Президент болудан үміткерлер үгіт науқанын жаппай қорытындылады

1779

Саясатты ішінен де, сыртынан да білетіндердің болжауынша, қазірден фаворит, лидер белгілі. Дегенмен, 6 кандидаттың әрқайсысы қандай уәдемен сайлаушыларды өз жағына тартуға тырысты? Қанша жиын, ісшара ұйымдастыра алды? Inbusiness.kz тыныштық күні қарсаңында насихат науқанының қорытындысын шығарды.

Президент болудан үміткерлер үгіт науқанын жаппай қорытындылады

Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың, олардың республикалық қоғамдық штабтарының мүшелері мен сенімді өкілдерінің үгіт жүргізу науқаны ресми түрде 21 қазанда, кешкі 18:00-де басталғаны мәлім. Кандидаттарға қатысты үгіттеулер мен үндеулер бүгін, түнгі 00:00-де аяқталуы шарт. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қ.Тоқаевтың сайлауалды агитациясының көрігін оның үлкен командасы барынша қыздырды. Оның өкілдерінің айтуынша, соңғы екі аптада үгіт жұмыстарының қарқыны 3 есе арттырылыпты. Бір айға жуық уақытта кандидаттың өкілдері еліміздің 20 өңірін, соның ішінде жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының ауыл-аудандарын аралап үлгерді.

Жалпы, үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллионға жуық сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.

"Бір байқағанымыз, Қ.Тоқаевтың командасы сайлауалды үгіт барысында азаматтарды іс басындағы Мемлекет басшысына дауыс беруге көндірумен ғана шектелмеді, олар үшін маңыздысы – халықтың алдағы дауыс беруге көптеп келуін қамтамасыз ету болса керек. Осыған байланысты электоралды таңдауы бойынша айқындалмаған адамдарды өз жағына шығаруға басты назар аударылған", – деген байлам жасады "Альтернатива" Өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарёв.

Дегенмен, сайлаушылар Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен өз бетінше танысу үшін Google-да Тоқаев2022 немесе Токаев2022 деп терсе, кандидаттың toqaev2022.kz сайты ашылмайтынын айтып жатты.

"Осы сайлаудың ашық әрі әділ өтуі мен үшін айрықша маңызды. Үгіт-насихат науқаны кезінде үміткерлерге тең мүмкіндік берілді. Олар аймақтарды аралап, сайлаушылармен еркін кездесті. Ақпарат құралдарын қалауынша пайдаланды. Осылайша, сайлау алдындағы науқанды бәрі бірдей өткізуіне толық жағдай жасалды. Біз әкімшілік ресурстарды пайдаланбауға баса мән бердік. Бұған қатысты арыз-шағым болған жоқ. Барлығы заң аясында өтті. Бұл – өте маңызды", – деді бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өз жақтастарының форумында.

Нұрлан Әуесбаев

Оппозиция өкілі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кандидатының командасы үгіт жұмыстарында айрықша белсенділігімен көзге түсе қоймағаны байқалады. Нұрлан Әуесбаевтың өзі жекелеген үзеңгілестерімен бірге 8 өңірге барып қайтты. Соның ішінде елордада да ұжымдармен кездесті.

Жалпы алғанда, социал-демократтар сайлаушылармен шамамен 30 кездесу және басқа да іс-шара өткізіпті. Ірілеріне тоқталсақ, 5 қарашада, Астанада жергілікті әкімдіктің келісімін алған митинг өткізді: оған жиналғандар тығыз құрылыстың салынуына наразылық білдірді. 

Азаматтар ЖСДП-ның ресми сайты (https://osdp.kz) өз кандидаты туралы ақпаратты сирек бергеніне назар аударыпты: неге екені белгісіз, бір ай ішінде жаңалықтар бөлімінде 6 материал ғана жариялады. Оның соңғысы 3 қарашада шыққан.

YouTube-арнадағы соңғы видеоролик сонау 14 қазанда орналастырылыпты. Бұл ретте ЖСДП-ның Facebook парақшасынан азды-көпті мәлімет алуға болады. 

Сарапшылар бір жайтқа назар аудатады: бұл партия соңғы рет 2016 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысыпты. Сондай-ақ 2019 жылдан бері басшылығын екі рет ауыстырған. 

"БАҚ-та үгіт жүргізілді. Видеороликтер республикалық және өңірлік телеарналарда трансляцияланды. 3 танымал радиостанцияда агитациялық аудиороликтер айналдырылды. Республикалық және өңірлік баспасөзде сайлауалды бағдарламасы, Әуесбаев туралы мақалалар, кандидаттың және оның сенімді өкілдерінің сұхбаттары жарияланды", – делінген осы партияның үгіт жұмыстарының қорытынды есебінде.

Нұрлан Әуесбаев ірі бизнестің активтерін орта кәсіпкерлер арасында бөліп беруді ұсынуымен есте қалды. 

Жигули Дайрабаев

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үміткерінің өзі республиканың 20 өңірінде сайлауалды іс-шарасын өткізіпті. Оның сайлауалды қызметі және үгіт жұмыстары туралы партияның ресми сайты (https://auyl.kz), Facebook парақшасы ақпараттандырды. 

"Ауыл" партиясының дерегінше, сайлау науқанын өткізу барысында еліміздің барлық 20 өңірінде 222 штаб жұмысы ұйымдастырылды. Үгіт-насихат шаралары барлық 88 қала мен 166 ауылдық ауданда өтіпті. Өңірлік штабтар 2500-ден астам іс-шара өткізді. Ал Жигули Дайрабаевтың өзі үгіт тобымен еліміздің 17 өңірінің, оның ішінде республикалық маңызы бар үш қаланың сайлаушыларымен кездесті. 

Бұл кандидатқа да, оның қолдаушыларына да негізінен, ауылдықтармен белсенді жұмыс істеу қолайлы екені аңғарылады. Ауылда халық баяндама тыңдағаннан емен-жарқын шүйіркелесуді, пафосты, асқақ сөздерден тіршілік, тұрмысқа жақын қарапайым мәселелерді талқылағанды жөн көреді.  Кандидат агроөнеркәсіптің өндірістік орталықтарына барып, олардың қызметімен танысты, жұмысшы ұжымдардың тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, ол өңір тұрғындары – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп қызметкерлерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен кездесулер өткізді.

Ақпарат құралдарында хабарланғандай, Жигули Дайрабаев Facebook парақшасында жарияланған видеода халыққа әлеуметтік нанды тегін таратуды ұсынды. Бірақ ол тегін нанды үлкен көлемде кімнен және қайдан алатынын ашып айтпады. Жалпы, кейбір танымал дүкендер, супермаркет желілері дүркін дүркін тегін нан таратып тұрады. Бірақ бұл бастама ел арасында көп бағаланбайды. Халық қазір барлық әлеуметтік маңызды өнім бағасының төмендеуін сұрап отыр. 

Мейрам Қажыкен

Қазақстан кәсіподақтар достастығының үміткері өзі бастап, 14 өңірде 30-дан астам кездесулер мен басқа іс-шаралар өткізіпті. Кәсіподақ қозғалысы экономиканың барлық дерлік басты салаларын қамтитыны мәлім. Сондықтан М.Қажыкен де түрлі ұжымдарды қамтуға тырысты. Әртүрлі кәсіпорындарды және кәсіподақ ұйымдарын аралады. Кандидат әлеуметтік желіде, Facebook-те белсенді болуға талаптанды. Қазақстандықтар оны теледебат арқасында танығанын айтады. 

"Мейрам Қажыкен туған өлкесі – Павлодар облысынан бастап Қазақстанның барлық өңірлерін аралады. Павлодарға үміткер автоколоннаның сүйемелдеуімен шықты. Ол өзінің сайлау науқанын символикалық түрде аяқтады. "Осы уақыт ішінде 14 өңірінде болдым, онда мыңдаған сайлаушылармен: жұмысшылармен, қызметшілермен, студенттермен, зейнеткерлермен кездестім. Жүздеген ұсыныстар мен нақты мәселелерді тапсырмаларды тыңдадым. Өкінішке қарай, 6 облысқа баруға уақыт тапшы болды. Сайлаушылардан кешірім сұраймын" деді кандидат", – деп хабарлады оның штабы.

Кандидат ең төменгі жалақыны, азық-түлік қоржынының құрамын қайта қарауды, зейнетақыны арттыруды, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін әйелдер мен жұмысшылардың зейнеткерлік жасын азайтуды ұсынды. Бірақ Мейрам Қажыкен өзі үшін ең басты міндет азаматтық қоғамды дамыту болып табылады дейді.

Салтанат Тұрсынбекова

"Қазақ аналары – дәстүрге жол" РҚБ атынан президенттік додаға түскен кандидат өз жақтаушыларымен бірге 12 өңірді аралаған және 20-дан астам кездесу өткізіпті. Онда халықтың барлық дерлік санаттары қамтылған, яғни көпбалалы және жалғызілікті аналар, дәрігерлер, студенттер, еңбеккерлер және басқасы бар. 

Кандидат құқық қорғаушы имиджіне лайықты екенін көрсетіп, түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің құқығын қорғауға дайындығын паш етті. Оның сайлау науқаны барысындағы жұмысы туралы ресми сайты (http://www.st22.kz), әлеуметтік желідегі парақшасы хабарлап тұрды. 

"12 облыс және 16 000 шақырым жол. Тұрсынбекованың сайлауалды үгіт науқанының нәтижелері осындай. Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды үгіт-насихат науқанында 12 облыста болды. Штаб ұжымымен бірге 16 000 шақырым жол жүрілді", – деп қорытындылады Тұрсынбекованың штабы.

"Мен әр адамның амандығын қалаймын" ұранымен додаға түскен С.Тұрсынбекова бәсекелестері Мейрам Қажыкен мен Қарақат Әбденмен сөз таластырып, біраз тықсырғанымен ел есінде қалыпты. Өз қарсыласының бағдарламасын популистік деп атаған Салтанат Қарақатқа жарыс жолынан шығып, өз командасына қосылуды, тізе қоса қимылдауды ұсынғаны мәлім.

Кандидат мүгедек-балаларға, сондай-ақ 1-ші және 2-ші топтарға күтім жасайтын әйелдер мен адамдар үшін зейнеткерлік жасты 58 жасқа дейін төмендетуге уәде етті. Ол сондай-ақ еріктілер жұмыс істейтін әлеуметтік бағалары бар дүкендер желісін құруды ұсынды.

Қарақат Әбден 

Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан сынға түскен кандидат 12 өңірді аралапты. Сайлаушыларымен 26 кездесу және басқа іс-шаралар өткізген.

"Сайлауалды насихат науқаны, мiне, мәресiне жетуде. Бiр айға жуық мерзім ішінде ел өңірлерін, үлкенді-кішілі қалалар мен ауылдарды аралап шықтым. Отбасы мен ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарламамды кең байтақ еліміздің азаматтарына таныстырдым. Жастардан ізет көрдім, қариялардан бата алдым. Осылайша, мен өзімнің бағытымның дұрыс екеніне сенімім тек арта түсті. "Отбасы" әлдеқашан халқымыздың басты құндылығына айналған. Шаңырақ, үй – бабаларымыз үшін де киелі ұғым болған. Мақсатым – бабалардан қалған сол қастерлі ұғымды заманауи кейіпке келтіріп, мемлекеттік саясатқа айналдыру", – деп сайлауалды үгіт науқанын өзі қорытындылады Қ.Әбден.

Оның сайлауалды үгіт жұмыстарын ресми сайты (https://abden.kz) жариялап тұрды. Сонымен қатар үміткер әлеуметтік желіде де белсенді болды. Кандидат елді елең еткізген мәлімдемелерімен жұртты жалт қаратуға тырысты. Мысалы, ол шетелдік еркектерге күйеуге шыққан қыз-келіншектерге арнайы салық салуды ұсынды. Бұған қоса, өзіне жала жапқан жекелеген блогерлермен сот залында кездесуге ниетті екенін де хабарлап үлгерді. Жалпы алғанда, Қ.Әбден қазақы құндылықтарды қорғауға, ұлттық мәселелерді көтеруге басымдық бергені байқалады. "Сен қазақсың – мақтан!" деген ұранмен ілгері басқан Қарақат Әбден тек дәстүрлі қазақ мерекелерін атап өтуді және Хэллоуинге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.

Сарапшылар Президенттік доданың сайлауалды үгіт науқаны тыныш, дау, жанжалсыз өткенін басты жетістік санайды. Себебі, 2015 жылғы Президент сайлауы бұқаралық наразылық шараларымен, жұмысшылардың ереуілдерімен қатар жүргені белгілі.

Бұл жолы халық доданы қызығушылықпен, бірақ байсалды күйде қабылдады. Бірде бір кандидат қудаланбады, ақпарат құралдарынан қағылмады. Осылайша, Қазақстанның билігі де, қоғамы да сайлауды науқанды бүліксіз, былықсыз, лайықты, салмақты деңгейде өткізетін деңгейге дейін жетілгенін, саяси мәдениеті кемеліне келгенін паш етуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу