Президент Петербургтегі форумда не айтты

2336

Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда баяндама жасады.  

Президент Петербургтегі форумда не айтты

Азық-түлік тапшылығымен күрес – ортақ міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан XXV Халықаралық экономикалық форумда халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту мәселесін көтерді.

"Халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірінші кезектегі міндеті және факторы болып қала береді. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізіп, азық-түлік шығындарын азайту маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін барлық қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО-ны қоса алғанда, ұлттық деңгейлерде де, өңірлік бірлестіктер аясында да әзірлеу керек. Ынтымақты жұмыс болмаса, осындай өте маңызды салада көзделген мақсаттарға жету қиын. Басқаша айтқанда, шектен тыс инфляциямен, азық-түлік тапшылығымен күрес – біздің ортақ міндетіміз. Қазір және таяу уақытта бізге бұдан маңызды мақсат жоқ, өйткені ол біздің азаматтарымыздың әл-ауқатына тікелей қатысты. Біздің мемлекеттеріміздің әлеуеті нарықтарымызды қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты және толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Инвесторлар құқығын қалайда қорғаймыз

Президент өз баяндамасында Қазақстан инвестициялық бағытта дәстүрлі серіктестерінің алдында өзінің барлық міндеттерін толыққанды орындайтынын айтты.

"Елді ауқымды жаңғырту аясында экономикада монополиясыз және сыбайлас жемқорлықсыз жаңа ойын тәртібін құру қадамдары жүріп жатыр. Осы орайда бірінші кезектегі міндет инвесторлар құқығын, тұрақтылықты барынша қорғау мақсатында кәсіпкерлікті қолдау мен бизнес-климатты жақсарту болып отыр. Біздің дәстүрлі серіктестеріміздің алдында өзіміздің барлық міндеттерімізді толыққанды орындайтын боламыз. Менің ойымша, өңірдегі барлық елдердің тұрақты дамуы үшін ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін айқындап, экономиканың өсуін қалыптастыру керек. Сонымен қатар халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысындағы маңызды міндетті үнемі қаперде ұстау керек", – деді Қазақстан Президенті.

ЕАЭО әлеуетін пайдалану маңызды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың барлық әлеуетін кезең-кезеңмен жүзеге асыру қажет.

"Біздің кездесуіміз саяси және экономикалық құбылмалық артқан ерекше жағдайда өтіп жатыр. Пандемиямен және геосаяси шиеленістің артуымен байланысты жаһандық күйзеліс жаңа нақтылыққа алып келді. Жаһанданудың орнына барлық құндылығымен және табиғи кемшіліктерімен аймақтандыру дәуірі келді. Қалай болғанда да дәстүрлі экономикалық модельдер мен сауда бағдарларының қайта форматталу процесі жеделдей түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп жатыр. Өкінішке орай, көп жағдайда жақсы жағына қарай емес. Көптеген елдегі инфляция ондаған жылдық рекордқа жетіп, әлемдік экономика өсімінің қарқыны баяулауда. Инвестиция мен ресурстарға бәсекелестік өткірлене түсті", – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің пікірінше, экономикалық өсімнің тежеуші факторы климаттың өзгеруі, миграциялық ағынның артуы, технологиялық өзгерістердің жеделдеуі болып тұр.

"Бұл процестердің бәрі назарымыздан тысқары өтіп жатқан жоқ. Жаңа шындық жағдайында әлемдік тәртіптің қарқынды өзгеріп жатқан құрылымын қаперде ұстаған жөн. Біздің өңірдің елдері осы қатерлердің бәріне дұрыс жауап тауып қоймай одан барынша пайда көру маңызды. Сондықтан бізге Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың барлық әлеуетін кезең-кезеңмен жүзеге асыру қажет. Еуразиялық интеграцияны қытайлық "бір белдеу, бір жол" тұжырымдамасымен түйіндестіру өзекті міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа көлік-логистика дәліздерін құру керек

Мемлекет басшысы өз сөзінде бизнес-құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту мен жаңа көлік-логистика дәліздерін құру міндетіне тоқталды.  

"Алдағы онжылдықта Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері сияқты дәстүрлі достастықтағы елдер біздің аймақтың экономикасында ірі инвесторлар бола алады. Қытай қазірдің өзінде Қазақстанның негізгі экономикалық және сыртқы сауда серіктесі болып отыр. Бұл ел соңғы 15 жылда біздің экономикаға 21 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сондықтан Қытаймен көпжақты ынтымақтастықты тереңдету – біздің еліміз үшін аса маңызды міндет. Саяси сәттер ғана өзекті емес, алда бизнес-құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту, жаңа көлік-логистика дәліздерін құру міндеті тұр. Алға бастайтын инновациялық-технологиялық жобалар пулын жасау, үздіксіз көлік-логистикалық тізбектерді құру, түптің түбінде жаһандық экономиканың өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бойынша бірлескен күш-жігердің келешегі бар", – деді Мемлекет басшысы.

Өсімнің көзі – сапалы адами капитал

Президенттің пікірінше, экономикалық өсімнің сенімді көзі – сапалы адами капитал мен сындарлы мәдениетаралық диалог.

"БҰҰ жариялаған Халықаралық мәдениеттердің жақындасу он жылдығы аясында біз еліміздің мәдени алуантүрлілігін сақтау және халықаралық деңгейде өркениетаралық диалогты ілгерілету саясатын жалғастырамыз. Осы жылдың қыркүйек айында елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі өтеді. Біз бұл форумның жұмысына Ресейден діни жетекшілердің қатысуын құптаймыз. Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің қатысуымен жоғары білім беру жүйесін белсенді түрде қайта форматтау жүргізіліп жатыр. Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының дәстүрлерін нығайту тұрғысынан халықаралық академиялық байланыстарды тереңдету ерекше маңызға ие. Бірқатар бірлескен білім беру және мәдени бастамаларды сәтті жүзеге асыру елдеріміздің прогрессивті экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін", – деді ел Президенті.

Жайықтың жайын сөз етті

Президент Петербург форумында Жайық өзенінің экологиялық қиын жағдайы туралы айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінің экологиялық мәселелерін бірлесіп шешуді ұсынды.

"Біз "жасыл" инвестицияларды арттыру мен тиісті жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Экологиялық проблемалар жаһандық сипатта болады және әлемнің барлық дерлік еліне, соның ішінде Қазақстанға да әсер етті. Мәселен өткен жылы жауын-шашын мен өзендердегі судың аз болуынан көптеген фермерлер құрғақшылықтан зардап шекті. Трансшекаралық Жайық өзені қазір қиын жағдайда. Мемлекеттердің орнықты дамуына төнген осындай ұзақмерзімді сын-қатерлерді бірлесіп шешу керек. "Тұйық цикл экономикасы" циркулярлық экономика қағидаттарын енгізу келешегін қарауымыз керек деп ойлаймын. Біз ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайту, жаңартылатын энергетика секторын кеңейту және осы саладағы транзиттік шығындарды азайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді Қазақстан басшысы.

Еске сала кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургтегі халықаралық экономикалық форумға қатысты. Сессияда Қазақстан Президентінен бөлек бейнеконференция байланысы арқылы Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси де сөз сөйледі. Форум қатысушыларына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнеүндеу жолдады.

Ғалия Әділ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу