Рақымшылыққа іліну үшін арнайы құжат дайындаудың еш қажеті жоқ – Абзал Құспан

1731

ҚР Парламент депутаттары бір реттік "Рақымшылық жасау туралы" заң жобасын мақұлдады. Алдағы аптада аталмыш заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қояды деп күтілуде. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады.  

Рақымшылыққа іліну үшін арнайы құжат дайындаудың еш қажеті жоқ – Абзал Құспан Фото: inbusiness.kz

Заңның іс жүзінде қалай орындалатыны жөнінде inbusiness сайтына Amanat қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспан айтып берді.

Бұл заң жобасы Қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылып жатқан азаматтарға рақымшылық жасау мақсатын көздейді.

Ал Қаңтар трагедиясы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп тергеу органдары 1600-дей адамды анықтаған. Оның ішінде 1 112 адам сотталып кетті, қалған азаматтардың ісі тергеу сатысында.

"Amanat қоғамдық комиссиясының жұмысына бар уақытымды арнадым. Адвокат болсам да, іс алып, белсенділігімді басқа арнаға бұрып жатқаным жоқ. Тек қана осы комиссия жұмысы басты назарда. "Рақымшылық туралы" заңның бірде-бір инициаторы ретінде, әрине, біз оны Мәжілістегі жұмыс тобының талқылауына да араластық. Алдағы аптада Президент қол қойса, комиссия "Рақымшылық туралы" заңның іс жүзінде қолданылуына да араласатын боламыз. Қаңтар оқиғасы бойынша, рақымшылыққа байланысты кез келген азамат бізге, яғни комиссияға жүгіне алады. Оған біз телефон нөмірімізді, Алматы қаласындағы мекен-жайымыз бен электронды поштамызды алдағы уақытта көрсетеміз. Қазір қамауда отырған, болмаса, ісі қаралып, тергеуде жатқан адамдарға рақымшылыққа іліну үшін ешқандай құжат жасатып, арнайы дайындық жүргізудің қажеті жоқ. Яғни іс тергеуде болса, онда тергеуші тағылған айыбын жеңілдету я толықтай рақымшылық жасау бойынша ұсынады. Ондай жағдайда азамат өзі өтініш білдіріп, рақымшылық заңын қолдануға келісімін береді. Қандай да болмасын құжат дайындаудың қажеті жоқ. Яғни тергеудің материалдары мен тағылған айып қана жеткілікті", – деді адвокат.

Заң жобасы бойынша, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады деп күтілуде. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген.

Рақымшылық террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздік ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасаған адамдарды қамтымайды.

"Егер алдағы аптада Президент тарапынан қол қойылатын болса, онда, әрине, бұл – бірінші кезекте Қаңтар трагедиясы үшін істі болған азаматтардың жеңісі. "Тас түскен жеріне ауыр". Сол азаматтардың ата-анасы, бауырлары, туыстары үшін үлкен жеңіс дер едім. Содан кейін барып, осы істің басы-қасында жүрген, осы азаматтарға жеңілдікті талап еткен барлық белсенділердің жеңісі",  деді Абзал Құспан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу