РФ пропагандистері неге Қырым татарлары қозғалысынан зәресі ұша қорқады?

3790

Ресейлік "соғыстың насихатшысы" Захар Прилепин комадан шыққанымен қаскөйлік ісінен ұзаққа сырт қалуы мүмкін.    

РФ пропагандистері неге Қырым татарлары қозғалысынан зәресі ұша қорқады? Фото: DW

Inbusiness.kz 2022 жылғы тамызда "орыс әлемінің" идеологы, ресейлік философ Александр Дугиннің қызы, пропагандист Дарья мінген көлік жарылғанда, сараптап жазған болатын. Биылғы сәуірде тағы бір соғыс насихатшысы, "военкор" Владлен Татарский (Максим Фомин) де өзіне тарту етілген мүсіншенің ішіндегі жарылғыш заттың іске қосылуынан қаза тапты. Сол оқиғалардан кейін Кремль беткеұстар пропагандистерін қорғауды күшейтті. Дмитрий Киселёв, Владимир Соловьёв, Маргарита Симоньян сияқтыларды елдегі бірінші тұлғалардың қауіпсіздігіне жауапты Федералдық күзет қызметі күзете бастады.

Дегенмен, империяшыл идеологияның таралуына және соғысқа дем берген пропагандистер енді еш жерде өзін қауіпсіз сезіне алмауы мүмкін. Мұны жазушы, "Справедливая Россия–За правду" партиясының теңтөрағасы, 1999, 1996 жылдардағы Шешен соғысының қатысушысы Захар (шын аты Евгений) Прилепинге жасалған қастандық дәлелдей түсті. Осы орайда "Прилепин деген кім?" деген сұрақ туады. Неге украиналықтар түгіл, ресейлік оппозиция оны ит етінен қатты жек көреді? Мысалы, Қазақстанда да танымал мәскеулік блогер Александр Балу оның атын тек "боқжұққан" (говноприлепин) деп қана атайды. 

Ресейлік саясаткер, бұрынғы муниципалдық депутат, видеоблогер, "Городские проекты" қорының басшысы Максим Кацтың айтуынша, Прилепин бұрын біршама табысты жазушы болған. Бірақ "2014 жылдан кейін есіл-дерті "орыс әлемі" болып, түпкілікті ақылы ауып, жынды болып кетті". Оның үстіне өзге пропагандистерден айырмашылы сол, ол жай ғана әлеуметтік желідегі посттармен, телеарналарға сұхбатымен шектелмеді. Ол Донбасқа соғысқа аттанды.

"Сонда өте көп украиналықтың түбіне жеткенін өзі мақтан тұтып айтады. Қазіргі кезде Прилепин Z-белсенді, соғыстың басты насихатшыларының бірі. Оған кім қастандық жасауы мүмкін? Ондай жаулары көп. Украинаның арнайы қызметі, ресейлік чекистер, пропагандаға бөлінген бюджеттік қаражатты онымен бөліскісі келмейтіндер, оған тісін қайраған жекелеген украиналықтар, ресейлік партизандар, оның майдандағы опасыз тірліктері үшін өшіккен бұрынғы қаруластары. Қастандық идея үшін, ақша үшін, өкпе мен кек үшін жасалуы, немесе жеке жеккөрініш те мотивке айналуы мүмкін. Ресейдегі қаптаған "соғыс бұлбұлдарының" қаза болуының себептерінің тізімі Транссібір магистралінен де ұзын. Қалай болғанда, бейбіт халықты өлтіргені үшін мақтанатындарға еш аяушылық болмайтыны белгілі. Бұлар жиіркеніштен басқа сезім тудырмайды", – деді Максим Кац.

Ол мұның бәріне Кремльді айыпты санайды. Себебі, Украинаға шапқыншылық жасағанға дейін Ресейде түрлі қылмыстар, соның ішінде кісі өлтіру көрсеткіштері біртіндеп төмендеп келе жатқан. Енді Ресейде адамдарды жарып өлтіру "дәстүрге" айналып барады.

"Бұл тұрғыда РФ мұндай нәубет алдында құзырлы органдары, күш құрылымдары қауқарсыз әлдебір африкалық failed state, қалыптаспаған мемлекетке айналып барады. Тапа-тал түсте танымал адамдарға қастандық жасалуы қоғамды селт еткізбейтін болды. Ресейдің өз ішіндегі қаншама топтар, саяси күштер өз проблемасын зорлық арқылы шешуге әуестенді. Бұған қоса, қару-жарақ, оқ-дәрі айналымы қатаң бақылаудан шығып кетті. Сондықтан Ресейде "тағы жаңа қастандықтар бола ма?" деген сұрақ жоқ. Тек "Қашан кім кімді қалай өлтіреді?" деген сұрақ бар. Соғыстың шынайы салдарларының бірі осы. Соғыс ұзаққа созылса, Ресейдің ішіндегі зорлық та ушығады. Жүздеген мың ресейлік соғысуға үйреніп жатыр. Ол адамдар үшін дауды шешудің қысқа жолы бар, олар сотқа жүгінбейді. Кім кіммен не үшін қақтығысып жатқанын ұғыну қиынға түседі. Бұл азаматтық соғысқа ұласуы ғажап емес", – деді М.Кац.

Өз кезегінде РФ Тергеу комитеті Донецк облысының тумасы, 29 жасар Александр Пермяковқа РФ қылмыстық кодексінің 205-ші бабы (теракт) және 222-ші бабы (заңсыз қару айналысы) бойынша айып тағып, қылмыстық іс қозғады.

Бірақ сарапшылар бұл жерде біраз қайшылықты анықтады. Ресейлік "МК" газеті дереккөздеріне жүгініп, Пермяковтың ресейлік сепаратист екенін анықтады: ол 2014 және 2015 жылдары "ДХР" жағында соғысқан. Пермяковты полицейлер Козлово деревнясының жанынан ұстап алған. Ал жарылыс Бор деревнясының аумағында болды.

РФ ІІМ дерегінше, 6 мамырда Нижегород облысында Прилепин отырған көлікте жарылыс болды. Ол ауыр жағдайда Нижегород ауруханасына жатқызылған. Оның жүргізушісі және күзетшісі Александр Шубин оқиға орнына тіл тартпай кетті. Ақпарат құралдарының дерегінше, Шубин де Украинаға қарсы соғысқандардың бірі. 2020 жылы Беларусьте ұсталған "вагнерліктердің" қатарында болған.

Көптеген сүйегі күл-талқан болып қираған Прилепинді емдеу үшін сол күні дәрігерлер оны дереу медикаментозды комаға кіргізді. Кеше Прилепиннің комадан шығып, есі кіргені белгілі болды.

Полиция күдіктіні тез ұстап алды: жарылыс бола сала, Козлово деревнясының маңында орманнан шығып келе жатқан ер адамды қолға түсірді. Ішкі істер қызметкерлерінің айтуынша, оның "көл жанында құр аулағаны" туралы әңгімесі күдік тудырыпты. Себебі ол жерде көл жоқ көрінеді. Қолында аулаған олжасы да болмаған. Күдікті Пермяков видеокамера алдында айыбын мойнына алып, Украинаның арнайы қызметінің тапсырмасымен қимылдағанын мәлімдеді. Ол украиналық арнайы қызмет өкілдері 2018 жылы оны "өз жағына шығарып" алғанын (вербовка) айтады. Бірақ содан бері олар үшін ештеңе істемеген.

Қайшылықтарға қарамастан, РФ Сыртқы істер министрлігі Украинаның Қауіпсіздік қызметін (УҚК) Прилепинге қастандық ұйымдастырды деп айыптай жөнелді.

Дәл осы кезде "Әтеш" атты Қырым татарлары мен украиналықтардың қоғалысы Прилепинге қастандық үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

Комадан шыққан Захар Прилепин өз телеграм-арнасында пост жариялады. Онда ол көлікті өзі жүргізгенін жеткізді.

"Туғанымдай болып кеткен, 8 жыл қорғаушым болып істеген адам қаза тапты. Саша "Злой" Шубин. Жаужүрек жауынгер, дос, бауыр. Ақпарат құралдары шатастырыпты. Саша шынында оң жақтағы жолаушылар креслосында келе жатқан. Рөлде мен болдым. Жарылыс та соның креслосының астында болды. Мен үш минутқа естен танып қалдым, өзіме өзім келген соң қирап қалған алдыңғы терезеден жорғалап шықтым. Село тұрғындары жүгіріп жетіп, машинадан шығуға көмектесті. Менің қос аяғым сынған, оның біреуінің жілігі сыртына шығып кетіпті, тағы да басқасына зақым келген", — деп хабарлады З.Прилепин.

Ақпарат құралдары оның Украинаның оккупацияланған аумағынан қайтып келе жатқанда қастандыққа тап болғанын жазуда. Сарапшылар тіпті өлмегенімен, Захар Прилепиннің бәрібір біразға дейін зәлім ісінен шеттеп қалатынына назар аудартады. Айыққанның өзінде, соғысты сөзбен ғана емес, іс жүзінде белсенді қолдауға батылы бармауы мүмкін.

Ол өлімнен құтқарғаны үшін Нижегород облысының губернаторы Глеб Никитинге қарыздар екенін білдірді: қалаға дейін көлікпен тек 3 сағатта әзер жететін еді, губернатор шұғыл түрде тікұшақ жолдап, ауруханаға 16 минутта жеткізіпті. Сонымен бірге Прилепин жарылыстан 5 минут бұрын автокөлігінен қызын түсіріп кеткенін есіне алды. Отбасы сол қалада тұрады. Демек, ұрпағы үшін де аяғын аңдап басса керек.

Сол жолы Нижегород облысына Захар Прилепин әлем мойындамаған "ЛДХР" аумағынан сапарлап келді: сонда оның төл батальоны бар. 2014 жылдан бері ол қаруластарымен бірге Украинаға қарсы соғысуда. Мәскеу Украина жеріне кең ауқымды шапқыншылық жасаған соң Еуроодақ, Ұлыбритания және басқа дамыған елдер Прилепинге қарсы санкция енгізді. Бұған дейін Украина жағы оны "ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер" деп атап, тиісті қара тізімге кіргізді.

2019 жылғы тамызда "Редакция" жобасы аясында Алексей Пивоваровқа сұхбатында Захар Прилепин Донбастағы қарулы жанжалға қатысқаны үшін сотқа, тіпті Гаага сотына тартылудан еш қорықпайтынын мәлімдеген. Оның артында Мәскеу, "орыс әлемі" қорған болып тұр.

"Мен Донбаста әскери бөлімшені басқардым. Адамдарды үлкен көлемде қырып салдық. Олардың саны көп, барлығы өлтірілді, жай ғана жер бетінде шашылып жатыр. Біздің батальон көрсеткіштер бойынша басқасының бәрінен асып түсті. Біз Донбаста еш қымсынбай, бейбастақтық, бассыздық, "беспредел" жасадық", – деп мақтанған еді сонда Захар Прилепин.

Халықаралық ақпарат құралдарының дерегінше, оны жарғанын жариялаған "Әтеш" қозғалысы Украинаның оккупацияланған аумағында қимылдайтын қарулы партизандардың бір тобы көрінеді. Ол құрылғанын 2022 жылғы қыркүйекте жариялады. Құрамына Қырым татарлары, сондай-ақ украиналықтар мен ресейліктер кіріпті. Олар өз мәлімдемесінде РФ армиясын іштен күйрету үшін былтырғы қыркүйектегі мобилизация аясында ресейлік әскердің құрамына кіргендерін жария етті. Сол жақтан Украинаға РФ әскери қоймаларының, солдаттар тұратын казармалардың, техника сақталатын базалардың орнын, бекіністеріне қатысты мәліметтерді хабарлауға уәде етті.

Сонымен бірге олар диверсиялар ұйымдастыратынын ескертті. Бұл ретте "Әтеш" Прилепиннің ізіне 2023 жылдың басынан бері түскенін хабарлады. Олар соғысқұмар жазушының көзін құртатынын биылғы қаңтарда жария еткен болатын. Ақпарат құралдары бұл қозғалыстың былтырғы жыл соңынан бері болған біраз қастандық оқиғаларына қатысы бар деп санайды.

"Газета.Ru" жазуынша, отставкадағы полковник, соғыс насихатшыларының бірі Михаил Ходаренок ресейлік саяси және қоғамдық қайраткерлер, танымал тұлғалар бұдан былай еш жерде өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын мәлімдеді. Сондықтан олардың әрқайсысы төл қауіпсіздігін қорғау шараларын күшейте түскені жөн екен.

"Террористік қатер енді тек өрши береді. Мұндай жарылыстар Калининградтан бастап, Владивостокқа дейінгі кез келген жерде болуы ықтимал. Қазіргі уақытта ресейлік танымал тұлға еш жерде өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Сондықтан Захар Прилепин сияқты көрнекті саясаткерлер, қоғам қайраткерлері қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет", — деді М.Ходаренок.

Осылайша, "соғыс бұлбұлдары" "Украинаны үш күнде аламыз, бір айда Еуропа бағынады" деген сатыдан "Біз енді Ресейде де өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз" деген стадияға дейін небары 14 айда жүріп өтті. Бәлкім, қауіпсіз, бейғам өмірді қайтару үшін Мәскеу қарсыласының талабына мойынсұнып, бітімге келгені дұрыс болар...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу