ПТР-тестінің құны 1 мың теңге ме?

3618

Денсаулық сақтау министрлігі құлқынның қамын басты орынға қоятын жекеменшік зертханаларға жарлығы жүрмейтінін жеткізді.  

ПТР-тестінің құны 1 мың теңге ме?

Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық жеке лабораториялар ПЦР-тест жүргізудің өзінен жарты миллиард доллардай табыс тапқан. Алда бұл сома 1 миллиард доллар межесіне жетеді деп болжануда. Себебі қазіргі кезде бір жағынан, жеке зертханаларды шетелге саяхаттайтын немесе іссапарға шығатын, сондай-ақ вакцина салғызбағандықтан жұмысына бару үшін апта сайын тесттен өтетін қазақстандықтар байытуда.

Екінші жағынан, барлық мемлекеттік емханалар мен ауруханалар өзіне күн сайын мыңдап жүгінетін пациенттерден алынған коронавирустық сынамаларды жеке зертханаларға жолдайды.

Дегенмен John Hopkins University Қазақстанның меморгандары ұсынған ресми дерекке жүгіне отырып, республикамызда пандемия басталғалы кем дегенде 11 575 012 полимеразды тізбекті реакция (ПТР) тесті тапсырылған деп тіркеді. Бұл шамамен 100 миллиард теңгеге жуық.

3,9 миллион адам ПТР тестілеуіне тәуелді ме?

Қалай болғанда, жекеменшік зертханалар індет кезеңінде аста-төк байлыққа кенелгені жасырын емес. Бұл бұқара өкілдеріне ұнамайды.

Алматылық зейнеткер Фарида Әбілғазықызы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында бұл әділетсіздікті доғаруды, ең құрығанда ПТР-тест бағасын бірнеше есе арзандатуды сұрады. Ол ДСМ-нен ПТР тестілеудің өзіндік құны неден құралғанын талдап, түсіндіруді талап етті.

"Менің есептеуімше, бұл тестілеудің өзіндік құны 1 мың теңгеден сәл ғана асады. Ал лабораториялар бұл қызметті 7 500 теңгеге және одан қымбатқа сатып жатыр. Денсаулық сақтау министрінің үнсіз келісімімен екі жылдан бері ПТР зерттеуінің айналасында арсыз бизнес гүлденуде. Биліктегілер Қазақстан халқы тым бай тұрады деп есептей ме?! Енді адам қасіретінен бизнес жасап, індет кезінде думандатуда. Неге министрлік бұл салада шын бәсекелестікке жол ашып, ПТР тестті қолжетімді бағаға ұсынатын баламалы пункттердің пайда болуына мүмкіндік жасамайды? Сонда ардан безген зертханалар тәубасына келер еді. Бәлкім бұл министрге тиімді шығар?!", – деп ашынады зейнеткер.

Фарида апайдың ашынуының жөні бар екен. Ол немерелерімен шетелге ұшпақшы болып, коронавирусқа қатысты тест жүргізіп, анықтама беретін зертханаларды адақтап шығыпты. Бүкіл Алматыдан ең арзан дегенде 6 500 теңгеге жасайтын орынды әзер тапқан. Оның өзінде жұрт бір-бірімен жағаласып, ұзын-сонар кезектен өтуге мәжбүр.

Айтпақшы, елордадағы INVIVO зертханасы COVID-19 диагностикалауға арналған ПТР-тестіге 18 500 теңге сұрайды.

ДСМ дерегінше, 2021 жылғы 26 қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда ковид-вакцинаның I компонентін 8 690 377 адам салдырды. Олардың Ashyq-тағы мәртебесі жасыл.

Ұлттық статбюроның мәліметінше, елде 19 млн 62,7 мың адам бар. Бұл саннан егілгендерді алып тастасақ, 10 миллион 372,3 мың адам вакцинацияланбаған болып шығады.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша республикада 1-17 жас аралығындағы 6,5 миллиондай бала бар. Әзірге балалар екпе еккізуге міндеттелмеген, тек ерікті салғызуда.

Оларды ескермегенде, Қазақстанда 3,9 миллиондай ересек адамнан ПТР-тест тапсыру дүркін-дүркін талап етілуі мүмкін. Олардың кейбірінің – аса құнды мамандары мен басшыларының бұл шығынын жұмыс берушілері өтеп жүр.

Бұл қатарға сондай-ақ вакцина салғызбаған, елімізде тұрақты тұратын, жұмыс істейтін миллиондаған ресейліктер, көрші ел азаматтары мен шетелдік мигранттар да қосылады.

Жеке зертханалардың бұл қызметі жұрт жаппай вакцинацияланса да сұранысқа ие бола беретінге ұқсайды. Себебі елордада өтетін үлкен жиындарда барлық қатысушылардан, соның ішінде екпе салғызғандарынан да кейде ПТР-тесттен өту талап етіледі.

Билік не дейді?

ДСМ азаматтардың сұрауына орай ПТР-тестілеудің өзіндік құнын жария етті. Жақсы жаңалығы бар. Алдағы уақытта бұл тестінің құны арзандайтын болады.

Министрліктің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің мәліметінше, Денсаулық кодексіне сәйкес, ДСМ тек тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында ұсынылатын медициналық қызметтердің тарифін ғана бекітеді.

"ПТР-тест әдісімен биологиялық материалдан COVID-19 коронавирусының РНК-сін анықтауға бағытталған диагностикалық зерттеудің тарифі ДСМ-нің 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен бекітілді. Ол тарифке биологиялық материалды алу шығыстары да қосылды. Ақырғы тариф 4 931,56 теңгені құрады", – деп түсіндірді департамент.

Бірақ бұл арзандау бағаны тек мемлекеттік емханалар мен ауруханалар ғана пайдалана алады. Ведомство 4 931,56 теңге тарифі ТМККК және МӘМС жүйесі аясында қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты екенін жеткізді.

Әрбір тест үшін 4,9 мың теңге деген баға қайдан шыққан? ПТР тестінің бұл тарифі құрамына келесі шығыстар кірген:

  • зертхананың медициналық қызметкерлерінің жалақысы;
  • мемлекетке төленетін салықтар мен өзге де міндетті төлемдер;
  • Қазақстан заңнамасында көзделген жарналар мен аударымдар;
  • Қазақстан аумағында мемлекеттік тіркеуден өткен және халықаралық талаптар мен сапа стандарттарына сай, "Дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне" енгізілген тест жүйелерді және медициналық бұйымдарды сатып алу;
  • Медициналық ұйымдардың байланыс, коммуналдық қызметтері және басқа да қосалқы шығыстары.

"Бюджеттік қаражаттарды тиімді пайдалану мақсатында осы тарифті есептеу кезінде тест-жүйелерге және медициналық бұйымдарға қатысты кем дегенде 3 коммерциялық ұсыныстың ішіндегі ең арзан баға негізге алынады. Алайда нарықтағы медициналық қызметтер бағасын реттеу Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына кірмейді. Өйткені Кәсіпкерлік кодексі бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне меморгандардың араласуына тыйым салынған", – деп жауап қатты ДСМ департаменті.

ПЦР-тест бағасы 5 мың теңгеге түседі

Былтыр ел президентінің коронавирустың келесі толқындарына дайындық жөніндегі кеңес отырысында берген тапсырмасын орындау үшін ДСМ-нің жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқан көрінеді.

Біріншіден, әлгінде айтылғандай, бюджеттік қаражатқа сатып алынатын ПТР-тест қызметтерінің бағасы былтырғы 8 025,15 теңгеден 4 931,56 теңгеге дейін арзандатылды.

Екіншіден, ПТР-тест қызметтерін көрсететін лабораториялар желісі кеңейтілді. ДСМ-нің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, қазір елде 165 лаборатория қызмет етуде.

Үшіншіден, ДСМ-ге ведомстволық бағынышты ұйым – Ұлттық сараптама орталығының ұйымдарда ПТР-тесттің бағасы 6 350 теңгеге дейін түсірілді. Еліміздің өңірлерінде бұл орталықтың 16 филиалы бар.

Министрлік департаментінің мәлімдеуінше, алда ПТР-тесті бағасын 5 000 теңгеге дейін арзандату жоспарланып отыр.

Төртіншіден, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі клиникалық-диагностикалық лабораториялармен антимонополиялық комплаенс бекітті. Оған сәйкес, халыққа арналған ПТР-тестілеу бағасы жаппай 6 500 теңгеге дейін төмендетіледі.

Тіпті 5 мың теңгеге түсірілгеннің өзінде бұл шығын әртүрлі себеппен екпе салғызғысы келмейтін адамдарға үлкен салмақ болғалы тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу