Ресей Батыстың мұнай бағасына шектеуін айналып өтіп күрт байыды

2797

Солтүстік көрші биыл қара алтыннан рекордтық табыс тауып жатыр. 

Ресей Батыстың мұнай бағасына шектеуін айналып өтіп күрт байыды Фото: rg.ru

Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, Ресейдің мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаудан табысы биылғы шілдеде, маусым айымен салыстырғанда бірден 20% өсті. Осылайша, Мәскеу тек бір ғана айда қара алтынынан 15,3 миллиард доллар табыс тапты.

Bloomberg хабарлауынша, бұл 2023 жылдың басынан бері тіркеліп отырған ең жоғарғы табыс саналады. Бірақ бұл 2022 жылғы шілдеге қарағанда 20% кем. Яғни, ресейлік мұнай саудасын шектеуге тырысқан Батыстың санкциясының ықпалы да бар.

РФ мұнайы экспортының көлемі шілде айында тұрақты болып қалды: тәулігіне шамамен 7,3 млн баррелді құрады. Шикі мұнай экспортының биыл тәулігіне 200 мың баррелге азаюын Ресей мұнай өнімдерінің экспорттық ағынын арттыру арқылы өтеді.

Өткен жылдың соңында G7 елдері мен Еуроодақ РФ мұнайының әр баррелін 60 доллардан қымбат сатып алмауға келісіп, баға шектеуін енгізген. Алайда ресейлік мұнайдың Urals маркасының құны шілдеде 64,41 долларға дейін қымбаттады. Сөйтіп, дамыған елдер бекіткен шектен асып кетті. Бүгінде 70 доллардан да асты.

Сарапшылардың айтуынша, бұған орыс мұнайын үнді елінің қымбатқа сатып алуы түрткі болған: Үндістан Батыстың бұл санкциясына қосылған жоқ. Мәскеу Нью-Делиге және басқа серіктестеріне былтыр жомарттықпен ұсынып келген жеңілдік-дисконттарынан биыл бас тартты.

РФ Қаржы министрлігінің дерегінше, Urals мұнайы биылғы сәуірде 58,63 долларға, мамырда 53,34 долларға, маусымда 55,28 долларға, ал шілдеде 64,37 долларға сатылды. 2023 жылғы 15 шілде мен 14 тамыз аралығында Urals бағасы әрбір баррелі үшін 70,33 долларға немесе әр тоннасы үшін 513,4 долларға дейін күрт өсті. Яғни, батыл қымбаттатуда.

Financial Times хабарлауынша, Ресей дамыған елдер қойған мұнай бағасына шектеуді айналып өтудің тәсілін тапты. Ол айла-шарғы қарапайым: декларацияларда, ілеспе құжаттарда орыс мұнайының әр бөшке-баррелі 50–55 доллардан сатылғаны көрсетіледі. Қалған құны жеткізу бағасына жатқызылады.

Осылайша, ресейлік компаниялар тасымал шығыстарын бірнеше есе арттыру арқылы шикі мұнайды шетелге сатудан G7 мен Еуроодақ белгілегеннен әлдеқайда көп пайда табуда.

Financial Times талдауы көрсеткендей, осы тәсілмен РФ тек Үндістанға мұнай экспортынан биылғы бір тоқсанда 1 миллиард доллардан астам қосымша табыс көрді. Бұл бір ғана бағыт. Ал Ресей қара алтынын Қытайға, Еуропаның бірқатар елдеріне, Азияға тасиды.

Фото: gazetatolk.ru

"Бертінге дейін Ресей өзінің кірісін төмендетуге бағытталған батыстық шектеулерді сақтап келгендей көрінген. Оның өндірушілері жаһандық нарыққа, соның ішінде Үндістанға мұнайдың әр баррелін 60 доллардан төмен бағаға сатуда. Бірақ ресейлік компаниялардың сол мұнайды жеткізу шығыстарын талдағанда, олардың Үндістаннан тасымал үшін тым көп қаражат алып отырғаны анықталды. Осы мақсатта FT Балтық теңізіндегі ресейлік порттардан Үндістанға сапарлайтын танкерлердің мәліметтерін талдады. Оның қорытындысы тасымал бағасының және басқа да комиссиялық алымдардың сомасы шамадан көп жоғарылатылғанын көрсетті. Бұл сома биылғы шілдеге дейінгі үш айда 1,2 миллиард долларды құрады", – деп мәлім етті Файнэншл Таймс.

Бұл қулық әшкере болған соң сарапшылар дамыған елдердің Ресейге қарсы жаңа шектеулер енгізуі керектігін ескертеді.

Фото: reuters.com

"Мұнай бағасына қойылған лимит ресейлік табыстарды салмақты түрде шектейді. Мына айла Путиннің сол шектеудің ықпалын жұмсартуға талаптанып, жанталаса тал қармап жатқанын көрсетеді. Оның жаңа қулық-сұмдыққа баратынын болжадық. Ресейге қанқұйлы соғысын қаржыландыруға көмектесіп отырғандар білгені жөн: Ұлыбритания аталған шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету жолында ары қарай серіктестерімен бірлесе әрекет ететін болады", – деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли.

Дегенмен, қандай шаралар қабылданатынын айтпады.

Ресей шығарған кедендік есептемелерде жазылғандай, 2022 жылғы желтоқсаннан бері бұл елдің шикі мұнайының әр бөшкесі шамамен 50 доллардан өткізіліп жатыр. Бұл – Балтық порттарындағы жөнелту бағасы. Сөйтіп, РФ шектеуді бұзбаған сыңай танытты.

Алайда Үндістанның кедендік есептемелерінде орыс мұнайының CIF (шикізат, сақтандыру және фрахт құны) бағасы әр баррелге 68 доллардан келетіні көрсетілген.

Фото: news.myseldon.com

Нәтижесінде, үнді еліне жеткенше, әр баррелі 18 долларға қымбаттап шыға келген. Argus сарапшыларының түсіндіруінше, шынында, тасымал, сақтандыру және фрахт шығыстары әр баррелі үшін шамамен 9 доллар ғана болуға тиіс.

Салыстырсақ, дәл осы кезде өзге елдердің мұнай маркаларының әр баррелі орта есеппен шамамен 79 доллар тұрды. Яғни, үнді еліне бәрібір бағасы өскен РФ мұнайын сатып алу тиімдірек болды. Сондықтан Нью-Дели Мәскеудің былтырғы дисконтты жойғанына наразы болғанымен, оның қара алтынын сатып алуды жалғастырды.

FT тілшілерімен әңгімелескен Үнді мемлекеттік мұнай компаниясының өкілі "Үндістанның орыс мұнайын жеткізу құнымен бірге сатып алатынын" жеткізді. Бұл ретте шенеуніктің мәліметінше, Ресей фрахт және басқа да шығыстар құнын төмендету туралы келіссөздерге бармайды.

Kpler аналитикалық компаниясының дерегінше, "Лукойл" мен "Роснефть" өз мұнайларын тікелей үнді мұнай өңдеу зауыттарына жеткізеді. Үндістан оны өңдеп, саналуан мұнай мен мұнай-химия өнімдерін жасап, Батыс пен Шығыс елдеріне бірнеше есе қымбатқа сатады, табыс табады.

Сонымен бірге Мәскеу санкция астында қалғалы "көлеңкелі флот" құрды. Оның сатып алған танкерлері Маршалл аралдары, Либерия сияқты дамушы елдердің юрисдикцияларында тіркеліп, солардың туының астында жүзеді. Бірақ олар да Мәскеудің бақылауында. "Сұр" танкерлер мен сауда компанияларының Ресейге қанша миллиард табыс әкелгенін сарапшылар біле алмапты.

Ресейдің Балтық теңізіндегі порттарынан жөнелтілетін мұнайының тек 40%-дайын ғана ресми ресейлік флот тасиды екен.

Жалпы алғанда, Ресей мамыр мен шілде аралығында Балтық теңізі арқылы Үндістанға 134 кемемен 108 миллион баррель мұнай жеткізді.

Сарапшылар Мәскеудің не себепті осындай көзбояушылыққа барып, батыстық баға шектеуін формалды болса да сақтауға тырысып отырғанын анықтады. Бұл оған өз кемелерін дамыған елдерде сақтандыруға мүмкіндік береді екен. Яғни, танкерлерге немесе оларға тиелген өнімге қатысты бір оқиға бола қалса, дамыған елдерден қомақты өтемақы алады.

Белгіленген баға лимитін қағаз жүзінде сақтауының арқасында РФ мұнайын тасымалдайтын кемелердің жартысынан астамы G7 елдерінде сақтандырылды.

Осының арқасында батыстық білікті мамандарды да тарта алады. Кем дегенде 46 танкерді грекиялық менеджерлер басқарады.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, мұнай экспортынан түсетін Ресейдің табысы биылғы шілде қорытындысында былтыр баға шектеуі енгізілгелі бергі ең жоғарғы деңгейге жетті.

Қара алтыннан жиятын Мәскеудің валюталық табыстары алда тіптен артатын түрі бар. РФ 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап, мұнайдан алынатын экспорттық алымды еселеп арттыратын болды. РФ Қаржы министрлігінің хабарлауынша, мұнайдың әрбір тоннасынан төленетін экспорттық баж салығы алдағы айда қазіргі 4,5 доллардан 21,4  долларға дейін, яғни 4,7 еседен артық өседі.

Бұл алымды өз мұнайын Ресей арқылы айдайтын Қазақстан да төлейді.

Ендеше Мәскеудің Украинадағы соғысын жаңа қарқынмен жалғастыруына қаражаты жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу