Ресей санкциямен өмір сүре алатынын 4 жолмен дәлелдегісі келеді

6470

"Лада" шетелдік бөлшегінен айрылып, "Инстаграмды" жергілікті желі алмастырып, "мастеркард" пен "визаның" орнын "Мир" басты. Ал экономика осындай өзгерістерге қарамастан, биыл ондаған пайызға қысқаруы мүмкін.

Ресей санкциямен өмір сүре алатынын 4 жолмен дәлелдегісі келеді

Президент Владимир Путин Ресей жұртшылығын санкциялардың елге зиянынан гөрі Батысқа көбірек кесір тигізетініне сендіру үшін соңғы бірнеше аптада айтарлықтай уақытын эфирге арнады.

"Ұжымдасқан Батыс Ресейге экономикалық қысым көрсету саясатынан бас тартуды жоспарлап отырған жоқ. Ресей экономикасының әрбір саласы ішкі мүмкіндіктерге негізделген ұзақ мерзімдік жоспар құруы керек", – деді ол жақында авиация басшыларымен өткен кездесуде.

Путиннің "өзіңе ғана сен" позициясы ешкімге таңсық емес. Ресей 2014 жылы Қырымды Украинадан аннексиялап алғаннан бері бұл ел "Ресей қамалы" деп аталатын стратегиямен Батыстың күшейе түскен санкцияларына дайындалып келеді.

Дегенмен ақпанның 24-інде РФ армиясы Украинаға басып кіргеннен бері Батыстың экономикалық шабуылдарының ауқымы әсте кеңейіп, талай компания Ресеймен арадағы бинесті доғарып, белелін сақтау мақсатында немесе санкцияға ілікпеу үшін өз елдеріне оралып, ресми Мәскеуді төбедей жай түскендей күйге түсіріп отыр.

"Ешкім Батыс дәл мұндай санкция жариялайды болжамап еді", – деді наурызда Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің 600 миллиард долларлық қорының тең жартысының бұғатталғанына сілтеме жасай отырып.

Ресей шетелдік резервтеріне салынған санкциялар үшін сотқа шағымданатынын айтады және де бұл мемлекет активтері бұғатталғанына байланысты қарызын өтей алмаған ел есептелетін болса да әділет органдарына жүгінетінін ескертіп отыр.

Ресейде жаңа нормаға бейімделіп өмір сүргісі келетін кейбір компаниялардың, өнеркәсіп орындардың және ресми өкілдердің іс-әрекеттері төмендегідей: 

1. "Ладаның" қайта дизайндалуы

Ресейдің Кеңес дәуірінен келе жатқан әйгілі отандық автокөлік бренді импорттық бөлшектерге өте тәуелді. Lada машиналарын шығаратын "Автоваз" француздың Renault автоконцерніне тиесілі. Ресейлік автоөнеркәсіп жайында жазатын Auto Business Review журналының бас редакторы Евгений Есковтың айтуынша, бұл компаниялар қосымша бөлшектерді сатып алудың бірыңғай жүйесін бөліседі.

Наурыздың 24-де Renault Ресей нарығынан шығып жатқанын хабарлады. Бұған жауап ретінде "Автоваз" импорттық құрамдас бөліктерге тәуелді болмас үшін бірнеше модельді жылдам қайта дизайндап жасау керектігін мәлімдеді.

Компания қандай модельдердің өзгеретінін нақтыламады, бірақ олардың алдағы айларда біртіндеп қолжетімді болатынын атап өтті. Есковтың сөзінше, қайта жобаланған модельдер қазіргі автомобильдердің ABS (қауіпсіздік жастығы жүйесі) сияқты қосымша мүмкіндіктері жоқ қарапайым нұсқалары болып шығады. "Олар тура баяғының дөрекі көліктеріне ұқсамақ", – дейді Есков CNN Business арнасына жолдаған электрондық хатында.

АҚШ үкіметі өкілдерінің сөзінше, Ресейде танк жасайтын зауыт детальдар тапшылығына байланысты жабылып қалған. "Лада" да соның тағдырын қайталауы мүмкін.

2. Инстаграмшыларды Вконтактіге тарту

Brand Analytics әлеуметтік медиа жөніндегі сараптамалық фирмасының мәліметі бойынша, Instagram жақынға дейін ай сайынғы пайдаланушылар саны жағынан Ресейдегі ең үздік әлеуметтік желі есептелген. Екінші орында Facebook-тің ресейлік нұсқасы Вконтакты тұрды.

Шабуылдан бері, әсіресе, Ресейдің байланыс реттеушісі өткен айда Facebook пен Instagram-ға кіруді тоқтатқан соң, Вконтакты контент жасаушыларды өз платформасына тарту үшін барлық шектеулерді алып тастады.

Бұл компания сәуірдің соңына дейін кез-келген монетизацияланған мазмұн бойынша комиссиясын алып тастап, наурыздың 1-нен бастап басқа платформадан көшкен немесе өз парақшасын қайта ашқан кез келген контент жасаушыға платформада парақшасын тегін насихаттауға тегін мүмкіндік ұсынып отыр. Сондай-ақ Вконтактіде бизнесті ашуға арналған нұсқаулар жарияланды.

Вконтактінің жеке деректеріне жүгінсек, бұл тәсілдер нәтижесіз емес. Наурызда ай сайынғы пайдаланушылар саны 100 миллионнан асып, рекорд көрсеткен. Brand Analytics мәліметтері бойынша, Instagram ақпанның  24-і мен сәуірдің 6-сы аралығында орыстілді белсенді пайдаланушыларының жартысына жуығын жоғалтыпты.

Дегенмен көптеген ресейлік инстаграмшылар әлі де белсенді. Өйткені олар америкалық платформаға VPN арқылы кіре алады. Патшалық Ресей стиліндегі жоғары сапалы қолдан жасалған маталарды сатумен айналысатын Ольга Левакова Instagram-ға тыйым салынған кездегі бастапқы "шок" пен "дүркіннен" есін енді жиып отыр. Ол өз парақшасының Украинаға шабуылдан кейінгі алғашқы бірнеше аптада соғысқа қарсы пікірлер мен хабарламаларға толып кеткенін айтады. Бірақ кәсіпкер әйел парақшасы сипаттамасындағы "патшалық Ресей" деген жолды алып тастап, "тарихи тоқу" сөзін қолданып, ісін әрі қарай жалғастыруды жөн көрген.

3. Отандық несие карталары

Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін оның кейбір ірі банктері санкцияларға ұшырап, қаржылық оқшаулануға әзірленуге тура келді. Осыған байланысты Ресейдің Ұлттық төлем карталары жүйесі мен оған негізделген "Мир" банктік карталар жүйесі геометриялық прогрессиямен өскен.

Ресей орталық банкінің мәліметі бойынша, 2021 жылы 113 миллионнан астам "Мир" картасы шығарылыпты. Ал, 2016 жылдың соңындағы олардың жалпы саны 1,76 млн еді. Сонымен қатар өткен жылы Ресейдегі барлық карталық төлемдердің төрттен бірі осы "Мир" карталарымен жасалған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім ішінара Ресей үкіметінің мәжбүрлеу әрекеттерімен де байланысты.

"Басқыншылық басталғанға дейін қарапайым ресейліктерге бұл карталар онша ұнамады. Бірақ үкімет бюджеттік сала қызметкерлерін, зейнеткерлерді және жәрдемақы алатын кез келген адамды "Мир" картасын пайдалануға міндеттеді", – дейді Финляндия халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері Мария Шагина.

Демек Visa мен Mastercard наурыздың басында Ресейдегі транзакциялар мен операцияларды тоқтататындарын жариялаған шақта, оларға Ресейде балама болған.

Бірақ "Мир" шетелдік карталарды толық алмастырушы емес. Ол тек Ресейде және кейбір елдерде, негізінен бұрынғы кеңестік мемлекеттерде ғана жұмыс істейді.

Ресейдің SWIFT халықаралық төлем жүйесіне балама құру әрекеті де аса табысты емес. Оның SPFS деп аталатын өзіндік нұсқасына былтыр 400 ғана қатысушы қосылған. Салыстырып көрсек, SWIFT-те 11 000 қатысушы бар.

 "SPFS-ке шетелдіктер ынталы емес. Егер басқа жағынан Ресейге сенбесеңіз, бұл жүйеде оған неге сенуге тиіссіз?", – дейді Шагина.

4. Қоғамдық жұмыс

Вашингтондағы Халықаралық қаржы институтының бас экономистінің орынбасары Элина Рыбакованың пікірінше, жаппай жұмыссыздық Ресейде әлі басталған жоқ. Бірақ бұл – Кремль ең көп қорқатын проблемалардың бірі. Өйткені оның нәтижесінде билікке қарсылық күшейіп, диссиденттер көбеюі мүмкін.

Украинада әскери жанжал басталғалы, Ресейде соғысқа қарсы шерулерге қатысқаны үшін 15 000-нан астам адам қамауға алынған.  Ал Кремль өзінің "арнайы операция" деп аталатын науқанын қолдамаған тәуелсіз БАҚ-тың үнін тиімді өшіріп, "жалған ақпарат" деп санайтындарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға кірісті.

Мәскеу қаласы Ресейден кеткен батыстық компанияларда жұмыс істеген адамдарды қайта оқытып, жұмысқа алу бағдарламасын қолға алып, ықтимал жұмыссыздық мәселесін шешуге тырысып жатыр. Мәскеу мэрі Сергей Собянин қазір 200 мыңға жуық жұмыс орнына жабылу қаупі төніп тұр деп есептейді.

Собянин атап өткен "пайдалы" варианттарға паспорттар мен туу туралы куәліктер сияқты ресми құжаттарды рәсімдейтін жұмыс орындары, қала саябақтарының бірінде немесе жақында ашылған уақытша денсаулық сақтау орталықтарындағы вакансиялар кіреді. Осы жұмыс орындарын ашуға және жұмысшыларды қайта даярлауға бюджеттен 41 миллион доллар бөлініп отыр.

Ресейден 300-ден астам компания шығып, Maersk, UPS, DHL және басқа да көлік компаниялары елден кеткеннен халықаралық жеткізу тізбегі де негізінен тоқтады.

Әрі қарай не болуы мүмкін?

Ресей осы уақытқа дейін қаржылық жүйесі күйремей, Батыстың санкцияларының бастапқы күшіне төтеп берді. Бұл негізінен пайыздық мөлшерлемелерді бірден 20%-ға дейін көтерген орталық банктің арқасында мүмкін болды және де ОБ капиталға қатаң бақылау орнатты.

Бірақ бұның бәрі Ресейдің ең қиын жағдайды бастан өткеріп қойғанын білдірмейді. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, биыл Ресей экономикасы 8,5%-ға қысқаруы мүмкін. Еуропа ресейлік мұнай импортына тыйым салса, күйреу одан да күшті болайын деп тұр. Ал инфляция 17,5 пайызға жетті. Қымбатшылықтың Ресей азаматтарына зиянын тигізіп жатқанын Путин де мойындап отыр.

Халықаралық қаржы институтының экономисі Бенджамин Хилгенсток өткен айда жариялаған есебінде егер Еуропалық Одақ, Ұлыбритания және АҚШ ресейлік мұнай мен табиғи газға тыйым салатын болса, РФ экономикасы биыл 20%-дан астам қысқаруы мүмкін деген қорытынды жасады.

Өзге бір сарапшылардың пікірінше, тағы бір орасан қауіп – Ресейдің импорттық өнімдерге тәуелділігі. Қазір олардың көпшілігі санкциялар құрсауында. Кремль үшін бұл санкцияларға қарсы тұру макроэкономикаға бағытталған шараларға қарағанда әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу