Рауан Кенжеханұлы мектептер үшін тарифін қымбаттатпақ

9526

Білім ордаларын жаңа жылда "тосын сый" күтіп тұр ма? 

Рауан Кенжеханұлы мектептер үшін тарифін қымбаттатпақ

Биылғы жыл білім беру саласына үлкен салмақ түсірді. Пандемияға бола, білім ордаларының бәрі жабылып, шәкірттер қашықтан білім алуға көшірілді. Қазақстандағы шабан интернет оны сапалы жүргізуге жарамай жатты. Сонымен бірге, Білім және ғылым министрлігі "бір қуаныш, бір жұбанышын" жеткізгені де есте:

"IT-компаниялар қазақстандықтарға білім беру саласындағы өз өнімдерін пайдалануда бірқатар жеңілдік ұсынды. Мысалы, "Bilim Media Group" және "DarynOnline" платформалары өз сервистерін ақысыз режимге көшірді. Platonus компаниясы 1 шілдеге дейін елдегі бүкіл колледждерді өз жүйесіне тегін қосуға ниетті. "Өрлеу" инновациялық технологиялар орталығы қашықтан оқыту және тестілеу жүйесін тегін ұсынды", – деп жариялады БҒМ биылғы 26 сәуірде.

Дегенмен, содан кейін жағдай өзгергенге ұқсайды.  

Кезінде "Хабар" арнасының тілшісі ретінде халыққа танылған журналист, қазіргі кәсіпкер, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы білім саласындағы инновациялық жобаларымен белгілі. Ол басқаратын Bilim Media Group елдің ителлектуалды әлеуетін арттыруға, қашықтан оқыту кезінде мектептерді оқу материалдарымен қамтуға үлес қосты.

Әрине, оның қызметі енді тегін емес. Ел нарық жағдайында өмір сүріп жатқандықтан, бұл әділетті де. Дегенмен, пандемия жайлаған, мемлекетте ауыр экономикалық дағдарыс орнаған кезеңде компанияның өз тарифін көтеруге ниет танытқаны қоғамды алаңдатуда.

Бұл хабарды алғаш болып, білім беру мәселесімен көптен айналысып жүрген Түркістан қаласының қоғам белсендісі Әділхан Исмаилов хабарлады. Ол жаңалықпен бөлісіп қана қоймай, түйткілді проблеманы шешу үшін Үкімет мүшелеріне хат жолдапты. 

"Биылғы жылғы көктемнен бері пандемиямен күрес аясында, шектеулерге байланысты оқушылар қашықтан оқытуға көшкені мәлім. Елдегі білім мекемелері 2020 жылы қыркүйек айынан бастап "Bilim Media Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясымен келісімшартқа отырып, әрқайсысы оған 173 мың 332 теңгеден төлейтін болды. Енді бұл компания 2021 жылдан бастап, бағасын 580 мың теңгеге дейін көтермек: ол прайс-парағын беріп отыр. Бұл мекеме қазіргі таңда пандемияны пайдаланып, монополистке айналды. Қаншама білім ошақтарына тек осы ұйым қызмет көрсетеді", – деді Әділхан Исмаилов.

Ол "Bilim Media Group"-тың қызметінің сапасына шағымын айтты.

"Компания көрсететін қызмет сапасы сұратып отырған қаржыға сәйкес келмейді", – деген ол Үкіметтен осы мекеменің 2021 жылға не себепті бағасын көтеріп жатқанын және оның заңға сәйкестігін анықтап беруді сұрайды.

Қоғам белсендісі өз сұрағын арасына мектептер де кіретін мемлекеттік ұйымдардың қаржыны мақсатты жұмсауын бақылайтын Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасына жолдапты. Әйткенмен, бұл мәселе комитеттің құзырына жатпайтын болып шықты.

Аталған мәселе БҒМ-ның құзырына да кірмейді. Әр мектеп қандай кәсіпкермен келісім жасасатынын өзі шешеді. Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет ресурсында "Bilim Media Group"-тың жергілікті бюджет қаражатын игеріп, әр өңірде "оқытудың электронды жүйесін" құрып шыққаны көрсетілген. Ведомство дерегінше, компания жобаны биыл "100% жүзеге асырып, іске қосқан". Жоба меморган мен мектептер арасындағы "қағаз құжаттама айналымын қысқартуға" бағытталған көрінеді.

Осы мақсатта қанша ел қаржысы жұмсалғанын министрлік жария етпеді.

"Bilim Media Group" әзірге бұл мәселе бойынша халыққа түсініктеме берген жоқ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу