатпай, үдете түсуі және инвестициялар тарту көлемін арттырулары, сондай-ақ бизнестің белсенділігінің өсе түсуіне көмектесуі қажет" – деді ол.
Ал қаржы саласындағы бизнестің ахуалы туралы баяндаған ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков қазақстандық банктердің өзара бірігудегі белсенділігі артуы мүмкіндігін білдіріп қалды.
"2017 жылғы 5 шілдеде "Қазақстанның халықтық жинақтаушы банкінің" "Қазкоммерцбанк" АҚ-ы акцияларының бақылаушы пакетін сатып алуы бойынша мәміле аяқталды. Салымшылардың, кредиторлардың, инвесторлардың барлық құқықтары мен заңды мүдделері сақталды. Біз сондай-ақ банк секторының ары қарай топтаса түсуінің жалғасатынын күтіп отырмыз. Біздің ойымызша, бұл саланың тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді", – деді ұлттық банк басшысының орынбасары.
Айта кетелік, аталған мәміле нәтижесінде "Халық банкі" "Қазкомның" 96,81% қарапайым акцияларын өз меншігіне қаратты. Бұл биылғы жылғы екінші ірі бірігу болып табылады. Оның алдында, сәуір айында "ЦентрКредит банкінің" акционерлері ауысты. Қазіргі кезде бұл банктің "Цеснабанкпен" қосылуы күтілуде.
Жалпы, бүгінгі үкімет отырысында жазғы каникул маусымының ықпалы сезіліп тұрды. Біріншіден, бірінші басшылары жазғы демалысқа кетсе керек, министрлер кабинетінің апталық басты жиынында бірқатар ведомстволардың жетекшілері емес, олардың орынбасарлары баяндап, өз салаларының жартыжылдық қорытындыларын шығарды. Екіншіден, бұл жиын биылғы ең қысқа отырыстардың бірі болды және жарты сағаттан сәл ғана ұзады. Бұған қоса, үкімет мүшелері де, бейнебайланыспен қосылған аймақтардағы әкімдер де сауал қоюдан бойын аулақ салды. Нәтижесінде, премьердің: "Қане, кімнің қандай сұрағы бар?" деген сауалы ғана баяндамалардан кейін орнаған тым-тырыс тыныштықты жарып өтіп, бірақ жауап таппай тыншумен болды.
Ал тағы бір көрініске үкімет басшысының өзіне араласып, тиюға тура келді. Қаржы министрлігі атынан жартыжылдық қорытындысын Бақыт Сұлтановтың орынбасары Берік Шолпанқұлов шығарған болатын. Алдын ала әзірленген баянжазбаны судырата оқып жатқан вице-министрді кенет премьер Бақытжан Сағынтаев кілт тоқтатты:
"Мен сіздің сөзіңізді үзейін. Сіздің баяндамаңызды сүйемелдеген слайдтар биылғы бірінші тоқсан қорытындысын көрсетуде. Сіздегі әріптестеріңіз бірдеңені шатастырып алғанға ұқсайды. Біз мында жартыжылдықтың қорытындысын қарастырудамыз!" деген ескертуден кейін үкіметтің осы отырысындағы ең ұзақ үзік-пауза орнады.
Оны да үкімет жетекшісінің өзі үзді:
"Егер жартыжылдық қорытындыларына арналған слайдтарыңыз жоқ болса, мыналарыңызды көрсетпегендеріңіз дұрыс болады. Біздің қолымызға ұстатқан құжаттарыңызда бір сандар жазылған, слайдтарыңызда мүлдем басқа сандар паш етіледі! Үкімет мүшелерін шатастырасыздар", – деп жүзін суытты Бақытжан Сағынтаев.
"Кешірім өтінемін!" деді қаржы вице-министрі.
Барлық баяндамашыларды тыңдап, отырысты түйіндеген премьер министрліктер мен әкімдіктерге "босаңсымауға" бұйрық берді: "Не надо расслабляться!" деді ол орысшалап.
Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсімнің қазіргі қарқынын ұстап қалу жүктелді.
"Негізгі жұмыстар екінші жартыжылдықтың еншісінде. Осы қарқынды ұстап қалуымыз керек. Біз босаңсымауымыз қажет!", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ бюджеттік қаражаттарды игеруге тұрақты негізде мониторинг жүргізу тапсырылды.
Бақыт Көмекбайұлы