Реаниматолог: Вирустың барына әлі де сенбейтіндер бар

2870

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Күніне республика бойынша шамамен 1 000 адамнан вирус анықталуда. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы ғана "қызыл" аймақта тұр. Бірақ бұл вирустың беті қайтты деген сөз емес.  

Реаниматолог: Вирустың барына әлі де сенбейтіндер бар

Біз, Шымкент қаласындағы №14 қалалық емхананың бас дәрігері, реаниматолог Әлімжан Хайтметовпен сөйлестік. Маман, өткен күннен сабақ алмасақ, жағдайды қайта күрделендіріп алуымыз мүмкін деп болжады.   

Амансыз ба, Әлімжан Камалжанұлы! Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал қандай?

Шүкір, ел ауырмаса біздің де көңіл орнықты. Қазір жағдай тұрақталған сияқты болып тұр. Шынын айтайын, осыған дейінгі 2-3 ай қиын болды. Ауырған адамдар көп, мамандар жетіспей, үлгермей жатты. Қазірдің өзінде ауырып, түсіп жатқан науқастар бар. Негізінен дәрігерлерге қаралмай, өздігінен емделгендер, вакцина алмағандар иә болмаса бас тартқандар. Реанимацияға түскендердің басым бөлігін осы адамдар құрайды.

Пандемия кезінде  дәрігерлерге қаралмай, өздігінен емделген адамдар туралы көп айтылды. Бұл науқас үшін қаншалықты қауіпті?  

Негізінен халықта үрей болды. Ауруханаға жатса, "коронавирус егеді екен" деген алып-қашпа әңгіме айтылды. Міне, осы жалған ақпарат, елдің бетін қайтарып тастады. Халыққа айтарым, оған сенбеңіздер, бізде емдеудің бекітілген протоколы яғни тәртібі бар. Соны сақтағанда ғана, ауруды жеңуге болады. Дерт жұқтырған адамның өкпесі ісінеді, тыныс алуы қиындайды. Сосын әбден жаны қиналғанда барып, жедел жәрдем шақырып жатты. Өздігінен емделу дегенді ұмыту керек. Ол дұрыс нәрсе емес.

Әуел баста дерттің барына сенбеген жұрт "чип" салады, тағысын тағы деген теріс ақпаратқа алданды. Қазір халықтың көзқарасы өзгерді ме?

Халықтың ойы өткен жылға қарағанда өзгерді. Дегенмен елдің біраз бөлігі дерттің барына әлі сенбейді. Ғалымдар шығарған вакцинаға күмәнмен қарайды. "Чиптеу" деген тіптен ақылға қонымсыз. Былтыр, мысалы кейбір дәрігерлердің арасында да вакцина салдырмай, бізді бақылау үшін жасалып жатыр деген көзқарастағылар болды. Бірақ уақыт өте келе көптің көзі ашылып, вирус өлімге апаруы мүмкін екенін көрді.

Жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге екпе салу науқаны басталды. Бұл шара қалай өтеді деп болжайсыз? Бұл процесс өте күрделі болайын деп тұр. Халыққа жеткізуде тек дәрігерлердің сөзі аздық етеді. Мектеп жасындағы балалар болғасын, оқу орындары да түсіндіру жұмыстарына бел шешіп кірісуі керек. Білім басқармалары шет қалмауы қажет. Көптеген елдер жасөспірімдерге вакцина салу туралы шешім қабылдады. Бір нәрсе анық, екпе арқылы ғана қоғамдық иммунитет қалыптастыра аламыз.

Антиваксерлер деген бір қауым ел бар. Бұл топ түрлі ақпарат таратады. Міне, осы жылт еткен жаңалықтар, жұрттың таңдауына қалай әсер етеді?

Қауіптен бөлек, бұл кісілер халықтың жауы деп айтар едім. Топтасып алып, дүрбелең тудырады да жүреді. Вакцинаға қарсы үгіттегендердің ішінде, ешкімге айтпай екпе алып алғандары да бар деп ойлаймын. Мұндай адамдарды "провакатор" деп атайды. Осы жағдайды пайдаланып, билік пен халықтың арасын шиеленістіргісі келетіндей. Халық оларға емес, дәрігерлердің айтқанына сенсе екен.

Отандық ғалымдардың вируспен күреске қосқан елеулі үлесі бар. "QazCovid-in" вакцинасы соның анық көрінісі. Жалпы екпе жасап шығарған мемлекеттердің саны саусақпен санарлық. Бұл вакцинаның тиімділігін қалай бағалар едіңіз?

Шыны керек, әуел баста "Спутник" вакцинасы келді ғой. Бәріміз соны алдық. Одан кейін, елдің арасында, әсіресе кеңес одағын көрген алдыңғы толқында, "россиский" сапалы деген бір қызық ұғым бар. Бірақ мен дәрігер ретінде айтарым, "Спутникке" қарағанда сол өзіміздің "QazCovid-in"-ді алғандарда, реакцисы жеңіл өтетінін байқап, біліп отырмыз. Вакцина дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда "прививка" ғой. Баяғыдан, бала кезден алып келе жатырмыз. Салған соң кішкене дене қызуы көтеріліп, әлсіреуі мүмкін. Бір нәрсе анық, бізге өзге мемлекеттер вакцинасын тегін бере бермейді. Берсе де қыруар ақшаға сатады. Сондықтан өзіміздің өндіріске аса мән беріп, соны дамыту керек. Қаражатты сыртқа жұмсамай, өзіміздің ғылымға құйғанын қолдаймын. Вакцинаның атқарар қызметі біреу. Ол адамның ағзасында антидене қалыптастыру. "Пфайзер", "Спутник", барлығының түпкі функциясында айырмашылық жоқ.  

Ел бойынша вакцина паспортын сатқан біраз медицина қызметкерлері ұсталды. Екпе салдырғысы келмей, осы құжатты сатып алғандар да бар. Бұл біріншіден заңсыз, екіншіден денсаулыққа саналы түрде жасалған қастандық сияқты.

Кейбір жауапсыз дәрігерлердің кесірінен сондай заң бұзулар болып жатады. Паспортты сатып алу, мақтан емес. Түбінде сол адамның өзіне қиын болады. Кей кісілер, ауырып келгеннің өзінде жаны қысылып жатса да айтпайды ғой. Мен реанимацияда істеп жүргенде, жалған паспортпен түскен науқастар болды. Оларды аман алып қалу үшін барымызды салдық. Сосын айттық, көрдіңіз бе? Мұның соңы жақсылыққа апармай деп деп түсіндірдік. Реанимациядан бір-ақ шыққандар, бұлай қауіпке бас ұратынымды білсем, жасатпайтын едім деп көзіне жас алғандарды көрдік. Қайтыс болғандар да бар.

Вирустың кесірінен көптеген қазақстандықтар жақындарынан айырылды. Марқұмдардың туыстары ақ халаттыларды айыптаған кездері болды ма?

Өкініш өте көп болды. Біз реанимацияда істеген соң, қайтыс болған адамдарды, жақынын жоғалтқандарды көп көрдік. Бір қиын кезеңді бастан өткердік. Көз жұмғандардың туыстары тойға барған еді, сақтанбай, сенбей жүріп еді, екпе салдыруға қарсы еді деп айтады да, неге өмірін сақтап қалмадыңдар деп бізге ренжиді. Дәрігерлер тәулік бойы тоқтамай қызмет қылып, қолынан келгенін бәрін істейтінін кей кісілер түсінбейді. Түсінгеннің өзінде, той жасап, қарақұрым ел шақырмау керек еді деп өкінеді. Жақыны көз жұмған соң, ондай өкініштің құны бар ма?!

Дәрігерлер өлім мен өмірдің арасында жатқан адамдарды көп көрді. Біраз адамның бетін бері қаратты. Ауа жетпей, үзіліп кеткен науқастар да болды. Мұны көру психологиялық тұрғыдан қаншалықты қиын?

Бізде реанимациядан бөлек, түрлі бөлімдегі дәрігерлер науқастарды емдеуге тартылды. Әр маманға бекітілген палаталар болады. Ақ халаттылар мен сол ауырып жатқан адамдар біраз уақыттан кейін бір отбасыдай болып, біте қайнасып кетеді. Енді елестете беріңіз. Егер емдеп жатқан бір науқасы қиналса, дәрігер жанын шүберекке түйеді. Көз жұмған сәттегі реакцияларын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл үлкен қысым. Өлім мен өмірдің қазанында қайнаған кей әріптестерімнің кейбірі шыдамай, жұмыстан шығып кетті. Ауырған адамның өкпесі 70-80 пайызға қатып қалады. Қарапайым ауаның қадірін түсінбей жүр екенбіз ғой деген ойлар келді.   

Пандемия кезеңі халықтың дәрігерлерге деген көзқарасын өзгертті ме?

Медицина саласында жүргеніме 13 жылдан асты. Осы ауыр кезең ақ халаттыларға деген халықтың ойын өзгертті деп ойлаймын. Жақыным ауырып жатыр деп шауып келеді. Жұмыстан тыс уақытта, тіпті әріптестермен үйде жатқан адамдарды барып емдедік. Халықтың 70 пайызының ұстанымы, ойы өзгерді, дәрігерлерді қадірлей бастады.

Той, жиын өткізу дегенді жақсы көреміз. Бұл шаралар вирустың таралуына таптырмайтын нәрсе сияқты?

Қазір аздап рұқсат бергенімен, толық ашып тастаған жоқ. Мен көріп жүрмін. 500-600 адамға той өткізіп жатқандар бар. Мен оған түбегейлі қарсы адаммын. Ол жерге барып дерт жұқтырып, мүмкін өзің жеңіл өткерерсің. Ал үйдегі бала-шағаңа, әке-шешеңе кепілдік бере аласың ба? Тойда қаншама адам болады. Бәрі бір біріне жақын отырады. Жабық жер, ауа алмасу, қашықтық сақтау деген атымен жоқ. 500 адам қалай алшақ отырады?! Осыдан кейін вирус неге кетпей қойды деп таң қаламыз.

Өткен жылдан бері қара жамылған шаңырақтар, көп. Осыдан сабақ алмағандар әлі де бар сияқты?

Пандемия кезінде халықтың қиналғанын көріп, ат шаптырып той жасаудан бас тартқандар бар. Бірақ одан сабақ алмағандар жетерлік. Жаман нәрсе болса, күйінеміз, құдайдан сұрап, сақтай көр деп жалбарынамыз. Сосын жағдай тұрақталған соң ойдан сап етіп шығып кетеді. Бәрі басқа түскенше ғой. Кейін, жағдайлары тұрақталса, бетперде тағу, қашықтық сақтау деген жайына қалады.

Өзіңіз реаниматолог болып, жаны қысылған елге көмек көрсетіп, көптеген науқасты аман алып қалдыңыз. Халыққа қандай кеңес берер едіңіз?

Өңірлердің статусы әлі мың құбылады. Бірде "қызыл", бірде "сары", жағдай тұрақталса "жасыл" болады. Жұрт ең бірінші кезекте, қарапайым сақтық шараларын естен шығармаса деген өтініш. Екінші, адам көп шоғырланатын жерге баруды азайту керек. Той-томалақ табылады. Бірінші кезекте денсаулық. 500-1 000 адамды жинап алып, жиын өткізбеу қажет. Халықтың аурудан қиналғанын көрдік қой. Үшінші, вирусты ішімдікпен емдеймін деп алданбаса екен. Кейбір науқастар ауырдым, сосын 2-3 күн арақ ішіп едім, жазылып кеттім деп айтады. Ол бос сөз! Вирус тамырларда қанды ұйытып, айналымын азайтып, түбі жүректі тоқтатады. Ауырған адам осындай сәтте алкоголь ішсе, жығылғанның үстіне жұдырық болып тиеді.

Ең бастысы, ат төбеліндей ғана аз халқымыз аман болсын!

Айбек Айдархан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу