Ресей Қазақстанға экспортталатын астықты ерекше бақылайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14142

Бидай мен экспорттық дақылдарды есепке алу жүйесін орталықтандыру қажет.

Ресей Қазақстанға экспортталатын астықты ерекше бақылайды

Елімізге төтенше жағдай енгізілгенде қорда 4,3 млн тонна астық бар екені туралы ресми мәлімет жарияланды. Кейін лицензиясы бар элеваторларда 4,3 млн емес 1,7 млн тонна ғана астық сақталып тұрғаны анықталды. Сөйтсе, статистер жеке шаруа қожалықтарының қоймасында жатқан астықты да ресми дерекке қосып жіберіпті.

Абырой болғанда статистердің мәліметіне ауыл шаруашылығы министрлігі сенген жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін министрлік бидай мен ұн экспортына сәуірде – 200 мың, мамырда – 250 мың тонна квота енгізді. Сол-ақ екен экспорттаушылар шығын шегетіндерін айтып, дабыл қақты. Ал министрлік  экспорттаушылардың табысынан елдегі азық-түлік қауіпсіздігі маңызды дегенді алға тартты. Президенттің пәрменімен төтенше жағдай режимі алынып тасталғанда ғана бидай мен ұн экспортына салынған шектеу бірінші маусымнан бастап күшін жоятыны жарияланды. Алайда негізгі мәселе шешілген жоқ.

Статистиканың "тұзағына" түспеу үшін "Қазақстан Астық одағы" заңды тұлғалар бірлестігі бидай мен басқа да экспорттық дақылдардың есебін жүргізудің бірыңғай ақпараттық орталығын құру бастамасын көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына ресми хат жолдады.

"Астықты есепке алу жүйесін орталықтандыру үшін 2020-2021 жылдар аралығында нарықтың барлық қатысушыларын Qoldau.kz платформасына тіркеуді  ұсынамыз. Лицензиясы бар, не жоқ екеніне қарамастан, астық экспортымен айналысатын субъектілер "виртуалды қойманы" пайдалануға тиіс. Автоматтандырылған жүйе астық экспорты мен импортын қадағалап отыруға, бидай мен ұнның заңсыз айналымына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді", – деді "Қазақстан Астық одағының" ресми өкілі Евгений Карабанов.

Qoldau.kz  платформасына қосылған нарық қатысушыларына ғана астықты экспорттау және өңдеу құқығын беру арқылы астықтың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға болатынын баяндаған ресми өкіл 2021-2022 жылдары шарт жасау кезінде шот-фактураны автоматты түрде алу үшін Qoldau.kz -ті қазынашылық огандардың ақпараттық жүйесімен біріктіруді ұсынды.

Мұны жүзеге асыру үшін "ҚР астық туралы" заңы мен Qoldau.kz ақпараттық жүйесінің қызметіне түзету енгізу қажет.

"Мәселе мүдделі тараптардың қатысуымен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқылау керек", – деді Евгений Карабанов.

"Қазақстан Астық одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің дерегінше, Ресеймен шекаралас аймақтардан заңсыз тасымалданатын астық ел бюджетін қыруар қаржыдан қағып отыр.  

"Жаңа жүйеге көшсек, Ресеймен шекаралас аймақтардан заңсыз  тасымалданатын астыққа тосқауыл қойып, жалған сатып алу мен сату шарттарын жоямыз. Астықты Ресейден заңсыз импорттайтындар

қосымша құн салығын төлемейді. Салдарынан ел бюджетіне жылына шамамен 9 млрд теңге түспей қалады", – деді "Қазақстан Астық одағының" ресми өкілі.

Ресей Федерациясы да Қазақстанға заңсыз жөнелтіліп жатқан астыққа алаңдайды. Осы турасында Омбы облысының губернаторы Александр Бурков астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қазақстанға экспортталуын ерекше бақылауға алуды сұрап, ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының алдына мәселе қойды.

"Біз 2020 жылдың наурызында өнеркәсіп өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстанға астық экспортын жіберуді бақылау туралы шешім қабылдадық. Соған сәйкес құқық қорғау органдарының өкілдері шекарадан Россельхознадзор департаменті ілеспе құжаттарды тексергеннен кейін ғана астық тиелген  көлік құралдарын өткізетін болды. Осылайша бір жарым айда фитосанитариялық сертификаты жоқ  214 астық экспорттау фактісі тіркеліп, тоқтатылды", – деді губернатор.

Россельхознадзордың мәліметінше, былтыр Омбыдан 510 мың тонна астық экспортқа шығарылған. Соның 244 мың тоннасы Қазақстанға жіберілген. Тасымалданған астықтыққа қатысты 300-ге жуық тәртіп бұзушылық анықталған.

Абылай Бейбарыс

Фото: novostivolgograda.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу