Ресей тұрғындарының 60 пайызы екпе салдыруды қаламай отыр

2795

Ал елде коронавирустың ең қауіпті түрі өршіп барады. 

Ресей тұрғындарының 60 пайызы екпе салдыруды қаламай отыр

Ресейде халықты вакцина алуға ынталандыру үшін лоторея ойнатылып, ұтысқа көлік те, пәтер де тігілді. Алайда жұрттың белсенділігі бәрібір шамалы. Федералдық үкімет маусымның ортасына дейін 30 млн ресейлікке екпе егудің амбициялық жоспарын жариялаған еді. Сол мақсаттың әлі үштен бірі орындалған жоқ.

Сонымен қатар, қазір елдің көптеген аймақтық үкіметтері халықпен байланыстағы жұмысшыларды вакцинациялауға міндеттеп, кейбір мекемелерге, мысалы, мейрамханаларға иммундалмаған адамдарды кіргізбеуді талап етіп жатыр.

Бүгінде Батыстың бірталай елі коронавирустық шектеулерді алып тастап, жаппай вакциналаудан кейін қалыпты өмірге қайта оралуды жоспарлап отырғанда, Ресей әлемде бірінші болып екпе жасағанын жариялап, оны алғашқылардың бірі болып желтоқсан айында еге бастаса да, соңғы аптада инфекциялардың көбеюімен күресуге мәжбүр.

Мұнда күнделікті жұқтыру оқиғалары маусымның басында 9000 болса, маусымның 18-інде бұл көрсеткіш 17000-ға дейін өсіп, өткен аптаның бейсенбісі мен жұмасында 20000-нан асып кетті.

Шенеуніктер елде мұндай жағдайдың қалыптасуына ресейліктердің қажетті сақтық шараларын орындауға салғырттығы мен жаңа инфекциялық нұсқалардың көбеюін айыптап отыр. Бірақ кейбір бақылаушылардың ойынша, пандемияның күшеюіне вакциналау жұмыстарының мардымсыз жүргізілуі себепші болуы мүмкін.

21 миллионнан астам адамға немесе 146 млн тұрғынның шамамен 14% -на жұма күнгі жағдай бойынша кем дегенде бір мәрте екпе салынған және де 16,7 миллион адам ғана немесе халықтың шамамен 11%-ы толық вакциналаудан өтіпті.

РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың айтуынша, екі дозаны қабылдағандардың тек 0,5% -ы COVID-19-бен ауырған.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, елдің екпеге енжарлығы бірнеше факторларға байланысты. Соның ішінде Sputnik V вакцинасының асығыс мақұлданып, таратылуының халықты күдіктендіруі, мемлекеттік телеарналардың шетелдік препараттарды қауіпті деп сынауы мен насихаттауы және вакциналау науқанының әлсіз жарнамалануы тәрізді себептер бар.

Вирустың өршуіне байланысты Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербургтен бастап Қиыр Шығыстағы Сахалинге дейінгі 18 аймағындағы мемлекеттік мекемелерде, бөлшек сауда орындарында, денсаулық сақтау, білім беру нысандарында, мейрамханаларда және тағы басқа қызмет көрсету секторларында жұмыс істейтіндер үшін вакцина алу осы айда міндетке айналды.

Мәскеу басшылығы компанияларды вакцина алғысы келмейтіндерге жалақы төлеуді тоқтата тұруға үндеп, персоналдың 60% -ын шілденің 15-не дейін кем дегенде бір доза, ал тамыздың 15-не екі доза алуға міндеттеуді талап етіп отыр. Ал, бұл айтқанды істемеген бизнес уақытша тоқтатылмақ.

Дүйсенбіден бастап Мәскеудегі барлық мейрамханаларға, кафелерге, барларға вакциналанған, кейінгі алты айда COVID-19-дан айыққан немесе соңғы 72 сағатта ПЦР тест тапсырып, теріс нәтиже көрсеткендер ғана қабылданады. Қала басшылығы, сонымен қатар, ауруханалық емделудің көптеген түрлерін  толық вакциналанғандар мен антиденелері барлар үшін шектеп отыр.

Бұл қадамдардың барлығы биліктің шарасыздық әрекеті ұқсайды.

"Олар өздерін тығырыққа тіреді, басқа таңдау жоқ. Билік бұл вакцинаны асыра әспеттегені сонша, оған адамдар сенбейтін болды. Содан кейін басшылық бірқатар шараларды қабылдап, бәрін бақылауда ұстап отырғандай көрінуге тырысты, ал пандемия маңызды мәселе болған жоқ. ... Енді вакциналау науқанының мардымсыздығы коронавирустың дельта нұсқасының өршуіне  жол ашып жатса, бұған таңқалудың қажеті жоқ",– дейді АҚШ-тың Вирджиния Достастық Университетінің жаһандық денсаулық сақтау саласының маманы Джуди Твигг "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұмада екпе алу міндетті еместігін және "ешкім оған мәжбүрленіп жатпағанын" мәлімдеді. Алайда өткен аптаның басында ол жұмысына байланысты вакцина салдыруға міндетті адамдар иммундалудан бас тартса, басқа жұмыс іздеуіне болатынын ескертті.

Әлеуметтік антрополог Александр Архиповтың айтуынша, Мәскеу мэрі міндетті вакциналану туралы жариялағаннан кейін көп ұзамай екпе салдырғаны туралы жалған құжат іздеушілер Интернетте күрт көбейді.

Полиция болса, жедел әрекет етіп, өткен аптада вакциналану жайлы жалған сертификаттарды сатушыларға қатысты 24 қылмыстық іс қозғады. Және де мұндай құжаттарды ұсынатын бірнеше аккаунт Telegram қосымшасында да пайда болған.

"Бұндай ұсыныстар наурыздан бастап ай сайын шамамен 19%-ға өсті", - дейді Сингапурда орналасқан киберқауіпсіздік компаниясы - Group-IB-дің цифрлық тәуекелдер жөніндегі талдаушысы Евгений Егоров.

Тәуелсіз сауалнама жүргізуші "Левада" орталығының зерттеуі көрсеткендей, ресейліктердің шамамен 60% -ы вакцина алуды қаламайды екен.

"Левада" директоры және әлеуметтанушы Денис Волковтың айтуынша, вакцинаны міндеттеу көпшіліктің ой-пікірін өзгертуі мүмкін. Өйткені, үкімет  екпені алу қажеттігін анық ескертуге кіріскен.

"Респонденттер екпеден қорқатынын жиі айтады. Бірақ, вакцина саяхатқа, мемлекеттік қызметте немесе өзге жұмыстарда қажет болады", - дейді Волков.

Дегенмен, вице-премьер Татьяна Голикованың мәлімдеуінше, Ресейде вакциналау жұмыстары екі есеге жуық артып, Мәскеудегі сауда орталықтарындағы клиникаларда ұзынсонар кезек пайда болған.

Вакциналарға деген сұраныстың артуы тапшылыққа ұрындыруы мүмкін. Мамырдың ортасындағы дерекке жүгінсек, Ресейде 33 миллионнан сәл астам доза шығарылып, оның едәуір бөлігі экспортқа жіберілген. Осы аптада  бірнеше аймақ жеткізу проблемалары туралы хабарлады. Ал Песков бұны "уақытша логистикалық қиындықтар" деп сипаттап отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу