Ресей армиясында "бүлік" басталды

2691

РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу барлық жеке әскери компанияларды (ЧВК) екі жарым апта ішінде өзімен контракт бекітуге міндеттейтін бұйрық шығарды. Пригожин одан бас тартты. 

Ресей армиясында "бүлік" басталды Фото: yandex.kz

Солтүстік көршінің қорғаныс министрі Сергей Шойгу арнайы бұйрыққа қол қойды. Оған сәйкес, Ресейге қатысы бар барлық "еріктілер жасақтары" ("добровольческие отряды") 2023 жылғы 1 шілдеге дейін Қорғаныс министрлігімен контрактіге қол қоюға міндеттелді.

Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды.

"Ресей федерациясының Біріккен әскерлер тобының құрамында еріктілер құрылымдарын қолданудың тиімділігін арттыру мақсатында қорғаныс министрі, армия генералы Сергей Шойгу арнайы бұйрыққа қол қойды. Онда еріктілер ұйымдарының қызметін ұйымдастыру тәртібі анықталған. Құжатқа сай, еріктілер жасақтары 1 шілдеге дейін Қорғаныс министрлігімен контрактіге отыруға тиіс. Бұл еріктілер құрылымдарына қажетті құқықтық мәртебені береді, олардың өз міндеттерін орындауының, жан-жақты қамтамасыз етілуінің бірыңғай тәсілдемесін түзеді", – деген түсініктеме берді РФ қорғаныс ведомствосы.

Өз кезегінде РФ статс-хатшысы–қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков бұдан былай Ресейде контракті екі түрге бөлінетінін жеткізді. Әрине, әңгіме Украинадағы соғысқа баратындар турасында болып отыр. Біріншісі – жеке тұлғалармен, ал екіншісі – жеке әскери компаниялармен, майдандағы ресейлік әскерлерге қару, дрондар және басқасын таситын волонтерлік ұйымдармен арада бекітіледі.

"Бұйрық барлық еріктілерге жеке контракт бекітуге де құқық береді. Олар келісімшарт бойынша әскери қызметші ретінде контрактіні не еріктілер жасақтарымен немесе Қорғаныс министрлігімен арада бекіте алады. Осылайша, бұйрық РФ Біріккен әскерлер тобының бөлімшелерін әскерилермен де, сондай-ақ еріктілермен де жабдықтау мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Бұл шаралар қарулы күштерді және оның құрамында еріктілер жасақтарын қолдану тиімділігін және олардың ұрыс салу мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Н.Панков.

Ресей қорғаныс ведомствосының лауазымды өкілі Шойгудың осы бұйрығы Украинадағы соғысты "сапалы жаңа биікке" көтеретінін меңзеді. Өйткені әскери бөлімшелер мен еріктілер ұйымдарының бірлесе, үйлесімді соғысуы жолға қойылады.

Жалпы, Ресей тарапынан Украинадағы "арнайы әскери операцияға" жұмылдырылған еріктілер құрылымдары өте көп. Мысалы, таяуда қастандық жасалып, әзер аман қалған пропагандист жазушы Захар Прилепиннің де әлем мойындамаған "ЛДХР" аумағында ұрыс салған төл батальоны бар. Бұдан бөлек, Ресейдегі әрбір өңір төл еріктілер тобын құрып, Украинада қан төгуге аттандырды.

Ресейлік ақпарат құралдарында ұлттық және өңірлік батальондар жайлы ресми жарияланған. Жасырын қимылдайтын ерікті ұйымдары көп.

Бұлардан өзге жеке әскери компаниялар (ЖӘК) да Украина жеріндегі қантөгіске араласуда.

"Федерал Пресс" ресейлік агенттігі Ресейде ашықтан ашық жұмыс істейтін "ЧВК"-лар тізімін ұсынды. Олардың шағын тізімін 2014 жылы құрылған "Вагнер" ЖӘК-і бастап тұр.

"РСБ Групп" ЖӘК одан көп бұрын, 2005 жылы құрылған. Бірақ ол Украинадағы қырғынға тартылмады, ресейлік және ақысын төлеген басқалардың кемелерін, ондағы құнды жүктерді теңізде және құрлықта қорғаумен, әскери кеңес, консалтингпен айналысады. Тіпті Еуропа елдерінде кеңселері бар. Офистерінің көбі Африкада орын тепкен.

"Редут" ЖӘК Ресейдің Украинаға шапқыншылығына жұмылдырылған. Бұл топ бұрын "Волк" аталыпты.

Аталған бұйрық мәтінінде жеке әскери компания деген ұғым жоқ. Себебі, Ресей заңнамасында "ЧВК" деген ұғым да жоқ. Оның үстіне РФ  заңнамасында әскери жалдамалыларға және олардың құрылымдарына қатаң тыйым салынған: олар қылмыстық қудалануға тиіс. Бірақ Қорғаныс министрлігі "вагнерліктерді" "еріктілер" деп атап жүр.

"Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы Ресейдің Қорғаныс министрлігімен контрактіге қол қоюдан бас тартатынын мәлімдеді.

"Шойгу қалыптастыратын бұйрықтар мен жарлықтар тек Қорғаныс министрлігінің қызметкерлеріне және әскери қызметкерлерге ғана таралады. "Вагнер" Шойгумен ешқандай да контракт бекітпейді. Оның бұйрықтарына тек Қорғаныс министрлігі және министрліктің аясындағылар ғана бағынады. "Вагнер" абсолютті түрде, толығымен Ресей мүдделеріне және жоғарғы бас қолбасшыға бағынады", — деп үзілді-кесілді мәлімдеді Евгений Пригожин.

Ол "өзінің іс-қимылдарын өздері үшін Кремль бекіткен армия генералы Суровикинмен келісетінін, сол қойған міндеттерді орындайтынын" нықтады.

"Re: Russia" жобасының директоры, ресейлік саясаттанушы Кирилл Рогов мұны РФ армиясындағы "бүлік-бунттың алғашқы нышанына" теңеді.

"Пригожиннің ресейлік Басштабпен, армиялық корпорациямен қақтығысы соңғы кездері күрт ушықты. Вагнерліктердің ресейлік офицерді ұрлап әкетіп, азаптауы, камера алдында жалған мойындау жасауға мәжбүрлеуі Шойгудың төзімін тасытқан соңғы тамшы болса керек. Ресей тұрғындары арасында Пригожиннің беделі Путиндікіне жақындай бастады. Сондықтан енді "Вагнер" басшысы бұрын көкейінде терең жасырып келген ашынысын, сынын жоғарғы билікке ашық айтудан қаймықпайтын болды. Әзірге бұл басқарылатын шиеленіс. Бірақ ол басқарылмайтынға айналып шыға келуі де мүмкін", – дейді К.Рогов.

Бұлай бара берсе, Ресей армиясы және еріктілер Украинамен емес, өзара соғысқа түсуі де ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу