Ресей Қазақстанда үлкен құрылыс бастағалы жатыр

10654

Ресей биыл елімізге экспорттаған көмірінің көлемін еселеп арттырды.

Ресей Қазақстанда үлкен құрылыс бастағалы жатыр Фото: canva.com

В.Путиннің өткен апта соңындағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысында Ресей мемлекетіміздің солтүстік облыстарын қуаттандыратын стратегиялық нысандарды – энергетикалық кешендерді салу туралы уағдаластыққа қол жеткізгені мәлім.

Бұл уағдаластық 2024 жылғы 28 қарашадағы келіссөздер қорытындысында, екі ел арасында қол қойылған "Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен РФ Президентінің бірлескен мәлімдемесінде" 16-шы пункт болып бекітілді.

"Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың тиімділігін қанағаттанушылықпен атап өтеді, мұны 2024 жылғы 17 сәуірде ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімге қол қойылуы растайды", – делінген құжатта.

Бұлар – ұланбайтақ жерді алып жататын жабық кешендер болады. Мысал үшін келтірсек, Астанадағы жаңа ЖЭО-3 жалпы ауданы 149,7259 гектер жерді алып жатыр. Бұл Ватикан сияқты үш мемлекет сыйып кететін жер. Ресейліктер салатын жылу-электр орталықтарына қанша жер бөлінетіні әзірге жария етілмеді. Ол техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасында жазылады. Басты құжаттары келесі жылы әзірленеді деп жоспарланған.

Ресейлік сарапшылардың мәліметінше, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі – Көкшетау, Семей және Өскемендегі ЖЭО-лардың құрылысын Ресейдің өзі қаржыландырып, өзі салады, содан кейін өзі пайдаланады. Тарифтерін де инвестор белгілейді деп күтілуде.

Осы орайда ресейлік ақпарат құралдары Қазақстанның үш өңірінде ресейлік технологиялармен тұрғызылатын жылу-электр орталықтарын ресейлік Кузбастың көмірін жағуға негіздеп, құруды ұсынып жатыр.

"Коммерсантъ" жазуынша, РФ қазірдің өзінде, 2024 жылғы 8 айда Қазақстанға өткізетін көмірінің көлемін рекордтық деңгейде арттырды. Басылым ресми статистикаға сілтеме жасай отырып, Қазақстан сатып алған ресейлік көмір коксының көлемі осы кезеңде былтырғы ұқсас мерзімге қарағанда, бірден 15,4%-ға артқанын жеткізді. Тоннасын айтпады, бірақ тек осының арқасында РФ Қазақстаннан 103,5 миллион доллар (10,1 миллиард рубль) табыс тауыпты.

Ал, ресейлік тас көмірдің бізге жеткізілімі бір жыл ішінде бірден 1,6 есеге артып артып шыға келген. Ол үшін Қазақстан РФ-қа сегіз айда 107,5 миллион доллар (10,5 миллиард рубль) төлем аударды.

Ресейлік ақпарат құралдары қазақтың өз жерінің астында шамамен 33,6 миллиард тонна көмір қоры жатқанын еске салды. Қазіргі ішкі тұтыныспен бұл елге тағы 300 жылға жетер еді. Соған қарамастан, "РИА Новости" хабарлауынша, Қазақстан биыл Ресейден таситын көмірінің көлемін бұрын-соңды болмаған көлемге, "тарихи максимумға" жеткізді және РФ тұрғызатын үш ірі жылу-электр орталықтары іске қосылған соң жаңа рекордтар тіркелуі мүмкін.

Солтүстік көршінің өзімізде ылан-ойран жатқан шикізатты Қазақстанға тоқтаусыз тықпалауының мәнісі бар. Еуропа, артынша барлық дамыған ел 2022 жылғы алғашқы санкциялық топтамалардың аясында ресейлік көмір экспортына қатаң тыйым енгізді. Содан бері РФ-та өндіріс көлемі сақталғанымен, оны өткізу нарықтары шектеліп, кірісі де құлдырауда.

Бағалар индексі орталығының (Центр ценовых индексов немесе ЦЦИ) аналитиктерінің дерегінше, 2024 жыл қорытындысында РФ көмір экспорты былтырғы көлемнен бірден 9-10%-ға дейін тағы құлайды деп күтіліп отыр. Бұдан бұрын, 2023 жылы РФ көмір экспорты алдыңғы жылғыдан 9%-ға кеміді және 164 млн тоннаны ғана құрады.

Құлдырау жалғасуда. Қазан айының қорытындысында шетелге жөнелтілген көмір көлемі былтырғыдан 4% кем болды. Қыркүйекте 11% төмендеген еді. Жалпы, 9 ай қорытындысында құлдырау 10%-ға жетті.

ЦЦИ мәліметінше, қазан айында ресейлік көмір экспорты Усть-Луга портында көп жылғы минимумға жетті. Тағы бір маңызды экспорттық бағыты – РФ-тің Солтүстік-Батыс порттарында көмір тиеу көлемі бірден 27% құлады. Яғни, үштен біріне жуығынан айрылған.

Бағалар индексі орталығы Солтүстік-Батыс порттарына жетекшілік ететін шенеунікке сілтеме жасап, жөнелтілім көлемі қатты түсіп кеткенін, бұған көптеген факторлар, соның ішінде санкциялар, көмірге әлемдік бағалардың төмендеуі, теміржолдағы проблемалардың көбеюі ықпал еткенін атап көрсетті.

Көмір жеткізуші операторлар РФ президентінің кеңесшісі Игорь Левитиннің атына жолдаған ашық хатында: "теміржолдың (РЖД) тиеп-жөнелту көлемдерін орындамауы сындарлы, төтенше жағдайға жеткенін" айтып, дабыл қақты. Былтырға қарағанда, орындалмау көлемі 35-40%-ға дейін баратын көрінеді.

The Moscow Times Ресейдің көмір өндіруші өңірлері, соның ішінде әсіресе, атақты Кузбасс өңірі өз бюджеті табыстарының жаппай құлауына тап болғанын жазды. Бұған көмір секторынан түсетін түсімнің күрт азайып кетуі себепкер болған екен.

"Ресейдің аса ірі көмір өңірлері көмір компанияларының қиындыққа ұшырауы кесірінен салықтық түсімдердің күрт қысқаруына тап болды. Көмір өндірушілер шығыннан бас көтере алатын емес, олар экспорттық нарықтары мен экспорттық көлемдерін жаппай жоғалтуда. Сондықтан өндірісті қысқартуға мәжбүр", – деп мәлім етті "Москоу таймс".

РФ-тің басты көмірлік өңірі – Кемеров облысының еншісіне елдегі бүкіл тас көмір өндірісінің 60%-ы және коксты көмірдің шамамен 80%-ы тиесілі. Облыс бюджетіне табыстан түсетін салықтар бірден 2,5 есеге азайыпты. Бұл туралы ресейлік сенаторларға Федерация кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Қаржы министрі Антон Силуанов жариялады.

Бұған қоса, министрдің дерегінше, көмір өндірісінің кемуі кесірінен Бурятияның, Еврей автономды облысының табыстары құлдырады. Силуанов тұтастай алғанда, көмірлік өңірлер жыл басынан 20 қарашаға дейінгі жағдай бойынша 357 миллиард рубль жиынтықты салық түсімдерінен айрылғанын мәлімдеді.

"Шындап келгенде, көміршілердің жергілікті бюджеттерге салық түрінде төлейтін қаржысы да жоқ. Росстат мәліметінше, Ресейдегі әрбір екінші көмір компаниясы шығындыға айналып, дәрменсіз жағдайға жетті. Табыстысы некенсаяқ. Жаңа тарихта алғаш рет бүкіл көмір саласының сальдолық қаржылық нәтижесі теріс мәнге шықты. Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында көміршілер табыс табу орнына 91,3 миллиард рубль шығын тапқан. Салыстырсақ, бір жыл бұрын ғана, былтырғы осы кезеңде олардың жиынтықты табысы 350 миллиард рубльден асқан еді", – деп назар аудартты The Moscow Times.

Германияның Халықаралық қауіпсіздік проблемалары институтының ғылыми қызметкері Янис Клюгенің айтуынша, батыстық санкциялар саланың басты проблемасына айналды. Еуропалық Одақ шағын көлемде болса да, ары қарай сатып алып жатқан мұнайдан және газдан айырмашылығы – ресейлік көмір жан-жақты қамтитын эмбаргоға ілікті.

Сонымен бірге, Қазақстаннан басқа Азия елдері ресейлік көмірді сатып алу көлемін еселеп арттыра қоймады. Қазақстанның шағын ішкі нарығы көршісінің жоғалтқан ауқатты нарықтарын алмастыра алмайды.

Клюге бұған әлемдік нарықта көмір бағасының арзандап кетуі, ресейлік барлық банктің SWIFT жүйесінен ажыратылуы нәтижесінде Ресейге және Ресейден аударылатын қаржы-төлемдердің бұғатталуы, сала үшін қажетті импорттық жабдықтардың қолжетімсіз болып қалуы қосылғанын, қосымша соққы болғанын термеледі.

Салдарынан, Ресейдің әлемге сататын көмірінің көлемі жыл сайын 10-11%-дап құлауда. Сарапшылар пікірінше, тіпті Мәскеу Қазақстанның солтүстік облыстарына тұрғызатын барлық үш ірі ЖЭО-ларды ресейлік көмірге көшірсе де, бұл жағдайды көп түзете алмауы мүмкін.

Сондықтан болса керек, РФ Энергетика министрлігі жанындағы "АЦ ТЭК" мемлекеттік талдау орталығы таяуда "Ресейдің бүкіл көмір өнеркәсібі банкроттық қарсаңында тұрғанын" ескертті. Орталық мамандарының айтуынша, батыстың бай нарықтарын жоғалтқан ресейлік көмір компанияларына Мәскеудің өзі жойқын соққы берді.

Федералдық бюджетінің тапшылығы 3,1 триллион рубльден асқан Ресей бюджет жыртығын жамау үшін қосымша алым-салықтар түрінде өз көміршілерінің 500 миллиард рубль табысын алып қойыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу