Ресей Донбасс жұртын қорғауды соғысқа сылтау етіп таңдауы мүмкін

4244

Мәскеу Украинаның шығысында жүздеген мың тұрғынға РФ паспортын жедел беріп, көрші елге ықпалын кеңейтуге әрекет жасап жатыр. Госдума болса, "ДНР" мен "ЛНР" тәуелсіздігін мойындау туралы Путинге өтініш жасады. Кремль басшысы болса, бұл идеяны қолдауға ниет танытпай отыр.

Ресей Донбасс жұртын қорғауды соғысқа сылтау етіп таңдауы мүмкін

Ресейдің Украинаға басып кіру қаупі күшейген шақта, Донбасста Украина армиясы мен ресейшіл сепаратистер арасындағы шиеленіс қайта ушығып отыр.

Мұнда сегіз жылға жуық шайқаста 14 мыңнан астам адам қаза тапты. Ал бейсенбі күнгі қақтығыстардан кейін Мәскеу бұл ахуалды басып кіруге сылтау ретінде пайдалануы мүмкін деген алаңдаушылық туындап отыр.

Украинаның шығысындағы көтерілісшілер бақылауындағы аудандардағы жағдайға назар аударсақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей:

Сеператистер көтерілісі

2014 жылдың ақпанында Украинаның Мәскеуге жақтас президенті жаппай наразылықтар нәтижесінде қызметінен қуылғанда, Ресей бұған жауап ретінде Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алды. Содан кейін РФ негізінен орыстілділер қоныстанған Донбасстағы көтерілісті қолдауға кірісті.

2014 жылдың сәуірінде ресейшіл көтерілісшілер Донецк және Луганск облыстарындағы үкіметтік ғимараттарды басып алып, "халық республикаларын" құрғандарын жариялап, украин жауынгерлерімен және ерікті батальондармен шайқасты.

Келесі айда сепаратистік аймақтар тәуелсіздік жариялап, Ресей құрамына кіру үшін жалпыхалықтық дауыс беру процедурасын өткізді. Алайда Мәскеу бұл аймақтарды өз орбитасында ұстап, оларды Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеуге қолданатын құрал ретінде пайдаланып келеді.

Украина мен Батыс үкіметтері Ресейді көтерілісшілерді әскермен, қару-жарақпен қолдады деп айыптап келеді. Мәскеу болса, мұның бәрін жоққа шығарып, көрші елдің шығысында соғысқан ресейліктерді еріктілер деп атады.

Танктердің, ауыр артиллерияның және әскери ұшақтардың қатысуымен болған қиян-кескі шайқастар кезінде Malaysia Airlines компаниясының 17-ші рейсі 2014 жылы шілденің 17-де Украинаның шығысына құлап, оның бортындағы 298 адам түгел қаза тапты. Халықаралық тергеу жолаушылар ұшағы көтерілісшілер бақылауындағы аумақта Ресейден жеткізілген зымыранмен атып түсірілді деген қорытындыға келді. Бірақ Мәскеу бұл оқиғаға да қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

Бейбіт келісімдер

2014 жылдың тамызында Иловоиск шайқасында украин әскерлері ойсырай жеңіліске ұшырады. Содан кейін Киев пен көтерілісшілер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ( ЕҚЫҰ) өкілдері 2014 жылдың қыркүйегінде Беларусь астанасы Минскте атысты тоқтату туралы бітімге қол қойды.

Бұл құжат ЕҚЫҰ бақылауы аясында әскери жандалды доғаруды, барлық шетелдік жауынгерлерді кері қайтаруды, тұтқындар мен кепілге алынғандарды айырбастауды, көтерілісшілерге рақымшылық жасауды және сепаратистік аймақтардың өзін-өзі басқару дәрежесіне ие болуы туралы уәдені қарастырды.

Дегенмен жаңа келісім тез бұзылып, ауқымды шайқастар қайта басталып, 2015 жылдың қаңтар-ақпан айларында Дебальцевода украиндық күштер тағы бір ірі жеңіліске ұшырады.

Франция мен Германияның арағайындығымен 2015 жылы ақпанда Минскіде Украина, Ресей және көтерілісшілердің өкілдері тағы бір бейбіт келісімге қол қойды. Ол атысты тоқтатуды, ауыр қаруларды әкетуді және мәселені саяси реттеуге бағытталған бірқатар қадамдарды қарастырды. Бұл келісімді қолдайтын декларацияға Ресей, Украина, Франция және Германия басшылары қол қойды.

Тоқтатылған жанжал

2015 жылғы келісім Кремль үшін ірі дипломатиялық төңкеріс еді. Өйткені бұл пәтуа Украинаны сепаратистік аймақтарға ерекше мәртебе беруге міндеттеп және сол аймақтарда жеке полиция күштерін құруға, жергілікті прокурорлар мен судьяларды тағайындауға жол ашты. Сондай-ақ Украина көтерілісшілер бақылауындағы аудандардың Ресеймен шектесетін 200 шақырымдық шекарасын өз бақылауына қайтаруға (жергілікті сайлау өтіп, сепаратистер өзін-өзі басқаратын жағдайға жеткеннен кейін ғана) тиіс еді.

Көптеген украиндықтар мұны ұлттық мүддеге жасалған сатқындық деп қабылдап, Минск келісімі орындалмай қалды.

Минск келісімі кең ауқымды шайқастарды тоқтатуға көмектескенімен, Донбасстағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып, майдан шебінде қақтығыстар жалғасып келеді.

Сонымен қатар Мәскеу көтерілісшілер аймақтарындағы 3,6 миллион халықтың бестен бір бөлігіне – 720 мыңнан астамына ресейлік төлқұжатты беру арқылы Донбассты өз бақылауында ұстауға әрекет етіп отыр.

Ресей сепаратистік аймақтарға экономикалық және қаржылық көмек көрсетті. Дегемен бұл жәрдем соғыстан келген ауқымды шығынды жеңілдетуге және экономиканы нығайтуға жеткіліксіз болып тұр. Айта кетсек, Донбасс соғысқа дейін Украинаның жалпы ішкі өнімінің шамамен 16 пайызын құраған еді.

Азаматтықты жылдам беруден бөлек, Ресей өздерін республика деп жариялаған Донецк пен Луганск тұрғындарына Кремльдің билеуші ​​партиясына мүше болуды, COVID-19-ке қарсы вакцина алуды және саудалық жеңілдіктерді ұсынып отыр.

Бейбіт келісімді жандандыруға әрекет

Ресей әскерінің Украина маңына шоғырлануына байланысты шиеленіс күшейген шақта, Франция мен Германия 2015 жылғы келісімді жандандыруға әрекеттеніп жатыр.

Берлин мен Париж бұл пәтуаны орындауды талап етіп келеді. Алайда Украина шенеуніктері бұған аса ынта танытпай, Минск келісімін сынауды күшейтіп, оның мемлекетті жоюы мүмкін құжат екенін ескертіп отыр.

Ресей, Украина, Франция және Германия президенттерінің өкілдері осы мәселе бойынша Париж бен Берлинде екі рет келіссөз жүргізіп, одан нәтиже шығара алмады.

Келіссөздер тығырыққа тірелген кезде, Ресей парламентінің төменгі палатасы Президент Владимир Путинді Донецк пен Луганск тәуелсіздігін тануға шақырып отыр. Дегенмен Кремль басшысы Минск келісімін күйретеді деп, бұл өтінішті қанағанттандыруға ниет таныта қоймады әзірге.

Саяси сарапшылардың пікірінше, Кремльдің жақын арада Донецк пен Луганск тәуелсіздігін қолдауы екіталай. Бірақ Мәскеу Украинаның шығысындағы жағдайға араласудан саяси пайда көруді жалғастыра бермек.

"Бұл – Киевке қысым көрсетудің, оны тұрақсыздандырудың және Украинаның еуропалық құндылықтарға, НАТО-ға кетуіне кедергі жасаудың бір формасы", – дейді мәскеулік саясаттанушы Дмитрий Орешкин.

Соғысқа сылтау

Кейбір болжамдарға қарағанда, Мәскеу Донбасстағы жүздеген мың ресейлік азаматты қорғау мәселесін соғысқа сылтау етіп пайдалануы мүмкін.

Ресей Киевті көтерілісшілер бақылауындағы аймақтарды күшпен қайтарып алуды жоспарлап отыр деп бірнеше рет айыптады. Ал Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин сейсенбіде депутаттардың "ДНР" мен "ЛНР" тәуелсіздігін тану туралы үндеуіне түсініктеме бере отырып, "Донбасста тұратын азаматтарымыз бен отандастарымыз көмек пен қолдауға мұқтаж" деді.

Киевтік әскери сарапшы Микола Сунхуровскийдің айтуынша, "Ресей Донецк пен Лугансктегі ресейлік азаматтардың мүдделерін қорғауды соғысты бастаудың алғышарты ретінде қолдануы" әбден мүмкін және де мұндай тәсілді Ресей 2008 жылы Грузиямен соғыс қарсаңында Оңтүстік Осетия мен Абхазия тұрғындарына Ресей төлқұжатын бергеннен кейін де пайдаланған.

Шығыстағы шиеленіс

Бейсенбі күні Украина армиясы мен көтерілісшілер бірін-бірі Донецк пен Лугансктегі майдан шебінде снаряд жаудырды деп айыптады. Елдің шығысындағы шиеленіс бүгін де өршіп, тараптар арасында атыс жалғасып жатыр.

Сепаратистер Украинаны "кең ауқымды арандатушылық жасады" деп кінәлап, оған жауап қайтарғанын хабарлады.

Украина қарулы күштері болса, оқ жаудырғанын жоққа шығарып, сепаратистердің үкімет бақылауындағы аймақтарды ауыр артиллериямен және минометпен атқылап жатқанын айтып отыр. Украинаның әскери қолбасшылығына сенсек, көтерілісшілер шабуылы кезінде Лугансктегі балабақшаға бірнеше снаряд түсіп, екі бейбіт тұрғын жараланып, қаланың жартысында электр желілері үзілген.

ЕҚЫҰ бақылау миссиясының басшысы Ясар Халит Чевиктің дерегінше, сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Украина армиясы мен сепаратистер арасындағы байланыс сызығында 500-дей жарылыс болыпты. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу