Ресей ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынатын жобаларын жасырып отыр

3549

Десек те, олар көрмеде қызықты жобалар көп болады деп сендірді.

Ресей ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынатын жобаларын жасырып отыр Фото: Emoney-Market.com

Келесі жылы Астанада өтетін халықаралық көрмеге қойылатын Ресей жобаларының таныстырылымының орнына сарапшылар болашақ энергиясының маңыздылығы мен адам өміріндегі алатын орнын талқылады.

Көршілес Ресейдің "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінде жұртшылық назарына қандай жоба ұсынып, халықты қандай тың технологиямен таңғалдыратыны жұмбақ болып отыр. Ресейдің ұлттық павильонының комиссары, РФ өндіріс және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламанов бастап келген делегация Астанада "Шынтөбе" пікірталас клубының дөңгелек үстелі барысында өз жобаларының таныстырылымын жүргізеді деп жарияланған болатын. Алайда, іс жүзінде шараға жиналған сарапшылар тек "болашақ энергиясының" маңызы, экономикалық тиімділігін талқылаумен шектелді.

Russia ЭКСПО Astana-2017 сарапшы кеңесінің жетекшісі, құрылыстағы энергия тиімді технологиялар институтының директоры Владимир Сидорович тілшілерге берген сұхбатында дөңгелек үстелде ресейлік жобалардың таныстырылымы жүргізетінін айтып ағынан жарылған болатын. Алайда, ол шара барысында баяндамасына кіріспес бұрын "ресейлік көрме экспозициясынан да күрделі тақырыпты көтергім келіп отыр" деп бір-ақ қағып, тақырыпты жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) қуат алу жұымысының болашағына бұрып жіберді.

Осылайша, ресейлік қонақ жарты сағатқа жуық баяндамасында болашақ энергиясын дамытудағы әлемде қалыптасқан трендтер мен болжамдарға арнады. Сөз басында Владимир Сидорович халықаралық сарапшылардың "жасыл энергетика" саласындағы болжамдарына сәйкес Қазақстан мен Ресей қандай энергия көздерін әлемге ұсынуға қауқарлы екендігін айтып берем деді. Бірақ, бұл уәдесін де аяқ асты қалдырды.

Владимир Сидорович халыаралық, ресейлік сарапшылардың да болашақта көмірсутек негізінде алынатын қуатты тұтыну көрсеткіші артатынын болжап отырғанын тілге тиек етті. Оның ойынша, бұл ретте сарапшылар ЖЭК саласының зор болашағына тиісті баға бермей отыр.

"Халықарлық энергетика агенттігінің болжамын мысалға алсақ, олар жел энергетика саласының даму көрсеткіштері төмен болады деген еді. Іс жүзінде бұл саладағы көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болып шықты. Агенттік төрағасы да оны мойындады. Ол конференциялардың бірінде сарапшылардың жел энергетикасының шығыны төмен болады деп күтпегенін түсіндірген болатын", – дейді Сидорович.

Бұдан соң ресейлік қонақ болашақ энергиясы нарықтарына әсер ететін факторларға тоқталып, Еуропа елдерінің көпшілігінің "жасыл энергияға" бет бұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Париж келісімі аясында 2050 жылы 48 мемлекеттің толығымен ЖЭК-ке көшу міндеттемесін мойнына алғанын да ескертті. Сөз соңында ол көмірсутек шикізаты саласында туындап отырған қиыншылықтарға тоқталды.

"Бұл саладағы шикізат бағасының төмен болуы капиталды қажет ететін жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік бермесе, оның жоғары болуы пайдалы қазбалар қолданысынан бас тартуға әкеліп соғады. Игілігімізге орай, адамзат қуат алудың балама шешімін ойлап тапты. Көмірсутек шикізаты экономикасындағы жағдай айтарлықтай күрделі. "ЭКСПО-2017" көрмесінде осы мәселер талқыланып, саладағы туындаған сауалдардың жауабы беріледі", – дейді ол.

"Астана ЭКСПО-2017" АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару департаментінің директоры Илья Уразаков Ресей көрмеге қатысуға зор ниет білдіріп қана қоймай, оған дайындықты алғашқылардың бірі болып бастап кетті деп қонақтары мақтап, олардың асты-үстіне түсті.

"Ресейлік әріптестеріміздің көрмеге деген дайындығы сапалы болады деген ойдамыз. Ресейлік әріптестеріміз көрмеге жіті дайындалып қана қоймай, көрме контентіне де көп көңіл бөліп отырғаны бізді қуантады. Бұған қоса, олар түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, өзге де шараларды өткізуді мақсат тұтып отыр. Бұл шараларда адамзат болашағында маңызы зор тақырыптар көтерілмек", – дейді ол.

Бұдан кейін Ұлттық компанияның департамент директоры Қазақстанның ЭКСПО көрмесіне әлемде өзекті тақырыпты таңдағанын, халықаралық қауымдастықтың бұған дән риза екендігін жыр қылды.

"Көрмеге дайындық барысында Қазақстан таңдаған тақырыпың өзектілігіне көзіміз жетіп отыр. Оған "ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысуға ниет білдірген елдердің рекордтық көрсеткіші де дәлел. Көрме кураторлары Қазақстанның оған дайындық қарқыны жақсы деген баға берді", – деп Уразаков жұртпен бірге өзі жұмыс істейтін компанияны да мақтады.

Департамент директоры көрмеге 112 ел, 18 халықаралық ұйым қатысатынын ресми түрде растағанын айтты. Илья Уразаков көрмеге қатысушылардың өзге елдермен ЖЭК саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, ақпарат алмасатынын, түрлі келісімшарттарға отыру мүмкіндігіне ие болатынын тілге тиек етті. Мұның үстіне ол көрме Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түседі деген ойда.

"Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы" басқармасының төрайымы Салтанат Рахымбекова өзі басқаратын ұйымның ЭКСПО аясында қандай шараларды өткізетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Астанада өтетін халықаралық көрмеге әлемнің 100 елінен келетін жастарға арнайы орталық салынады. Жастар лагері Астанадан 30 шақырым қашықтықтағы Арнасай ауылында орын теппек. Жастар екі күн көрмені аралап, қалған үш күнде Арнасайдағы 35 инновациялық жобамен танысады.

Бұдан бөлек, Салтанат Рахымбекова көрмеде тұңғыш рет Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) жеке павильоны болатынын айтты. Павильонды толтыруға Қазақстан да қатыспақ. Рахымбекованың айтуынша, ЭКСПО көрмесі аясында коалиция ШЫҰ-мен бірлесіп, 90 күннің ішінде сан алуан іс-шара өткізбек.

"ЭКСПО көрмесі ашылғанша мемлекет басшыларының саммиті, Инновациялық форумы өтеді. Көрме аясында әйелдер бизнес-форумын өткізу жоспарда бар. Ресейде 2017 жылы тұңғыш халықаралық әйелдер бизнес-форумын өткізу ұсынылған болатын. Біз ЭКСПО аясында бұл бастаманы іске асырып, ШЫҰ елдері әйелдерінің басын қосуды ұсынып отырмыз", – дейді ол.

Осылайша, дөңгелек үстелге жиналған сарапшылар жеке тақырыптан жалпыға өтіп, олардың әрқайсысы өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын ортаға салды. Айта кетейік, "ЭКСПО-2017" көрмесіндегі Ресей павильонының аумағы – 1008,6 шаршы метр. Оны толтыруға ресейлік тарап, келісімге сәйкес, 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында кіріспек. Павильонның тақырыбы – "Ресей – Планетаның энергетикалық әлеуеті". Ал бұл павильонда жұртқа не көрсетілетінін ресейлік делегация жұмбақ ретінде қалдырғанды жөн көрді. Десек те, олар көрмеде қызықты жобалар көп болады деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу