Ресей Таулы Қарабаққа әскер кіргізіп жатыр

6541

Әзербайжан армиясы стратегиялық қаланы басып алғаннан кейін Мәскеу, Баку, Ереван жаңа келісім жасады.   

Ресей Таулы Қарабаққа әскер кіргізіп жатыр

Бір жарым айға созылған кескілескен шайқастан кейін Әзербайжан стратегиялық  Шуша қаласын басып алғанын жариялап, бұл оқиға Бакуде үлкен жеңіс мерекесіне сеп болды. Армяндар Шуши атаған көне шаһар тау басында орналасқан және одан Таулы Қарабақ астанасы Степанакерт айқын көрініп тұр.

"Шуша біздікі – демек, Таулы Қарабақ та біздікі!", – дейді президент Ильхам Әлиев жексенбі күні жолдаған телевизиялық үндеуінде. Осы мәлімдемеден кейін Әзербайжан астанасында талай адам қуанып, көшеге шықты.

Әлиевтің сөзінен соң Армения Шушаның айналасында ауыр ұрыс жүріп жатқанын хабарлады. "Шуши ауданында әскери іс-әрекеттер жалғасып жатыр. Таулы Қарабақ бөлімшелері жаудың бетін қайтарып, өз міндеттерін сәтті орындауда", – дейді Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян.

Бірақ Әзербайжан қорғаныс министрлігі жариялаған видеода Шушаның босап қалған көшелерінде Әзербайжан туының желбірегені көрінеді. Ал Таулы Қарабақ лидері Араик Харутюнянның өкілі Вахрам Погасян  Facebook парақшасында: "Шуши қаласы біздің бақылауда емес", – деп жазды.

Шуши немесе Шуша Степанакерттен оңтүстікке қарай 10 шақырым жерде Таулы Қарабақты Армениямен байланыстыратын негізгі жол бойында орналасқан. Сонымен қатар  Шуша – бір кездері өзінің музыкасымен, поэзиясымен Әзербайжан мәдениетінің тал бесігі атанған еді.

Этникалық армяндар үшін Қарабақты сақтау мақсатында бұл қаланың әскери маңызы өте зор. Әлиев болса, армян қарулы күштері толық әкетілгенше, шабуылды тоқтатпайтынын ескертіп отыр.

Таулы Қарабақ халықаралық заңдар бойынша Әзербайжанның жері болып танылса да,  армяндардың бақылауында. Қыркүйектің 27-інде соғыс басталғалы, Түркияға сүйенген Әзербайжан армиясы Қарабақтың өзі мен оның айналасындағы аудандардың басым бөлігін қайтарғанын жариялап келеді. Алайда Ереван көп территориядан айырылғанын растамай отыр.

Айта кетсек, Арменияның көмегімен жергілікті армян күштері бұл аймақты 1991-1994 жылдары басып алды. Сол қарулы қақтығыстар кесірінен 30 мыңдай адам қаза тауып, сан мың тұрғын үйлерін тастап кетті.

Ресей – басты арбитр

Бүгін таңертең Ресей Таулы Қарабаққа бітімгер әскер шоғырландырды. Президент Владимир Путин мәлімдегендей, кезекті ымыра аясындағы бұл шешім аймақта ұзақ мерзімдік бейбітшілік орнатуға жол ашуы керек.

Армения, Әзербайжан және Ресей жасаған пәтуаға сәйкес, қарашаның 10-нан бастап Қарабақта атыс тоқтайды. Шуша мен Әзербайжан әскері басып алған барлық территориялар Бакудың қарамағында қалуға тиіс. Енді ол аудандарға 90-шы жылдары босып кеткен мыңдаған әзербайжандықтың қайта оралуына мүмкіндік туып отыр.

Ереван Армения арқылы Әзербайжанның Нахичеван ауданына көліктік дәліз ашуға да келісті. Дегенмен Қарабақтың өз ішіндегі армян елді мекендері Әзербайжанға берілмейді.

Путин Ресей контингентінің Таулы Қарабақтағы майдан шебінде және осы аймақты Армениямен байланыстыратын жол бойында 5 жылға қалатынын да атап өтті. Мәскеу аттандырған 1960 жауынгер қазір құрал-жабдықтарымен, техникасымен Қарабақтағы аты әзірге белгісіз базаға қоныстанып жатыр.

Осылайша, өңірде Түркияның ықпалы күрт артқан шақта Мәскеу Қарабақта бәрібір басты арбитр екенін көрсетіп отыр.

Ереванда мыңдаған адам үкімет үйінің алдына жиналып, үшжақты келісімге наразылық білдіріп, премьер-министр Никол Пашинянды халықпен кездесуге шақырды. Сонымен қатар көтеріліске шыққан жұрт "Жерімізді бермейміз!" деп ұрандатып, ғимаратқа басып кірген. Алайда ол сәтте Пашинян іште болмаған.

Дегенмен үкімет басшысы "әскери жағдайды терең сараптап барып, осындай шешім қабылдағанын" мәлімдеп отыр.

Ресейлік тікұшақ құлады

Қайта басталған жанжалдан мыңдаған адам опат болса керек. Бір жарым айда Таулы Қарабақта үш рет ымыра жарияланып, олардың бәрі сәтсіздікке ұшырады. Мұздай қаруланып, шайқаста басымдық байқатып отырған Әзербайжан осы уақытқа дейін бейбіт келісімге аса мүдде танытқан жоқ еді.

Айта кетсек, Түркия Әзербайжанды қатты қолдап отырса, Ресей Армениямен қорғаныс пәтуасын (ҰҚКҰ аясында) жасағаны белгілі.

Мәскеу де, Анкара да Қарабақ жанжалына тікелей килікпей отыр. Ал дүйсенбі күні Армения аспанында Ресейдің әскери тікұшағы атып түсіріліп, оның екі экипаж мүшесі қаза тапты. Көп кешікпей Әзербайжан М-24-ті абайсызда құлатқанын мойындап, кешірім сұрап, өтемақы төлеуге келісті.

Дегенмен әскери сарапшылардың ойынша, егер Арменияға әдейі шабуыл жасалмаса, Ресейдің Қарабақтағы қақтығыстарға ашық араласуы екіталай. Сонымен қатар НАТО-ның мүшесі Түркия да Әзербайжан армиясы ұтып жатқанда, бұл соғысқа кірісуге мүдделі емес.

Оның үстіне Кеңес заманында Оңтүстік Кавказ аймағына кеңінен ықпал еткен Мәскеудің Әзербайжанмен де қатынастары жақсы. "Бірақ бір фундаменталдық сауал бар. Кремль Таулы Қарабақтың Әзербайжанға қайтарылғанын қалай ма?", – дейді Франция Жерорта теңізі аймағын стратегиялық зерттеу қорының ғылыми директоры Пьер Разу "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Бақылаушылардың ойынша, әскери тұрғыдан Әзербайжанмен салыстырғанда әлдеқайда осалдау Армения Таулы Қарабаққа басып кіре алмады. Сонымен қатар оның коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккен экономикасы да бұған мүмкіндік берер емес.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу