Прокурор қару-жарақ ұрлаған азаматты 10 жылға соттауды сұрады

Прокурор айыпталушы сегіз азаматқа неліктен 5 жылдан 10  жылға дейін жаза беруді сұрап отырғанын түсіндіріп берді.  

Прокурор қару-жарақ ұрлаған азаматты 10 жылға соттауды сұрады

Елді дүрліктірген Түркістан обылсындағы әскери бөлімдегі қару-жарақ ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы сөз прокурорға берілді. ҚР  Бас әскери прокуратурасының прокуроры Асылбек Темірбеков  қылмыстық істің басты фигуранты, сол кезде кіші сержант қызметін атқарып келген Абылай Балғынбайға 10 жыл бас бостандығынан айыру, ал оның сыбайластарына 8 және 5 жылдан жаза беруді сұрады. Қылмыстық іс 40 томнан тұрады.

"Қазіргі уақыта аталған айыпталушыларды кінәлі деп тануға жеткілікті дәлелдемелер бар деп есептеймін. Ал айыпталушы Қанағат Орынбек қылмыстың ашылуына белсене атсалысты. Қару-жарақты қайдан алғандарын, қайда жасырғандарын да анықтауға көмектесті. Іске кімдердің қатысы барлығы да оның тергелуінен белгілі болды. Осыған байланысты оның жазасының жеңілдетілуін сұраймын. Қылмыстық кодекстің 54-бабы бойынша 5 жыл", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың 19 ақпанынан 20-сына қараған түні Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімде кіші сержанттың кезекшілігін тастап, қару-жарақпен қашып кеткені туралы белгілі болды. Көп ұзамай басты күдікті Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағының көмегімен Алматыдан ұсталды. Ведомство өкілдері, 20 жастағы Абылай Балғынбайдың  екі тапаншаны сатып үлгергенін мәлімдеді. Кейінірек ІІМ Тергеу департаментіндегілер кіші сержанттың әскери бөлімді бір ай бойы тонап келгенін мәлімдеді. Белгілі болғаны, ол алдымен салмағы жеңіл қаруларды ұрлап келген. Ал ақпанның 19-ынан 20-сына қараған түні ол сыбайластарымен бірге бірнеше автомат пен оқ-дәрелірде қолды еткен.  

Еске салсақ, бұл іс бойынша басты күдікті Абылай Балғынбай "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Жауынгерлік кезекшілікті атқару қағидаларын бұзу" баптары бойынша айыпталып отыр. Ал оның сыбайластары: Қағанат Орынбек, Шадияр Қамбар, Бағдәулет Мәлік, Шыңғыс Шатаев, Санжар Бекжан, Бауыржан Дамиров, Бағдәулет Арынға "Жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптары бойынша айып тағылып отыр.

Жансая Тәуекелқызы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу