Ресей өз азаматтығын алған қазақстандықтар үстінен қылмыстық істер қозғауда

10782

Солтүстік көршіде келімсектерге қарсы наразылық күшейіп келеді. Бұдан бұрынғы отандастарымыз сақтанғаны жөн. 

Ресей өз азаматтығын алған қазақстандықтар үстінен қылмыстық істер қозғауда Фото: РИА новости

Мәскеудің Украинадағы қырғын соғысына қарамастан, РФ азаматы атанғысы келетін қазақстандықтардың саны артты. Мысалы, 2020 жылы жалпы саны 43 мың экс-отандасымыз солтүстік көршінің қоңыр паспортын таңдаса, кең ауқымды шапқыншылық басталған 2022 жылы олардың саны 44 мыңнан асқан.

РФ ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтырғы жыл қорытындысында Ресей азаматтығын украиналықтар ең көп алды. Бұл түсінікті: Мәскеу көршісінің өзі оккупациялаған облыстарының тұрғындарын РФ паспортын алуға мәжбүр етті, онсыз әлеуметтік жәрдем түгіл, тіпті қарапайым гуманитарлық көмек те берілмейді.

Салдарынан, 2022 жылы жалпы саны 690 мыңнан астам шетелдік Ресей азаматтығына қабылданса, соның үлкен бөлігі – 297 мыңы Украина азаматтары болған.

Ресей халқының санын арттыру жөнінен екінші орынға Тәжікстан шықты – 173 мың тұрғыны Ресейді таңдапты. Кейінгі орындарға Армения (45 мың) және Қазақстан (44 мың) орналасты.

Биылғы жыл қорытындысында одан да көп болуы мүмкін.

РФ ІІМ хабарлауынша, 2023 жылдың алты айында Ресейде 7,5 миллион адам миграциялық есепке тұрған. Олардың көбі Өзбекстаннан (630 859 адам), Тәжікстаннан (349 357), Қырғызстаннан (172 591), Армениядан (47 337) және Қазақстаннан (34 783) барған. Бұл тек ресми статистика ғана. Заңсыз жүргендерінің саны беймәлім.

Мәскеу олардың азаматтық алуын жеңілдетті. Мысалы, егер отағасы немесе отанасы армиямен контракті бекітіп, Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысса, оның өзі және отбасы мүшелері жеңілдетілген тәртіппен РФ паспорына ие болмақ. Оның сол жақта қаза тауып, оралмауы мүмкін екенін әрине, айтпайды.

Азаматтық алып үлгергендерін аулап, соғысқа аттандыруда. Бір ғана Мәскеуде Тергеу комитеті РФ азаматтығына жаңа ғана қабылданған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің бұрынғы тұрғындарына қатысты әскери қызметтен жалтару жөнінде 22 қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы аталған ведомство хабарлады.

Тергеу комитеті бұл істер Мәскеу военкоматтарын тексеру барысында қозғалғанын мәлімдеді. РФ азаматы атанғандар онда есепке тұрмайды. Бүгінде әскерден қашқан тұлғаларды табуға бағытталған шаралар қабылдануда.

Ведомство тексеріс нәтижесінде тағы 80-нен аса азамат анықталып, олар армияға мәжбүрлі түрде жіберілгенін жеткізді.

Осы аптада Kras Mash телеграм-арнасы күш құрылымдарының Краснояр өлкесіндегі Норильск қаласының әуежайында шамамен 40 мигрантты ұстап алып, әскери есепке алғанын жария етті.

20 қазанда ОМОН қызметкерлері Котельникидегі мешітке тінту ("облава") жүргізді. Ресейлік ақпарат құралдары жазғандай, полицейлер онда ғибадат етіп жатқан ер адамдарды күштеп военкоматқа алып кеткен және сол күні армияға жіберген. Тұтқындалғандардың арасында РФ намысын қорғауға кіріскен 19 жасар дзюдошы Мухаммад Негматов және Бірінші арнадағы "Перепой звезду" шоуының финалисті, әнші Мамут Усеинов болған. Оларды да әскерге алып кетті.

РФ басылымдарының жазуынша, тамыздан бері Ресейдің бірнеше өңірінде Ресейдің жаңа азаматтарын індетіп табуға бағдарланған арнайы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Күш құрылымдары оларды мешіттерден, базарлардан, көкөніс қоймаларынан, жатақханалардан, құрылыс алаңдарынан және мигранттар көп жиналатын басқа орындардан іздейді.

Егер орталықазиялық мигранттың РФ паспорты болса, онда әй-шәйға қаратпай, ешкіммен қоштастырмай, сол жерден бірден соғысқа аттандырады. Егер РФ азаматы болмаса, жалдамалы ретінде армиямен, жеке әскери компаниялармен контракті бекітуге үгіттейді. Мол ақшамен қызықтырады.

Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, Ресей былтырдан бері соғыста 300 810 жауынгерінен айрылды. Бұл санға өлгендер ғана емес, мүгедекке айналып, ары қарай соғысуға жарамсыз болғандар да жатқызылған. Ресей жағы әскери шығыны қаншаға жеткенін жарияламайды.

Бұдан бөлек, сарапшылар 400 мыңнан астам ресейлік әскердің Украина жерінде ұрыс салып жатқанын айтады.

Сонымен қатар миллионға дейін тепсе темір үзетін жастағы ер-азамат шетелге босты, релокант ретінде қоныс аударды. Бұған демографиялық күйзеліс қосылды. Осының бәрі Ресейде жұмыс күшінің тапшылығына соқтырды.

Ресейлік еркектерден босаған орындарға Мәскеу өзге елдердің жұмыс күшін шақырып, белсенді тартып жатыр. Бұл өз кезегінде, ресейліктердің наразылығын туғызып отыр.  

"Егер бұрын мигранттар мәскеуліктердің әдемі өмір сүруі үшін қажет болса, енді мигранттар мәскеуліктер өмір сүре алуы үшін қажет. Келімсектер (приезжие) көбіне экономикалық тартымды Мәскеу мен Мәскеу облысында шоғырланып қалады. Олар ел астанасының бейнесін өзгерте бастады. Мигранттар бөтен, белгісіз мәдениеттің тасымалдаушылары болып табылады, олар елде қалыптасқан дәстүрді, қаланың тұрмыс салтын өзгертеді, тұрғылықты тұрғындарды үйреншікті әдеттерін бұзуға мәжбүрлейді. Мұны тіпті ұсақ-түйектен де байқауға болады. Мысалы, енді кез келген супермаркетте халал бөлімдер ашылды. "Халяль" деген жазуы бар тамақтандыру орындары көбейді. Мәскеу мен Подмосковьеде тұрғын үй кешендерінде ғибадат ету орындары жабдықталуда. Қалада мұсылман әйелдеріне ғана арналған дүкендер қанат жайды", – деп жазды ресейлік журналист Анна Полозова.

Бұған дейін өзге діндерге толеранттылық танытып келген Мәскеу және бүкіл Рустің патриархы Кирилл де "Ресейдің гастарбайтерлерге шектен тыс толып кеткеніне" көңілтолмастық білдірді. Оның пайымдауынша, салдарынан Ресей ұлттық болмысы мен бірегейлігін жоғалтады. Оның айтуынша, мигранттар орыстарға сенімі бойынша да, мәдениеті бойынша да жақын емес. Сондықтан оның пікірінше, Ресей билігі елге сонша көп көлемде шетелдік жұмыс күшін тартпағаны жөн.

"Ресейде гастарбайтерлердің шамадан тыс қаптауы елді және бірегейлігімізді жоғалтуға соқтырады. Білімді, интеллигентті орыс адамы басқа адамдардың сеніміне де, мәдениетіне де құрметпен қарауға тиіс. Бірақ егер жат сенім, бөгде мәдениет осынша қарқынмен тарала беретін болса, белгілі бір кезеңде қуып жетіп, теңессе немесе бетін аулақ қылсын, үстемдікке ие болса, онда біз елімізден айрылып қаламыз. Біз болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді жоғалтамыз", – деді өткен аптадағы үндеуінде Патриарх Кирилл.

РФ Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңестің басшысы Валерий Фадеев тұрғылықты халықты шошындырған бір деректі келтірді.

"Мәскеу түбіндегі 500 орындық бір мектепте (қандай мектеп екенін нақтыламады) оқушылардың жартысына жуығы, 200-і – Орта Азиядан келген мигранттардың балалары. Сондықтан ата-аналар бұдан былай мектеп асханасында тек халал асты ғана беруді ұсыныпты. Мектеп басшылығы соған көнді. Мұнымен шектелмеген ата-аналар жаңажылдық ертеңгіліктен бас тартуды талап еткен! Өйткені  Жаңа жыл мұсылман мәдениетіне қайшы мереке көрінеді. Мигрант ата-аналар ғасырлар бойы қалыптасқан ресейлік білім беру жүйесіне өз талаптарын таңа бастады. Мұндайға қатаң тойтарыс беріп, табанды қарсы тұру керек", – деп шулады Валерий Фадеев.

Алайда Ресей қанша бұлқынса да, бұлталақтаса да, шетелдік жұмыс қолын тартудан басқа амалы жоқ. Экономикалық даму министрі Максим Решетников ресейлік экономикаға төнген ең басты ішкі қауіп деп "кадрлар тапшылығын" атады. РФ кәсіпорындарының 60%-ы персоналдың жетпей жатқанын хабарлаған. Маман табылмаған бос жұмыс орындары жүздеген мыңдап саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу