Бұдан бұрын inbusiness.kz сайты Моңғолияның ресейлік алпауытқа ес жиғызбас соққы бергенін жазған болатын. Әңгіме – бұл ел басшылығының Кремль қатты үміттеніп отырған "Сила-Сибири-2" халықаралық алып газ магистралінің Моңғолия территориясы арқылы тартылуынан бас тартуы жайында болды.
Ресми Ұланбатыр (Улаанбаатар) ресейлік "Газпромның" Моңғолия аумағы арқылы өтеді деп жоспарланған газ құбырының құрылысын 2028 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізбей тастады.
Сарапшылардың байламынша, "Сила Сибири – 2" халықаралық ірі газ магистралін салуға рұқсат беруден Моңғолияның бас тартуы "Газпромды" шығын батпағына одан сайын батырып жібереді.
Осы мәлімет белгілі бола салысымен, 29 тамызда В.Путин Моңғолияға сапарлауға шұғыл бекінді. Кремльдің қожайыны 3 қыркүйек күні кеңес және моңғол әскерлерінің Халхин-Гол өзенінде жапон қарулы күштерін бірлесе жеңуінің 85 жылдығына арналған іс-шараларға қатысады. Оны салтанатты рәсімге оны ел Президенті Ухнаагийн Хурэлсух шақырған көрінеді.
"Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары Ресей-Моңғолия жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарын одан ары дамыту перспективаларын талқылайды. Көкейкесті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша пікір алмасады", – деп хабарлады Кремль.
Осыдан кейін әлемдік ақпарат айдынында пікірталас туындап, дүмпуі жер жара жаздады. Өйткені 2023 жылғы 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Владимир Путинді және РФ балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер бергені белгілі.
Ордер жария болғаннан кейін В.Путин Рим статутын ратификациялаған елдерге барудан бас тартты. Мысалы, Оңтүстік Африка республикасында, Йоханнесбургте 2023 жылғы 22-24 тамыз аралығында өткен БРИКС ұйымының XV саммитіне барудан басын ала қашып, оған онлайн қатысты. Өйткені ОАР – Рим статутын ратификациялаған, тиісінше, ХҚС алдында міндеттемесі бар ел.
Euronews халықаралық құқық бойынша ХҚС-қа мүше елдер ордерді орындауға – РФ басшысын ұстап алып, Гаагаға тапсыруға міндетті екенін еске салды. Бұл ретте Моңғолия да Рим статутын ратификациялаған және ХҚС-қа мүше.
Оның үстіне Халықаралық қылмыстық соттың 18 судьясының бірі – моңғол. Былтырғы 2023 жылдың желтоқсанында ХҚС-қа мүше мемлекеттердің Ассамблеясы моңғол заңгері Эрдэнэбалсурэн Дамдинді 9 жылға осы лауазымға сайлады. Ол Моңғолия тарихындағы ХҚС судьясы болған тұңғыш тұлға.
Журналист Фарида Рустамова президент Хурэлсухтың сонда бұл тарихи оқиғаны қатты мақтан тұтқанын айтады. Ол мұны "елдің жаһандық аренадағы беделінің нығаюының нышаны және халықаралық ұйымның Моңғолияға деген зор сенімі" деп бағалады. Олай болса, егер Моңғолия ХҚС алдындағы міндеттемесін орындамаса, ордер беріліп, халықаралық іздеу жарияланған адамды ұстап бермесе, бұл елдің халықаралық аренадағы абыройы түспей ме?
Сондықтан журналистер РФ басшысының баспасөз хатшысына жүгініп: "Кремль президенттің алдағы сапарына қатысты алаңдап отырған жоқ па?" деп сұрады. "Жоқ, ешқандай алаңдаушылық жоқ", – деп қысқа қайырды Дмитрий Песков.
Өз кезегінде британдық Би-Би-Си Моңғолия қанша жерден қаласа да, Ресей басшысын тұтқындай алмайтынына назар аудартты.
"Моңғолия теңіздерге шығар жолы жоқ, құрлықта қысылған мемлекет. Ол тек Ресеймен және Қытаймен ғана шектеседі. Осы екі державаның қыспағында қалған ел. Құрлық пен теңіз жолдары РФ және ҚХР арқылы өтеді. Оны ұшақпен тасу үшін осы екі елдің бірінің аспанын пайдалануға рұқсат алуы керек. Сол себепті, гипотеза тұрғысынан алғанда, Путинді тұтқындағанның өзінде оны Гаага табыстау процесі қиындап кетеді", – деп түсіндірді ВВС.
Осыны Ұланбатыр да, Мәскеу де жақсы түсінеді. Ресейлік ақпарат құралдары бұл барыс – Путиннің Рим статутын ратификациялаған елге, соның юрисдикциясы аймағына тұңғыш сапары болатынын және осы арқылы Мәскеу Халықаралық қылмыстық соттың ордерінің "тас-талқанын шығаратынын" айтуда. Салдарынан, ХҚС-тың өзге мүшелері де оның ордерін орындамауға болатынын ұғынады.
Моңғолия Рим статутына 2000 жылы қол қойды және көп ұзатпай, 2002 жылы ратификациялады. Дегенмен, кеше Bloomberg екі дереккөзіне сілтеме жасап, "Моңғолия Владимир Путинді ХҚС ордері бойынша тұтқындамауға Мәскеуге уәде бергенін" жариялады.
"Біздің Моңғолиядағы достарымызбен арамыздағы диалогымыз тамаша. ХҚС берген ордерге қатысты Моңғолия билігімен келіссөздер болды ма деген сұраққа келсек, әрине, бұл сапардың барлық аспектілері мұқият дайындалды", – деді Мәскеудің баспасөз хатшысы Д.Песков.
Ресейлік жазушы, ақын, публицист, қоғам қайраткері Дмитрий Быков Моңғолия ең алдымен халықаралық міндеттемесін емес, ұлттық мүдделерін басшылыққа алуы керек деген пікірде.
"Путин Моңғолияда кез келген алып империяның түбі күйрейтініне, орнында шағын мемлекет қалатынына куә болып қайтады. Бәлкім, империяшылдықтың соңы жаман аяқталатыны санасына жетер. Сондай-ақ, масқара болғанда, кезінде Моңғолияға "іні", кіші одақтас ретінде қараған Мәскеу бұл жолы қол жайып, сұрамсақтанып барғалы тұр. Ресейдің "Сила Сибири-2" алып жобасын 2028 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына қоспай қойғанда, 3,5 миллиондай ғана халқы бар Моңғолия үлкен Ресеймен қақтығысайын, соғысайын деп отырған жоқ. Ресейдің басшысы өзі келсін, алдымызға жығылсын деп отыр. Бұл, Шығыста кімнің – ұлық, кімнің – құл жағдайында екенін паш етеді", – деді Быков.
Ол ресейлік сарапшылардың, саясаткерлердің Моңғолияға менсінбей, шекеден қарай сөйлеуін ағаттық санайды.
"Ондай қомсыну, кемсіту әбестік. Моңғолия – Солтүстік-Шығыс Азиядағы салмақты геосаяси ойыншыға айналып келеді. Кезінде Шыңғыс хан және оның ұрпақтары 3 ғасыр бойы жарты әлемді жайлап, бүкіл Еуропаны үрейде ұстады, Ресей оған ыланойран алым төледі. Содан кейінгі ұрпақтары ұсақталып кетіп, пассионарлық дәуірі аяқталып, алпауыт мемлекеті өзге ойыншыларға жем болды. Бірақ қазіргі Моңғолия қайтадан бой тіктеуде. Рух деген ешқайда жоғалмайды, түлеп тұрады. Бұл жолы Путинге, Ресейге азуын көрсетуі, тұтқындамағанымен, құр қол қайтаруы да мүмкін, артын бағайық", – деді Дмитрий Быков.
Ресейлік жазушының бағалауынша, Моңғолияны ХҚС талабын орындауға мәжбүрлеу – қысастық. Өйткені көрші мемлекеттің президентін тұтқындаса, Ресей Моңғолияға әскер кіргізуі, арнайы операция бастауы ғажап емес.
Бұған қоса, Быков халықаралық ұйымдардың, тіпті БҰҰ-ның да талап-міндеттері жаппай бұзылып, аяқасты болып жатқанын алға тартты. Украинаға БҰҰ-ның басты органы – Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі басып кіріп, қанға бөгуде. Оған бірде бір халықаралық ұйым тосқауыл болған жоқ және тырысқаны да шамалы.
Ендеше Шығыс Азия аймағының маңызды ойыншысы ретінде Моңғолия алдындағы мұрат-мақсат – Мәскеудің жетегінде кетпей, төл ұлттық мүдделері тұрғысынан әрекет ету. Бұл елден басқаны талап етуге бірде бір елдің, немесе ұйымның қақысы жоқ.
Жазушының пікірінше, егер Моңғолия Рим статуты аясындағы міндеттемелерін орындаймын деп қан-қасап қарулы қақтығысқа ұрынса, ХҚС, БҰҰ және басқасы "терең алаңдаушылық білдірумен" ғана шектеледі. Көмекке келмейді.
"Бұл жағдай өткен ғасырдағы бір жайтты еске түсіреді. Сонда Рим Папасы сталиндік қуғын-сүргін, қырғынды қатты айыптағанда, Сталин оған сырттай сұрақ қойыпты: "Рим Папасының қанша дивизиясы бар екен?". Бұған Рим Папасы: "Менің дивизияларыммен Сталин бақи өмірде кездеседі" деп жауап қатыпты. Ол солай шығар, бірақ жерде қандай көмек болады? Сондықтан Путин Моңғолияға міндетті түрде барады және сөзсіз, кері оралады. Мен Моңғолиядағы достарыммен тілдесіп тұрамын. Олар айтады: "Бұл аймақты азиялықтар – Азияның ұлы суперөркениеті бағзы замандардан мекен еткен және ол күн сөнгенше тұрады. Ал, сендер соның бір бөлігі болып сіңесіңдер" деді. Бәрі соған бара жатқан сияқты", – деді Д.Быков.
Айтқандай, Моңғолия – әлемдегі ең қарқынды өсуші экономикалардың ондығына кіреді және серпінін сақтауда. 2023 жыл қорытындысында Моңғолияның ЖІӨ-сі 7%-ға өсті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ-сі тағы 5,6 пайызға артты. Осының арқасында бұл елдің экономикасы орта есеппен әрбір бес жыл сайын екі еселеніп тұрады. Халқының әл-ауқаты небәрі төрт жылда 3 есеге артқан. Мұндай өсім қарқыны әлемдегі елдердің басым көпшілігі үшін арман ғана.