Ресей АҚШ-қа Орталық Азия елдеріне әскер әкелмеуді ескертті

3490

Мәскеу Америка Ауғанстаннан кеткенімен, постсоветтік республикаларда қалып, біздің аймаққа ықпалын жүргізуді көздеп отыр деген пікірде. 

Ресей АҚШ-қа Орталық Азия елдеріне әскер әкелмеуді ескертті

Ресей АҚШ-қа Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін Орталық Азияның бұрынғы кеңестік республикаларына өз контингентін орналастырмауды қатаң ескертіп отыр, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Мұны Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков сейсенбі күні мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен айда Кремль басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байденнің Женевадағы кездесуі кезінде Мәскеу Вашингтонға хабарлама жіберген.

Мәскеудің ескертуі өткен аптада америкалық әскерилер Құрама Штаттардың жауынгерлері мен техникасын Ауғанстаннан шығару процесі 90%-ға аяқталғанын мәлімдегеннен кейін жасалып отыр. Ал, таяуда Байден АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери миссиясы тамыздың 31-інде тәмамдалатынын жариялады.

"Мен АҚШ әскерінің Ауғанстанмен көршілес елдерге тұрақты көшуіне жол берілмейтінін атап өткім келеді",– дейді Рябков.

Вице-министрдің сөзінше, Ресей Пентагонға ғана емес, Орталық Азия елдеріне де ескерту жасаған.

"Біз оларға мұндай қадамдар жасамауды ескерттік. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы одақтастарымызбен, көршілерімізбен, достарымызбен және аймақтағы басқа да елдермен осы мәселе жайында ашық сөйлестік",– дейді Рябков "Халықаралық өмір" журналына берген сұхбатында.

Дүйсенбіде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшелері екенін және олардың аумақтарында шетелдік әскерлердің орналасуы қауіпсіздік пәтуасымен расталуы қажеттігін айтып, бұл елдердің ешқайсысы өз жер жерлеріне америкалық күштерді шоғырландыру мәселесін көтермегенін мәлімдеді.

Тәжікстан мен Қырғызстанда Ресей әскері бар. Бішкек АҚШ-тың Ауғанстандағы операцияларын қолдаған базасын 2014 жылы жауып тастады.  Өзбекстан да өз жерінде орналасқан америкалық базаны 2005 жылы Вашингтонмен қатынастары шиеленіскен шақта жабуға бұйрық берді.

"Мен Орталық Азияда жаңа америкалық әскери нысандардың пайда болуы аймақтағы қауіпсіздікке ықпал етеді деп ойламаймын",– дейді Лавров.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Байден әкімшілігі Ауғанстанмен шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстанды, сонымен қатар Қазақстанды америкалық контингент Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін туындауы мүмкін қауіпсіздік проблемаларын бақылауға және жедел әрекет етуге арналған плацдарм ретінде қарастырып отыр.

"Алайда біреулер АҚШ-тың осындай саясаты мен пиғылының құрсауына түсіп, сол үшін жауап беруге мүдделі деп ойламаймын",– дейді РФ дипломатиясының жетекшісі.

Сонымен қатар, Ресей Сыртқы істер министрі НАТО-ның 100 мың адамдық әскері ауған жерінде  "ештеңе істей алмаса", Ауғанстанның сыртында АҚШ-тың аз ғана күші қандайда бір нәтижеге шығара алатынына күмән келтіріп отыр.

"Бәрінен бұрын олар Орта Азияда қалып, осы аймақтағы жағдайға әсер етуді қалайды",– дейді Лавров.

Айта кетсек, өткен айда АҚШ-тың Ауғанстанды татуластыру жөніндегі арнайы елшісі Залмай Халилзад Қазақстанға келіп кетті. Алматыда өткен баспасөз маслихатында мәртебелі мейман Америка әскерінің Орталық Азияға шоғырланатынын жарияламаса да, Вашингтонның біздің аймақ елдерімен қауіпсіздік мәселесі бойынша ғана емес, өзге салалардағы серіктестік жайында да келіссөз жүргізіп жатқанын мәлім етті.

"Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің әскерлер Ауғанстаннан кетіп жатыр. ... Терроризммен күрес, экономикалық даму, өзара іс-қимыл және гуманитарлық мәселелер бойынша өңір елдерімен ынтымақтастық қажет. Біз осы проблемалар бойынша аймақ елдерімен, соның ішінде, Қазақстанмен ынтымақтастықты талқылаймыз. Қазіргі уақытта жариялайтын ештеңе жоқ. Бірақ менің бір айтарым, біздің талқылауларымыз бен келіссөздерімізде алға ілгерілеушілік бар.  Біз, Америка Құрама Штаттары, әрине, аймақтағы ұлттық қауіпсіздігімізді қорғайтын мүмкіндікке ие болуға, сонымен қатар, терроризммен күрес, экономикалық прогресс, аймақтық ынтымақтастық пен тұрақтылық жолындағы ортақ мүдделер үшін басқалармен жұмыс істеуге бекініп отырмыз",–  дейді америкалық елші.

АҚШ пен НАТО әскерлері жедел кетіп жатқан шақта, "Талибан" жасақтары бүкіл елде үлкен күшке тез айналып отыр. Жұма күні олар Ауғанстан аумағының 85% - ын бақылауға алғанын хабарлады.

Ресейлік шенеуніктер тәліптердің шабуылдары Орталық Азияны тұрақсыздандыруы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

"Талибанның" жетістіктері жүздеген ауған сарбаздарын Тәжікстанға жеріне қашуға мәжбүр еткеннен кейін, Душанбе Ауғанстанмен арадағы оңтүстік шекараны нығайту үшін 20 000 резервисті әскер қатарына қайта шақырды.

Дегенмен, өткен аптада "Талибанның" жоғары лауазымды делегациясы Мәскеуге барып, Ауғанстандағы көтерілісшілердің шабуылы Ресейге немесе оның Орталық Азиядағы одақтастарына қауіп төндірмейді деп сендірді.

Арыс Әділбекұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу