Радио эфирінің 95%-ы ана тіліміздегі әндер – Жаннұр Айдарбекова

946

Былтыр Республика қазақ радиосы жаңа әуе толқынымен толықты. Бір жыл ішінде Beu радиосы үш мыңнан астам трек жинап, он шақты жастың жұлдызын жақты, эфирдегі қазақ тілінің үлесін 95%-ға дейін арттыра алды.

Радио эфирінің 95%-ы ана тіліміздегі әндер – Жаннұр Айдарбекова  Фото: Beu радиосының инстаграм парақшасынан

Нағыз қазақы музыканың ордасы өз жолын фестиваль ұйымдастырудан бастап, музыкалық тұрғыда біріне-бірі ұқсамайтын, ерекше таланттарды бір алаңға қалай жинағаны туралы Beu радиосының продюсері Жаннұр Айдарбекова айтып берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

– Beu радиосы – тек жастардың шығармашылығынан тұратын, сол арқылы заманауи қазақы музыканың бірден-бір алаңына айналып отыр. Жаңа әуе толқынының бастауында нендей ой тұрды? Не түрткі болды? 

 Beu радиосын ашу туралы ой бізге 3-4 жыл бұрын келді, бірақ кейін коронавирус өршіп, пандемия басталып кетті. Дәл осы пандемия кезінде үйінде отырып, зеріккен халық, әсіресе, жастар жан демеуін руханияттан, музыкадан ала бастады, 1-2 жылдың ішінде интернет желісінде талай жастың жұлдызы жанып, қазақи әртістер әлемдік музыкалық чарттардан көрінді. Қазақы өнердің бүгінгі деңгейінің биіктігіне көзіміз жетіп, радионы ашу ойымыз нақты мақсатқа айналды. Әрине, басында енді тәй-тәй басқан баладай уайымдап, қалай боларын білмедік, білетініміз – он шақты әртіс қана. Дегенмен тәуекелге бел буып, бастап кеттік. Алдымен Алматыда үлкен Beu FEST өткіздік, оған 20-ға жуық әртісті шақырып, өз жоспарларымызбен бөлістік. Жақында замануи қазақ музыкасының алаңына айналатын, жастарға шығармашылық еркіндік сыйлайтын орта қалыптастырамыз деп үндеу жасадық. Содан жастарымыздың бізге қолдау білдіргендерінің арқасында бір жылда үш фестиваль өткізіп, алғаш рет "Қазақстан" ұлттық арнасында Beu Award екі сағаттық жобасын көрсеттік, жақсы рейтинг жинай алдық. Кейін OZEN сынды лейблдармен тікелей жұмыс істей бастадық, біз білмеген әртістермен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Ал ары қарай бәрі өздігімен ойдағыдай жүре бастады, радио эфирге қосылған сәттен таланттар өздері біздерді іздеп тауып, қоңырау шала бастады. 

–  Заманауи радиотолқын былтыр Республика күніне орай ашылғанын білеміз. Бір жыл ішінде қандай өзгерістер болып, нендей жетістіктерге қол жеткізе алдыңыздар?

  Жеткен жетістігіміз жеткілікті. Бір жыл ішінде 3 мыңнан астам трек жинадық, ай сайын жұлдыздар тізімін 2-3 жаңа есіммен толықтырып отырамыз. Ал соңғы өткен фестивальда "жас таланттар" деп он шақты әртістерді шақырдық, үлкен сахнаға алғаш қадам басқан өнерпаздардың сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ал біздің болашақ әртістердің танылуына титтей де болса қолғабыс бола алғанымыз – біздегі мақсаттың орындалғаны, ойымыздың іске асқаны. Бұл, әрине, біздің ұжымды ерекше қуанышқа бөлейтінін жасырмаймыз. 

Өзгерістер жайлы айтар болсақ, қазақша әндердің үлесі арта түсті. Лицензия бойынша әуе толқынында таратылатын кез-келген ақпарат пен әуендердің 70%-ы қазақша, қалған 30%-ын өзге тілде беруге рұқсат берілген, алайда қазір радио эфирінің 95%-ы – ана тіліміздегі әндер. 

Радио негізінен жастар аудиториясына бағытталғаны белгілі, алайда кейінгі кездері қазақ тілінің беделі артып, қазақша контенке деген сұраныстың артқаны байқалады. Бұл сіздің аудиторияға әсер етті ме?

Әрине, біз басында бізді сүйіп тыңдайтын тыңдармандарымыздың дені 12-15 жасар жасөспірмдер деп санайтынбыз, алайда соңғы екі-үш жылдың ішінде қазақы музыка көпшілік жүрегін елең еткізіп, ересектердің де көңілінен шығып жатқанын байқадық. Қазір Қазыбек Құрайыш, ARO, MOLDANAZAR-ды білмейтін қазақ кемде-кем. Сондықтан қазір жастарды еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бәрі таңдайды деп сеніммен айта аламын. 

Оған қоса бізде жанрға қатысты ешқандай шек жоқ, толық шығармашылық еркіндік: Q-поп, инди және r’n’b-дан бастап эксперименталдық музыкаға дейін. Сондықтан кез-келген адам өзінің талғамына сай әуенді таба алады.  Дегенмен бізге өз әндерін ұсынатын әншілер шығармашылығына белгілі бір талаптар да барын айта кету керек, мысалы, дөрекі, боқауыз сөздер қолданылған, нашақорлыққа не басқа да жаман әдеттерге үгіттейтін әндер эфирге жіберілмейді, яғни біздің радионың форматына жат дүниелер алынбайды. 

– Қазіргі қазақ өнеріне қандай баға бересіз? Оның дамуы үшін не істеу керек?

  Соңғы бір-екі жыл ішінде қазақ өнері үлкен жетістіктерге жетті, өз деңгейін көрсетті, сондықтан енді жастардың осы бір талпынысын өшіріп алмас үшін қолдан келгеннің барлығын істейміз. Біз ары қарай да жас музыка қауымдастығына қолдау білдіріп, дамыту және аудиторияға сапалы отандық өнімді ұсыну мақсатымыздан таймай, ісімізді жалғастыра бермекпіз. 

Анықтама:  ((beu)) радиостанциясы Астанада 100 FM, ал Алматыда 97.7 FM жиілігінде хабар таратады. Эфирде әншілердің жаңа толқыны жұмыс істейтін барлық жанр қамтылмақ: Q-поп, инди және r’n’b-дан бастап эксперименталдық музыкаға дейін. ((beu)) – беу деген сөз, яғни музыкаға немесе орындаушы өнеріне тамсанған адамның қошемет сөзі. Ал, жақшалар радиотолқынды білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу