Ресейлік пропагандистер өз өмірі үшін қауіптене бастады

2689

Петербордың орталығында Пригожинге тиесілі болған дәмханадағы жарылыста атақты пропагандист Владлен Татарский қаза тапты.

Ресейлік пропагандистер өз өмірі үшін қауіптене бастады Фото: yandex.kz

2 сәуірде, алдымен ресейлік ақпарат агенттіктері Петербордағы "Стрит-бар" дәмханасындағы жарылыс салдарынан "военкор" Владлен Татарскийдің жантәсілім еткенін жарыса хабарлай бастады. Солтүстік көршіде соғыс тақырыбына маманданған military blogger-лерді "военкор" деп атайды.

Кеше кешке жарылыс құрбанына қатысты ақпаратты РФ ішкі істер министрлігі растады.

"Оқиға кесірінен бір адам өлді. Ол әскери корреспондент Владлен Татарский болып шықты", – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Санкт-Петербургтегі дәмханада жарылған жарылғыш құрылғының қуаты 200 грамм тротилдан асты. Бұл туралы күш құрылымдарының мәліметіне сілтеме жасап, ТАСС хабарлады.

Құрылғы алтын жалатылған мүсінше-статуэтканың ішіне жасырылыпты. Себебі, ол сабынның көлеміндей ғана шағын болғандықтан, соған жасыру қиындық тудырмаған. Қолдан жасалған мүсіншені белгісіз бір қыз әкеліп, Татарскийге тарту еткен деген жорамал бар. Бейнежазбаларды сүзіп жатқан құқық қорғау органдары осындай алдын ала байламға келіпті. 

РФ Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 105-бабының 2-бөліміне сәйкес, "жалпыға қауіпті тәсілмен кісі өлтіру" қылмысының белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Петербор губернаторы Александр Бегловтың хабарлауынша, жарылыс салдарынан зардап шеккендер саны 25 адамға жетті. Оның 19-ы ауруханаға жеткізілген.

Ресейлік сарапшылар дәстүрлі түрде бұдан Украинаның ізін іздестіріп жатыр. Бірақ Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк мұны жоққа шығарып, Украина тарапының В.Татарскийдің түбіне жеткен жарылысқа қатысы жоқтығын мәлімдеді.

"РФ-да басталып та кетті... Шыны банк ішіне қамалған өрмекшілер бірін-бірі жей бастады. Шегіне жете бұралған гайкалар елінде ішкі лаңкестік ішкі саяси күрестің құралына айналды. Солай болатынына еш шүбә жоқ еді, тек қашан басталатыны белгісіз болған. Пісіп-жетілген ірің жарылды. РФ-ты бой бермес процестер және "Смута 2.0." аласапыран заманы күтіп тұр. Ал біз әзірше сырттан сынай қараймыз", – деп жазды М.Подоляк.

Ресейлік "Фонтанканың" дерегінше, бұрын "Стрит-бар" дәмханасы Евгений Пригожиннің меншігінде болған. Онда әр демалыс күндері "Кибер Z фронт" аталатын пікірталас клубы жиналады. Украинаны және Ресейдің басқа да қастарын жою, ресейлік пропаганданы өрістету сияқты мәселелерді талқылап, шешімін бірлесе іздейтін болған. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, кеше онда Владлен Татарскийдің шығармашылық кеші өтіп жатыпты.

Куәгерлер кешке көп адам жиналғанын жеткізді. Жарылыс сахнада болған. Оның қуаттылығы сонша, дыбысы мен дүбірін таяудағы Благовещенский көпіріндегі адамдар да естіген. 

"Фонтанка" әңгімелескен Z-жиынның қонақтарының бірі мынаны әңгімеледі:

"Шамамен 100 шақты адам жиналды. Үстелдердің бірінде өзін Настя деп таныстырған келіншек жалғыз отырды. Ол суретші екенін, арнайы әскери операция қаһармандарын дәріптейтін композиция жасағысы келетінін, бірақ бұл күрделі болып шыққанын әңгімеледі. "Сондықтан мен әзірге тек сіздің бюстіңізді жасап шықтым" деп хабарлады ол кеш иесіне. Мүсіншесін киім ілетін орынға қалдырып кетіпті. Өзі барып, үлкен қорапты алып келіп, соған тапсырды. Ішінде алтын статуэтка бар болып шықты. Кеш иесі өзі тым жуан болып бейнеленбегенінен үміттенетінін айты, әзілдеді. Алғысын айтып, қорапты қасына қойды. Әлгі қыз орнына барып отырды. Үш минуттан соң жарылыс болды. Айнала жалынға оранды, жұрт жапатармағай далаға қашты. Бірақ "Настя" ерте кетіп қалмаған сияқты", – деді куәгер әйел.

Сондықтан терактіге оны айыптауға әзірге ерте сияқты.

Би-Би-Сиге сұхбатында Татарскийдің жақын танысы саналатын басқа бір "военкор" Владленнің ауруханаға жеткізілгенін, бірақ жан сақтау бөлімінде тіл тартпай кеткенін әңгімеледі.

Оқиға орнына жедел жәрдем сыртында, құтқарушылар және газ қызметі шұғыл жетті. Арнайы органдар, полиция қызметкерлері, тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап, қылмысты жасауы мүмкін күдіктілерді жабыла іздеп жатыр.

Татарский деген кім?

Максим Фомин бұрын Украинада, Донбастағы Макеевка қаласында тұрған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 2011 жылы банк тонағаны үшін 12 жылға сотталыпты. Бірақ үш жыл өткенде оны Украинаның осы өңірлерін басып алған ресейліктер босатып, өз қатарына қосып алады.

Содан бері Максим Фомин ресейлік жазушы Пелевиннің романының қаһарманының атын алып, өзін Владлен Татарский деп атап жүрді. Ол "Восток" батальонының құрамында соғысты. Кейін блогер ретінде тіпті жауын жамандағанда сөз таңдамайтын бейбастақ ресейлік пропаганда аясында да қатты ерекшеленді. Ресейдің Украинаға шапқыншылығын барынша дәріптеді, РФ қандықол әскерінің даңқын асыруға барын салды.

2022 жылғы қыркүйекте Украинаның Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарын РФ құрамына қосып алу салтанатына шақырылған қонақтардың ішінде сол да болды. Рәсімдегі В.Путиннің сөзін тыңдап, рухтанып шыққан Максим Фомин (Татарский) Кремль ішінде видеоролик жазып, тіпті ресейліктердің төбе шашын тік тұрғызған ауыр сөз айтты:

"Біз барлығын жеңеміз, барлығын қырып саламыз, қажет болса, тонаймыз. Барлығы біздің қалағанымыздай болады", – деді блогер М.Фомин.

Енді қырық жасында жаны жәһаннамға кетті.

Фомин өз әкесінің сепаратист болғанын жасырмай айтатын. Оның әңгімелеуінше, өзі Украинаның Макеевка қаласында туып, өмір бойы сонда тұрыпты. Оның әкесі, "орыс патриоты, қарапайым шахтер", баласын да Ресейге деген патриоттық рухта тәрбиелеген екен. Содан ол Украина патриоттарын жек көріп өскен. Оларға мүмкіндігінше, зиян жасауға тырысқан, мысалы, "украин тілі сабақтарында ұсақ диссиденттік тентектіктер" жасап отырған.

Татарскийдің баяндауынша, ол бизнеспен шұғылданыпты. Бірақ банк тонағаны үшін түрмеге қамалған. 2014 жылы абақтыдан қашып шыққан соң ресейшіл "ополчениеге" қосылады.

Артынша құқық қорғау органдары темір торға кері оралтқан, өйткені оны босатуға заңды негіздер табылмапты. Алайда рақымшылыққа ілігіп, әскерге контракті бойынша аттанды. 2019 жылы Ресей жағында соғысуын тоқтатып, блогерлік қызметке ауысты. Мәскеуге жұмыс істеуге барды. Өткен жылы кең ауқымды соғыс басталғанда, оны мадақтаушылардың алдыңғы қатарынан табылды.

Татарский: "Украина мемлекет ретінде жер бетінен жойылуға тиіс" деп ашықтан ашық уағыздайтын. Ол сұхбаттарының бірінде Украинаның осынша табанды қарсылық көрсететінін күтпегенін мойындады, сондықтан оны тізе бүктіру үшін бұрынғы отанын және бейбіт тұрғындарды "аяусыз, үстемелете бомбалауға" шақырды.

Өзгеге ор қазба деген осы болса керек.

Ресейлік басылымдар "Стрит-бар" деп жазған дәмхана шынында Street Food Bar №1 деп аталады. 2022 жылғы шілдеде "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин бұл дәмхана оның "Конкорд" компаниясына тиесілі екенін айтқан. Бұл орын қанқұйлы соғысты қызу қолдаушылар жиналатын ошаққа айналып кетіп еді.

Жалпы, ресейлік сарапшылар да бұл оқиғадан кейін РФ пропагандистері аяғын аңдап басып, халық көп жиылатын жиын, жиналыс, тойларға барудан тайсақтауы мүмкін деп тұспалдап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу