Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте қандай мәлімдеме жасамақ?

4825

Елді Тәуелсіздіктің 30 жылдығында болмаған тың бетбұрыстар мен тарихи өзгерістер күтіп тұруы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте қандай мәлімдеме жасамақ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуінде "11 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлейтінін" және Үкімет содан кейін нақты шешімдер қабылдауға тиістігін мәлімдеді. Ол қандай сөз болмақ? "Интрига" сақталуда.

Бір анығы, 11 қаңтардан кейін Қазақстанда жаңа Үкімет билік басына келеді. Мемлекет басшысы жаңа министрлер корпусының тізгінін қолына алатын тұлғаның кандидатурасын өзі ұсынбақ.

Ал депутаттар Президенттің тарихи, бағдарламалық сөзінен не күтеді?

Елде қалыптасқан жағдайға саяси баға бергені жөн

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Президенттің саяси бағдар жөнінде не айтатынын ынтыға күтетінін жасырмады.

"Бірінші кезекте елде болған жағдайға қатысты нақты, айқын бағасын білгім келеді. Яғни биылғы қайғылы оқиғаға қатысты саяси баға берсе деймін. Елді экономикалық дамыту маңызды. Бірақ қоғам да, сарапшылар да қалыптасқан жағдайдың саяси қырын түсінгісі келеді. Алдымен сол бойынша айқындалып алсақ. Сондай-ақ Үкіметтің мүлдем жаңа құрамы қалыптастырылады деп күтілуде. Оның төл, ерекше күн тәртібі болады, Министрлер кабинетінің жаңа мүшелері жаңа бағдарламалар жазады. Экономикалық өрлеу мәселесін соның аясында да талқылауға болады. Ал қазір қоғамға керегі, менің ойымша, саяси бағаның берілуі. Билік бейбіт шерулерде айтылған барлық сарабдал ұсыныстардың жерде қалмайтынын, ескерілгенін жұртшылыққа нақты паш етуі қажет", – деді депутат.

Мемлекет басшысы: "Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз" дегені белгілі. Сонымен бірге әрине, жаңа экономикалық саясат та ел үшін мән-маңызға ие.

"Саяси өзгерістерді, экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бізге тұрақты экономика керек. Бізге күшті билік, тиімді Үкімет, мықты мемлекет қажет. Қ. Тоқаев бұған саяси ерік-жігері барын анық көрсетті. Бұған дейін біз біраз тақырыпты ашық талқылауға дайын болмадық. Қоғам амалсыз, демагогтер мен популистердің жетегінде кетті. Ал ел іші проблемаларға мелдектей толды. Олардың бәрін ашық айтып, ашық талқылау үшін де мықты билік керек", – дейді А. Сарым.

Мысалы, экономистер елдегі шынайы инфляция көлемі ресмидегіден әлдеқайда көп екеніне және қос мәнді санмен есептелетініне назар аудартып жүр. Үкімет болса, елде баяғыда жоғалған ескі бағаларды есепке алып, көзбояу жасаумен әлек. Тіпті депутаттардың өзі статистика органы басшылыққа алатын бағалардың қай дүкенде екенін білгісі келетінін талай мәрте мәлімдегені есте. 

Мемлекет коррупциядан шынайы арылғаны жөн

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың пікірінше, Қазақстан "рухани тазалыққа зәру", мемлекет ең алдымен жемқорлықтан арылуы керек. Мәселен, жас ұрпаққа мектептерде, балабақшаларда орын жетіспей, балалар да, ата-аналар да қиналады. Үкімет апатты және үшауысымды мектептер проблемасын жеңе алмады, оны шешуді созбалаңға салып жіберді. Халық қалаулылары елге шыққанда, жұрт осы мәселелерге қатысты көп шағымданады. Ал бұл мәселелердің шешілуіне коррупция кедергі: кәсіпкерлерге жергілікті шенеуніктер рұқсат бермейді, жол ашқанның өзінде жобаға әртүрлі "откаттар" еніп кетіп, құрылыс күрт қымбаттайды. Сол сияқты аурухана-емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысының жобаларына "коррупциялық құрауыш" қосылады.

Салдарынан, баспана қолжетімсіз болып барады, жетімбұрыш жағалағандар көбейеді, президенттік ізгі бағдарламалар алға баспайды. Медициналық ұйымдардың жетіспеуі де пандемия кезінде қазақстандықтарды қатты қажытты. Көп адамға үйінде емделуге тура келді. Емханалардан қажетті көмекті ала алмады. Дәрігер қабылдауына жазыла алмады. Медсақтандыруды енгізу кезінде Үкімет уәде еткен игіліктер толыққанды ел қолына тимеді. МӘМС жүйесіне қатыспаған миллиондаған адам денсаулық сақтау жүйесінен шеттетілді. Салдарынан, елімізде медицина толығымен ақылы болып шыға келді.  

Жемқорлыққа шын мәнінде жойқын соққы берілсе, әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, кәсіпкерлік жобалар арзандар еді.

"Жалпы Қазақстанда біраз әлеуметтік мәселе шешімін таппай, қордалануда. Оны біз, парламентшілер, ауыл-аймаққа сапарымызда естіп-біліп, соңынан депутаттық сауалдарымызда, Үкімет мүшелеріне хаттарымызда жан-жақты көтеріп жүрміз. Негізінен, жалтарма жауап келеді. Тағы бір мәселе, Президент өз үндеуінде әсіресе, Алматыдағы қайғылы оқиғаларға байланысты құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көптігін баса айтты. Олай болса, мемлекетті алда құқық қорғау және арнайы органдардың, бүкіл армияның трансформациясы күтіп тұрса керек", – деді Б. Смағұл.

Оның айтуынша, депутаттар біраз уақыттан бері полицияның және Ұлттық ұланның материалдық және қаржылық жай-күйін жақсарту мәселесін көтеріп келеді.

"Біз былтыр бірнеше рет құқық қорғау органдарын, Ұлттық ұланды қаржыландыруды ұлғайту керектігін мәселе етіп көтердік. Қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің басшылығы: "Қаржы тапшы, әрбір бюджеттік бағдарлама мен ұсыныстың орындылығын қараймыз, сараптап көрейік" деген сияқты жалтарма жауаппен соза берді. Жасыратыны жоқ, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы төмендеу. Көбісінің төленбеген кредиттері бар. Білуімше, Ұлттық ұланда контрактідегі әскерилердің еңбекақысы орта есеппен 120-160 мың теңгеден, ал офицерлердің жалақысы – 190-200 мың теңгеден басталады. Жаппай қымбатшылық жайлаған заманда табысы өміріне толыққанды жетпей жатады", – деді Б. Смағұл.

Оның мәліметінше, Ұлттық ұлан жеке броньды қорғанышпен және белсенді қорғаныс құралдарымен – тек 88,6%-ға, броньды танк техникасымен – 85,1%-ға, автомобильмен – 76,2%-ға, авиатехникамен – 60%-ға, тітіркендіргіш әсері бар арнайы құралдармен – бар-жоғы 59%-ға жарақтандырылған. Қару-жарақпен және оқ-дәрілермен – 50,1%-ға, ал байланыс құралдарымен – небәрі 38%-ға ғана жабдықталған.

Енді Президент "арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болғанын" мәлімдей келе, осы мәселелерді шұғыл түрде шешілетінін айтып отыр.

Бақытбек Смағұл елең-алаң күндері бейбіт шеруге шығып, билікке сөзін жеткізбек болғандардың талап-тілегін біліпті. Қысқаша айтқанда, олар біріншіден, "барлық ұрланған ақша шетелден Қазақстанға қайтарылсын" деп ұсынған. Екіншіден, барлық әкімдердің тікелей сайланғанын, үшіншіден, Конституциялық соттың қайта құрылғанын тілейді. Төртіншіден, банк секторын, микроқаржы ұйымдары жүйесін реформалауға қатысты ұсыныстар болған. Сонымен қатар жаңа Еңбек кодексін әзірлеп, қабылдау, жұмыскерлердің жағдайын жақсарту және басқа да әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелер көтеріліпті.

Билік адалдық пен әділдікке жақ болғаны жөн

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның байламынша, кейінгі оқиғаларға байланысты Қазақстан өзгеріп, өз дамуының жаңа белесіне шығуда. Демек ескі сүрлеумен өрге өрлеуге, әрі қарай ескі тәсілдермен дамуға талпынудың өзі әбестік.

"Бұл оқиғалар адамдардың санасын сілкінтті. Билік енді халық алдында адалдығын танытуы қажет. Қанша ащы болса да, қазақстандықтарға шындықты айтып отырған орынды. Жауырды жаба тоқуды, құр мақтанғанды жұрт енді кешірмес. Бұл – бір. Тағы бір ұққанымыз жаңғыруға, билік пен халықтың бірігуіне дәл осындай екінші мүмкіндік енді берілмеуі мүмкін. Ендеше бұл мүмкіндікті билік қалт жібермеуі шарт", – деді А. Құспан.

Сәйкесінше, 11 қаңтардағы "президенттік жолдау" халық үмітін ақтаса, қордаланған проблемаларды ашық атаса, тұрғындардың тұрмысын, әл-ауқатын арттырса, республикадағы жағдайды күрт жақсартса, игі.

Қаржыгер Ерасыл Марат алаяқтықпен, қаржылық қылмыстармен күрес күшейтілуге тиіс деген ой айтты. Әйтпесе, алаяқтар кез келген адамның үстінен несие рәсімдейді, оны әлгі адам коллекторлар қудалап, ЖСО шот-карталарын бұғаттай бастағанда бір-ақ біледі. Бұл азаматтардың мазасын қашырып, зығырданын қайнатады.

"Ел биліктің бұл салада әлсіздігін, әділетсіздігін, әрекетсіздігін түсінді. Қаржылық реттеу агенттігі қауқарсыздық танытып отыр. Полиция алаяқтарды әшкерелеп, ұстай алмайды. Салдарынан, банктер еш жазығы жоқ адамдардан алаяқтар қарызын өндіруде. Келесі мәселе – еліміздің әсіресе, батысы мен оңтүстігіндегі халықтың үлкен бөлігі қаржы пирамидаларына ақша салған, сол үшін қаптатып несие алған. Құқық қорғау органдары қаржы пирамидасының жұмысын тоқтатса болды. Оған мыңдаған адам қарсы шығады. Олар "құзырлы органдар жаппағанда, ең құрыса бастапқы салымшылар мол табысқа кенелетін еді" деп, билікті айыптайды, өкпелейді, өшігеді", – дейді сарапшы.

Айтпақшы, ол пирамидаларды, заңсыз инвестициялық ұйымдарды блогерлер, әншілер, актерлар белсенді жарнамалап жүргені мәлім. Олар сол қарекеті үшін еш жауапкершілік арқаламайды. Тиісінше, бұл тараптағы заңнамада да қатайтуды қажет етеді.

Сарапшылар, биыл "Блогерлер туралы" жеке заң жобасы қабылданады деп тұспалдайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ол туралы бұрыннан аңдатпа жасағанымен, нақты іске көшуге тісі батпады. Ақыры Мемлекет басшысының өзіне қозғау салуға тура келді.

"Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті. Демократия – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферадағы заңға қайшы, арандатушылық емес", – деді Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың мамыр айында қабылданған азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заңға қатысты заңнамалық түзетулер де өмірге жолдама алуы, бейбіт митингілер мен жиналыстарды өткізушілердің жауапкершілік-жазасы күшейтілуі ғажап емес. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев "жауапсыз демагогтардың" барлығын "Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер" деп жариялады және бұдан былай елде "құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданылатынын" ескертті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу