Проблемалы үлескер кімге сеніп, не істемек

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
20183

Астанадағы құрылысы аяқсыз қалған 40 нысандағы үлескерлердің саны 15 мыңға жуықтайды.

Проблемалы үлескер кімге сеніп, не істемек

"Үйі жоқтың күйі жоқ" деген атам қазақтың сөзі әлі күнге өміршеңдігін, өзектігін жоймай отыр. Қазір үйі жоғы өз алдына, маңдай терімен тапқан ақшасын құрылыс компанияларының әлі пісіп жетілмеген тұрғын үй құрылыстарына үлеске салып, алданып, соның салдарынан сандалып жүрген үлескерлер қаншама.

Десек те, бұл құрылыс салушы мен үлескер арасындағы мәселе деп мемлекеттік ведомстволардың қол қусырып отырмағанын жоққа да шығара алмайсың. Оған 30 қазан күні Астанада өткен  "Проблемалы үлескер: кімге сену керек және не істеу керек?"  тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында көз жеткіздік.

Кездесуге келген отызға жуық тұрғын үй құрылысы кооперативтерінің төрағаларының айтуынша, қазір үлескерлердің проблемаларын шешуге ел үкіметі мен қала әкімдігі кірісіпті. Мәселен, Астана қаласы әкімдігі жанынан  құрылған  әкімнің орынбасары Сергей Хорошун төрағалық еткен Ведомствоаралық комиссия (ВАК) құрамына ұлттық қауіпсіздік комитеті, коммуналдық шаруашылық, жер комитеті, сәулет, прокуратура,  яғни барлық құрылыс саласына тікелей қатысы бар қызметтер мен заңдық тұрғыдан қадағалайтын, реттейтін органдардың өкілдері кіріп отыр. Осы  ВАК арқылы көптеген тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің мәселесі шешілуде екен.

"Бүгінде проблемалық деп саналып отырған 40 жуық объект ведомствоаралық комиссия тарапынан "Елорда" құрылыс компаниясымен жұмыс істеуге ұсынылып отыр. Бұл проблемалық объектілерде үлесі бар үлескерлердің саны 15  мың адам шамасын құрауда. Әрине, күндегісін күнде адамдар қосылып жатыр. Объектілерді салмаған құрылыс компанияларына қатысты қылмысты істер қозғалып, жалғасын табуда. Кейбір объектілер бірінші құрылыс компаниясынан екіншісіне сатылып кеткен. Сондықтан бір проблеманы шешуге бір күн емес, бірнеше ай қажет болып жатады. Міне, осы кезде біз өз сұрақтарымызбен Ведомствоаралық комиссияға шығып, олардан тұрғын үй құрылысы кооперативтерінің мәселесін шешуге көмек сұрай аламыз, бір уақытта барлық сұрақты қоя аламыз. Себебі, үлескер тұрғын үй құрылысы саласында кәсіби мамандар емес, оларға үнемі бағыт-бағдар беру керек, мысалы, жобалауға қатысты қаулы шықты делік, әрі қарай не істеу керек, осы сияқты тағысын тағы мәселелерді біз тек ВАК көмегіне жүгіне аламыз. Сондықтан ведомстоаралық комиссия қазіргі күнді ең оңтайлы вариант болып отыр", – дейді тұрғын үй құрылысына қатысты жапа шегуші үлескерлер қоғамдастығының төрайымы Татьяна Чурсина.

Қоғамдастық төрайымының сөзінің жаны бар екенін дөңгелек үстелге қатысушы барлық ТҚК төрағалары бір ауыздан қостады.

Мәселен, бүгінде үлескерлердің басым бөлігі пәтерге ие болған "Венский квартал" ТҚК төрайымы, тұрғын үйдің салынып бітуіне тікелей ВАК көмектескенін атап өтті.

"2015 жылы бізде бастамашыл топ құрылды. Ол кезде құрылыс салушыға қылмыстық іс қозғалмаған болатын. Біз ВАК жиналыстарына қатысып жүрдік. Содан үлескерлерден құралған бастамашыл топ күн сайын кездесіп, қандай сұрақтар қою керек, бізге бірінші кезекте қандай проблеманы шешу керек екенін ақылдасатынбыз. Әрине, бастапқыда үлескерлер улап-шулап қайтатын, әкімшілікті айыптайтын. Одан еш мәселе шешілмейді. Үлескерлер осыны ұғыну керек. Сол себептен біз жұмыстан кейін байсалды, байыппен қарап, ведомстваралық комиссияға қоятын сұрақтарымызды егжей-тегжейлі дайындадық. Кейін біз дайын сұрақтарымызбен келіп, комиссияға отырыстарына қатыстық, өз проблемаларды айттық, сауалдарымызды қойдық. Біз ВАК арқасында әрбір сұрағымызға қатысты мәселені шешуде уақыт ұттық, егер біз өздігімізден әр сұраққа қатысты тиісті органдарға баратын болсақ, апталар немесе айлар кетер еді. Ал аталған комиссияның бір отырысында біз бірнеше мәселені шештік. Одан кейін келесі жиынға дейін бізге ВАК тарапынан және оларға біздің тарапымыздан міндеттер қойылып, соны кезекті жиналыста талқылайтынбыз. Бүгінде соның арқасында салынуы керек 1400 пәтердің 1 мыңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл екі жыл ішіндегі  жетістік. Әу баста біздің тұрғын үй тұрғызылатын жердің бір бөлігі жеке тұлғаларға сатылып кеткен болатын. Міне, осы жерді сот арқылы қайтарып алуда ВАК-тың көп көмегі тиді, бүгінде "Венский квартал" үлескерлерінің пәтерлі болуы біздің тұрғын үй құрылыс кооперативінің ведомствоаралық комиссиямен тығыз байланыста жұмыс істеуінің нәтижесі деп білемін", –  деді "Венский квартал" ТҚК төрайымы.

"Астана үлескерлері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсинаның айтуынша, бүгінде Астанада проблемалық деп саналып отырған нысандарды салып шығу үшін ел үкіметі тарапынан биылғы және алдағы жылға арнап, екі бөлікпен 40 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу "Елорда құрылыс компаниясына" жүктелген. Сондықтан құрылыс компанияларына ақша салып, аузы күйген үлескерлер болса, уақытты оздырмай, тұрғын үй құрылысы кооперативін құру арқылы  ведомствоаралық комиссия кеңесіне жүгінгені абзалырақ.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу