Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс жаһандық экономикаға қалай әсер етеді?

Сарапшылар  қақтығыстың соңы келіссөздермен аяқталады деп болжауда.

Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс жаһандық экономикаға қалай әсер етеді?

Иран генералы Сүлейманидің қазасынан кейін АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына шабуыл жасалды. Нәтижесінде мұнайдың Brent маркасы қымбаттап, мамыр айынан бері алғаш рет барреліне 70 доллардан асты.

Жалпы Иран аумағында әлемдік қара алтын қорының 9%-ы бар. Сонымен қатар аталған елге әлемдік мұнай өндірісінің 5%-ы тиесілі. Бұдан бұлек соңғы екі күнде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендеп, ұлттық валюта нығая түсті. Оған Парсы шығанағындағы жағдай әсер етті ме? Мұнай қымбаттай ма? Жалпы бұл қақтығыс жаһандық экономикаға қалай әсер етеді? Осы сауалдарға байланысты сарапшылар пікірін білдік. 

Халықаралық Tickmill брокерлік қор сарапшысы Арман Бейсембаев Таяу Шығыстағы жағдай мұнай бағасына айтарлықтай әсер ете қойматынын айтады. Сарапшының пікірінше, тіпті шикізат бағасы төмендеп кетуі де мүмкін.

"Иран генералының қазасынан кейін мұнай бағасы барелліне 71,60-ға жетті. Кейін қайта түсті. Америка базасына шабуыл жасалған соң баға қайта 71,68-ға көтерілді. Бүгінде аталған шикізат барелліне 65,9 долларға бағалануда. Яғни, қайта төмендеді. Парсы шығанағындағы жағдайға байланысты үлкен өзгерістер болған жоқ. Демек бұл қақтығыс жаһандық нарыққа әсер етпейді",– деді Арман Бейсембаев.

Сонымен қатар ол белді сарапшылар АҚШ пен Иран арасында соғыс басталуы мүмкін дегенге сенбейтінін айтты. Арман Бейсембаевтың пікірінше бұл бар болғаны мүдделер шиеленісі, жергілікті мәселе.

"Иран АҚШ-тың әскери базасына шабуыл жасады. Алайда бірде бір америкалықтың қайтыс болмауы күмән тудырады. Бұл ескертпе немесе алдын ала келісілген жағдайға ұқсайды. Егер қандай да бір әскери қақтығыс болса, кімнің жеңетіні белгілі. Бұл жерде Иран мықты екенін көрсеткенімен күштер тең емес. Сондықтан Иран мен АҚШ қақтығысы ұзаққа созылатын мәселе деуге болады. Ол әлем экономикасына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Себебі АҚШ-тың қатысы болғанына қарамастан бұл жергілікті қақтығыс. Таяу Шығыста мұндай шиеленістер әрдайым болған. Сирия, Ливия, Ирактағы жағдай осының дәлелі. Оны дүниежүзілік соғысқа теңей алмаймыз. Сондықтан бұл оқиға бейбіт келісімге келумен аяқталады деп есептеймін",– деді Арман Бейсембаев.

Ал Damu Capital Management директоры Мұрат Қастаевтің пікірінше, Иранның Ирактағы базаларға жасаған шабуылы тек Америкаға жауап берудің амалы. Сондықтан сарапшы мәселе ары қарай ушықпайды деп есептейді.

"Бұл жағдайдың соңы әскери қақтығыстармен аяқталады деп ойламаймын. Өйткені ирандықтар АҚШ базалары мен әскери нысандары қай жерде орналасқанын жақсы біледі. Егер олар соғыс ашуды немесе Америка базаларына соққы жасауды қаласа, олар бұдан да үлкен дәрежеде шабуыл жасар еді. Қазір аталған жағдай ішкі мақсаттағы әрекетке көбірек ұқсайды. Яғни, жергілікті халыққа Иранның Құрама Штаттарға жауап қайтара алатынын көрсету үшін ғана жасалған әрекет іспетті. Тіпті Иранның СІМ бірден бұл қорғаныс әрекеті және аталған ел соғыс болғанын қаламайтынын бірден мәлімдеді",– дейді Мұрат Қастаев.

Сонымен қатар сарапшы мұнай бағасының қымбаттауын жоққа шығарған жоқ. Оның сөзінше, қара алтынның баррелі 90 долларға да жетуі мүмкін.

"Қос ел арасындағы жанжал ушыға түскелі мұнай бағасы аздап көтерілді. Тіпті шикізат құны барреліне 90 долларға жетуі мүмкін. Бұл әлем экономикасының  дамуына қатер төндіреді. Сонымен қатар баға дүниежүзілік мұнайдың 1/4 , 1/3-і  тасымалданатын Ормуз шығанағындағы жағдайға байланысты. Егер Иран бұл тұста шектеу қойса нарықтағы жағдай өзгеріп кетуі ықтимал", – дейді сарапшы.  

Мұрат Қастаевтың сөзінше, Қазақстан экономикасы қара алтын бағасына тәуелді. Сондықтан ол шикізат құнының қымбаттауы доллар бағамына бірден әсер ететінін айтты.

"Қазақстан экономикасы мұнай бағасына тәуелді. Шикізаттың қымбаттауы теңгенің нығаюына мүмкіндік береді. Мәселен, мұнай баррелі 80 доллар тұрса – ұлттық валюта долларға шаққанда 370 теңгеге, ал 90 долларда – 360 теңгеге дейін нығаюы ықтымал",– деді сарапшы.  

Ал бүгін Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың баррелі 65,9 долларға тұрақтады. Бұл алдыңғы сессиядан 0,46 долларға жоғары. Нью-йорк сауда биржасында WTI фьючерстері де 0,51 долларға қымбаттап, барреліне 60,12 долларды құрады.

Доллар бағамына келер болса Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 11:00-дегі саудада доллардың орташа бағамы 376,30 теңгеге тұрақтады. 8 қаңтардағы қорытындымен салыстырғанда ұлттық валюта 2,07 теңгеге нығайды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу