Ресей Молдовада жеңіске жете жаздады

5596

Посткеңестік тағы бір ел еуроинтеграцияны өз Ата заңына енгізуі мүмкін. 

Ресей Молдовада жеңіске жете жаздады Фото: vsenovosty.ru

Молдовада бір күнде Президент сайлауы және елдің Еуропалық Одаққа кіруі туралы референдум қатар өтті. Бұл дода "тосын сыйға" толы болды. Молдованың Орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні өткен жалпыхалықтық қос таңдаудың алдын ала қорытындыларын жариялады.  

Бұл ретте Президенттік додада сайлаушыларының көпшілігі – 42,45%-ы еуропалық бағыттың берік жақтаушысы Майя Санду ханымға дауыс берді. Оның басты қарсыласы – Еуропадан іргені аулақ салып, Ресеймен жақындасуды және Еуразиялық одаққа кіруді қолдайтын оппозициялық "Социалистер партиясының" жетекшісі, елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло 25,9% дауыс жинады.

Кандидаттардың ешбірі елу пайыздан артық дауыс иеленбегендіктен, Санду мен Стояногло екінші айналымда жарысатын болады. Қос қарсылас арасындағы Президенттік орын үшін екінші талас келесі жексенбіде, 3 қарашада өтпек.

Жалпы, Президенттік бәйгеге барлығы 6 кандидат (3 әйел және үш ер адам) қатысты. "Біздің партия" лидері Ренато Усатый 13,8%-бен үштікті тұйықтады. Ары қарай осы елдегі түркітілдес өңір Гагаузияның экс-башканы (басшысы), ұлттық ауқымдағы саясаткерге айнала бастаған Ирина Влах орналасты: үлесі – 5,38%. Кремльдің саясатын Молдовадағы партиясы арқылы ашықтан ашық ілгерілететін олигарх Илан Шордың баптап қосқан үміті, бұрынғы прокурор, тәуелсіз кандидат Виктория Фуртунэ шамамен 4,4% дауысқа ие болды. "Молдованың болашағы" партиясының кандидаты Василий Тарлев шамамен 3,1% дауыс еншіледі.

DW сарапшылары Сандудан басқа кандидаттардың бәріне Мәскеу үміт артқанына назар аудартады. Олардың арасынан еуропашылдарға тек Александр Стояногло ғана тең бәсекелес атана алды. Алайда, сарапшылардың ескертуінше, басқа кандидаттар да "оқшантайдан" алып тасталмайды. Ресей бір жылдан кейін Молдовада өтетін парламенттік сайлауда соларға қолдау көрсетуі мүмкін. Егер ел Парламентіне ресейшіл депутаттар көп өте алса, олар еуропашыл Президенттің шешімдерін, реформаларын бұғаттап, адымын аштырмайды, зықысын шығарып, елге жеккөрінішті етеді.

Сондай-ақ Молдованың еуроинтеграциясына қатысты референдум еурооптимистердің төбесінен тас түсіргендей болды. Көптеген сауалнама молдовандардың басым көпшілігі бақуатты Еуропамен бірге болғысы келеді деп көрсетіп келген еді. Сондықтан іс басындағы билік Украина үлгісімен Молдованың да "Еуропалық одаққа мүше болуға деген бағытын" елдің Конституциясына енгізуді ұсынды.

Дегенмен, референдумда Молдованың өзінде тұратын азаматтарының 46%-ы ғана Конституцияға осындай түзету енгізуді жақтап, дауыс берген. Егер түпкілікті қорытынды осындай болғанда, еуроинтеграция Ата заңда бекітілмей қалатын еді.

Тек шетелде тұратын және молдовалық паспортын сақтап қалған диаспораның арқасында референдумның нәтижесі оң болды. Ақырғы қорытындысы – 50,4% жеңіс үшін жеткілікті, әйтсе де бұл кейінгі кезде мүшелері өз ішінде алауыз болып, бір-бірімен соттасып жатқан Еуропалық Одаққа кіруді қызу жақтаушылардың қатары Молдовада сонша көп еместігін көрсетті. Ықтиярын білдірген молдовандардың 49,6 пайызы ЕО-ға қарсы шықты.

Қалай болғанда, посткеңестік кеңістікте Украинадан кейін тағы бір ел – Молдова өз Конституциясына еуроинтеграциялануға деген бағытын бекітеді.

Жергілікті ақпарат құралдары референдумның өту барысына ел астанасы Кишинэудегі (ескіше Кишинев) еуропашыл тұрғындар "шок" болғанын жазады. Олар ақырғы қорытындыны тағатсыздана күтіп, түнде көз ілмеген. Түнгі барлар мен мейрамхана, дәмханалар теледидарға толқи көз тіккен халыққа лық толды. Өйткені астаналықтар қалпымен еуропашыл болғанымен, өңірлерде өткенді аңсайтындар қатары қалың көрінді. Салдарынан ел ішінде еуроинтеграция 46% ғана дауыс жинай алды.

Дауыс санау ауылдық аумақтардан басталды. Оның қорытындысында Еуроодаққа "жоқ!" дегендердің үлесі басым, 54% болып шықты. Мұны көріп, билік басындағы "Әрекет және ынтымақтастық" (PAS) партиясының басшылары естен тана жаздады.

Президент Майя Санду іс насырға шауып кете ме деп алаңдап, кешкі брифингін кейінге қалдырды. Ақпарат құралдарының алдына ол тек түнгі екіде шықты. Бұл кезде көрсеткіштер бірте-бірте теңесе бастаған, бірақ еуропашылдар бәрібір жеңіліп жатқан еді. Санду ханымның мәлімдемесі қысқа болды, журналистер оның жүзінен мазасыздық пен шаршауды байқады.

Молдова Президенті "қылмыстық күштердің теңдессіз шабуылы" жасалып жатқанын, олигархтардың 300 мың сайлаушының дауысын сатып алып, өз қалауынша дауыс беруге көндіргені анықталғанын баяндады. Бұл ақпарат ешкімді таңдандырмады, сенсацияға айналдырмады.  

Молдовалық саясаттанушы Виталий Андриевский бір ай бұрын, DW-ға сұхбатында ресейшіл күштердің Кремльден қомақты қаржы алғанын және дауыстарды сатып алуға қызу кіріскенін ескерткен болатын. Сондай-ақ, олар қарсыласу тактикасын өзгертіпті. Бұрынғыдай адамдарын наразылық акцияларына жаппай алып шығып, көшені толтырудан бас тартты.

Оның орнына кедейліктен титықтаған былайғы жұртты референдумға қатыспауға, бойкот жариялауға шақырды. Сонымен бір мезгілде өз электоратын керісінше, сайлау учаскелеріне белсенді түрде барып, қарсы дауыс беруге жұмылдырды. Осы арқылы Кремль Грузия сияқты посткеңестік кеңістіктегі тағы бір ел Еуропалық Одаққа мүше болудан бас тартқанын әлемге паш еткісі келген. Мәскеу дегеніне жетуге таяп барып қайтты.

"Бүгінгі Молдова – кремльшіл политтехнологияларды сынайтын полигон. Оны ары қарай КСРО-ның, тіпті Еуропаның басқа елдерінде іске жарата алады. Молдовада банктік алаяқтығы үшін сырттай 15 жылға сотталған, Ресейде жасырынып жүрген қашқын олигарх Илан Шор референдумда діттеген мақсатына жетуге шақ қалды. Алайда Молдовада сынақтан өткен тактика енді Орталық Азия елдерінде немесе Еуроодақтың шағын мемлекеттерінде жүзеге асырылуы мүмкін", – деді референдумның қорытындысына қатысты германиялық "Дойче Велле" басылымына пікір білдірген саясаттанушы Виталий Андриевский.

Оның айтуынша, Президент айтқан "300 мың сатып алынған дауыс" шындыққа сәйкес келеді, өйткені Шор жақтастары ұзақ уақыт бойы мессенджерлердегі топтық чаттар, әлеуметтік желілер, түрлі партиялар мен қозғалыстар арқылы осынша сайлаушыны біраздан бері "өңдеді", өз "активистеріне" айналдырды.  

"Бұл технология қарапайым. Оның бір схемасы Молдовада "Меришор" әлеуметтік дүкендері арқылы жүзеге асырылды. Бұл дүкендер желісі аз қамтылған азаматтарға, зейнеткерлерге азық-түлікті өз құнынан арзан сатады. Мысалы, бұл схемаға қарсы тұру үшін 2022 жылғы шілдеде Парламент ішкі сауда туралы заң қабылдап, нанды 1 лейге (шамамен 27 теңгеге) сатуға, яғни, іс жүзінде тегін таратуға тыйым салды", – деп түсіндіреді германиялық басылым.

Би-Би-Си жазуынша, "Меришор" сияқты дүкендерде азық-түлік сатып алу құқығын иелену үшін кедей болу аздық етеді. Азамат дербес деректерін, үйінің мекенжайын және телефондарының нөмірлерін тегіс беруі керек. Сонда ғана фирмалық картаға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, қаптаған чаттарға қосады, түрлі жиынға шақыртады. Белсенді болмағандардың картасының күші жойылады.

Осылайша, бір жағынан қашқын олигарх Илан Шор халыққа шапағаты тиген меценат атағын шығарды. Екінші жағынан, ол өзіне күні қараған халықтың саяси ерік-жігерін байлап-матап, тәуелді етті.

DW Кремльдің молдовалық саясаткерлермен, журналистермен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен де тығыз жұмыс істейтінін қаперге салды. Илан Шор Молдовада шоғырлана тұратын диаспораларды да назардан тыс қалдырмады: мысалы, Гагаузияда халықаралық әуежайлар салуға, "Росатомның" көмегімен АЭС тұрғызуға уәде етті.

Еуроинтеграцияны жақтаушылар бұл жолы символдық мәні бар жеңіске жетті. Шын мәнінде, тараптардың күштері теңесіп қалғаны байқалады. Молдовалық саяси аналитик Виктор Чобанудың пікірінше, бұлай бара берсе, итжығыс түскен ресейшіл күштер алда күш алып, үстемдік алуы мүмкін. Ары қарай барлығы еуропашыл Үкіметтің "сайлаушыларды сатып алу машинасымен" күресте қаншалықты пәрмен мен тегеурін таныта алатынына байланысты болады.

Салдарынан, Санду ханым екі оттың ортасында қалды: егер оппозициялық күштермен аяусыз күресіп, қылмыстық істер қозғап, қудалай бастаса, "демократия құндылықтарынан алыстады" деп Еуропаның қатаң сынының астында қалады. Қаһарына мініп, қарсыластарын тізе салып, тым-тырақай етпесе, олар ақыры жеңіске жетіп, Молдованы Ресейдің "ықпал аймағына" оралтады.  

Виктор Чобану Илан Шордың 300 мың активистпен (барлық сайлаушылардың 10%-ы) шектелмейтініне, өз желісін тек арттыра беретіне сенімді. Олигарх жеңілген жоқ, қайта жеңіске тым жақын қалғанын, жетістіктің дәмін сезді. Оның үстіне осы он пайыздың өзі келесі жылғы сайлауда Шордың кремлшіл партиясының енді Парламентке кіріп, төл фракциясын жасақтауына жететін көрінеді.

"Кремльдің стратегиялық мақсаты – 2025 жылы Молдовада "грузиндік сценарийді" жүзеге асыру. Президенті бастаған жұртшылығының үлкен бөлігі еуроинтеграцияға ынтық Грузияда бүгінде Парламент – ресейшіл көпшіліктің бақылауында", – деді молдовалық саясаттанушы Виктор Чобану.

Рәсімге келсек, Молдованың Орталық сайлау комиссиясы осы аптада Конституциялық сотқа референдумның қорытындылары туралы баянат ұсынуға тиіс. Онда дауыс беру күнінде тіркелген бұзушылықтар туралы да ақпараттар болуы шарт. Содан соң он күн ішінде Конституциялық сот референдумның легитимділігі туралы шешім қабылдайды (немесе одан бас тартады). Шешімі оң болса, онда  Молдованың Ата заңы еуроинтеграция туралы жаңа баппен автоматты түрде толығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу