Ресей мен Франция уран өндірісі бойынша Қазақстанмен серіктестікке мүдделі

Сарапшылар уранды болашақтың отыны және сенімді инвестициялық құрал деп есептейді.

Ресей мен Франция уран өндірісі бойынша Қазақстанмен серіктестікке мүдделі Фото: canva.com

Уранның дүниежүзілік нарықтағы бағасы 3,1 пайызға өсіп, 77,35 долларға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл 2008 жылдың наурызынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері отынның бұл түрі 45 пайызға қымбаттады. Reuters басылымы жыл соңына дейін көрсеткіш 50 пайыздан асады, деп болжады.

 "Өйткені климаттың өзгеруіне байланысты алаңдаушылықтың артуы жаһандық таза энергия көздеріне, соның ішінде атом энергиясына көшуді жеделдетеді", – деп атап өтті Reuters сарапшылары.

Болжам бар, күмән жоқ

Желтоқсан айының соңына дейін уранның бағасы бір фунт үшін 75-80 долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы шетелдік ұйымдар да хабарлауда.

"2023 жылдың қазан айында уран бағасы соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейден асып, бір фунт үшін 74 доллар болды, жыл ортасында сәл ғана төмендеп, кейін қайта өсе бастады. Уранға сұраныстың артуына байланысты оның құны алдағы жылдары қарқынды өседі және жақын арада бір фунт үшін 300 долларға жетуі мүмкін", – деп хабарлады "Росконгресс".

Экономист Бауыржан Шурманов Фукусима атом электр станциясындағы апаттан кейінгі уранның бағасы құлдырағанын айтады.

"Жапонияның Фукусимасындағы апаттан соң уран нарығы толықтай құлдырағанын байқадық. Себебі әлемде оған деген сенімсіздік артты. Бірақ бұл апат соңғы жылдары халықтың санасынан ұмыт бола бастады. Қазіргі таңда әлемде геосаяси қақтығысқа байланысты энергетикалық дағдарыс басталды. Оған қоса, көмір сынды ресурстар өткеннің еншісінде қалса, газ қымбаттап жатыр. Сондықтан әлемдік нарыққа барынша тиімді жолдар керек", – дейді сарапшы.

Дамыған елдердің уранға деген сенімі артты

Жапония атом өнеркәсібі форумының мәліметінше, қаңтар айындағы жағдай бойынша әлемде барлығы 431 реактор жұмыс істеп тұр, оның ішінде тағы 72-сі салынып жатыр және 86-сы жоспарланған. Бұл өсімнің басым бөлігі Қытай мен Үндістанға тиесілі, оларда тиісінше 47 және 23 реактор салынып жатыр. Түркия, Мысыр сияқты реакторы жоқ елдер де атом энергетикасына қатысты жобаларды қолға ала бастады.

Жаңа электр станцияларын салу немесе қолданыстағыларының қызмет ету мерзімін ұзарту туралы пікірталастар экономикасы дамыған елдерде де күшейді, Ұлыбритания мен Швеция декарбонизация жылдамдаған сайын бұл бағыттағы жұмысын ілгерілетуге тырысады. Сәуірде Финляндия жаңа реакторын іске қосты. Бұл – Еуропадағы ең үлкен нысан. Бұл бағытта АҚШ та қалыс қалмауда. Құрама штаттар соңғы 30 жылда алғаш рет жаңадан салынған реакторды іске қосты.

Қазақстан үшін уран бағасының өскені тиімді

Уран бағасы өскен сайын Қазақстанмен бұл бағытта әріптестік орнатуға мүдделі елдер қатары артты. Себебі Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Кәрі құрлыққа бұған дейін Африкадағы Нигер көптеп шикізат тасымалдап келсе, аталған елдегі әскери төңкерістен кейін жағдай өзгерді. Нәтижесінде, Франция сынды мемлекеттер басқа сенімді бағыттар іздей бастады.

Жуырдағы Франция Президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға сапары да осыны айғақтайды. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторының 63 пайызын құрайды.

"Бұл сапар Францияның уран жеткізуді кеңейтуге деген ұмтылысымен байланысты", – деп жазды Bloomberg.

Бұған қоса "Росатом" бас директоры Алексей Лихачев Қазақстанмен уран өндіру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, альянстар құруға және инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді.  

"Қазақстан уран өндіруде бірінші орында. Біз үшінші елдердің мүдделерін ескере отырып, ынтымақтастықты дамытамыз, альянстар құрамыз, Қазақстандағы тау-кен өндірісіне инвестиция саламыз", деді Лихачев.

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың есебінде, 2040 жылға қарай ядролық қуат шамамен 80 пайызға және уранға сұраныс шамамен 2 есеге артады деп жазылған. Сондықтан экономист Бауыржан Шурманов бағаның өскені жері кенге бай біздің еліміз үшін тиімді, деп есептейді.

"Дүниежүзі елдері энергетика мәселенің шешімін зерделеуден шаршап, соңында атом энергетикасына көшеді деп есептеймін. Ал баламалы энергия көздері тұрақты емес, сондықтан олар тапшылықты толық өтей алмайды. Бұл бағытта Қазақстан көш бастап тұрған өндіруші екенін ескерсек, бағаның қарқынды өсуі біз үшін тиімді", – деп атап өтті экономист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу