Ресей "Жібек жолын" Еуропаға жеткізбек

2935

Мәскеу Қытай-Батыс Еуропа транспорттық дәлізін Қазақстан шекарасынан Беларуське жеткізу үшін жол құрылысын бастамақ.

Ресей "Жібек жолын" Еуропаға жеткізбек

"Жаңа Жібек жолы" автомагистралінің жетіспей тұрған звеносының құрылысы басталды. Ол Ресей-Қазақстан шекарасынан бастау алып, Беларусь жеріне дейін созылып, болашақта Қытай-Батыс Еуропа транспорттық дәлізінің сындарлы бөлігі ретінде қызмет етпек. Мұны  "Форбс" журналы хабарлап отыр.

Бұл инфрақұрылымдық мегажобаны 2012 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев "ғасыр құрылысы" деп атап, келешекте оның Қазақстанды Еуразияның жүрегіне айналдыратынын мәлімдегені белгілі.

Құрылысы тәмамдалғаннан кейін, Қытай-Батыс Еуропа транспорттық дәлізі  Бейжіңнің "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі күре тамырына айналуға тиіс. Жаңа дәліз Қытайдың Сары теңіз жағалауындағы Ляньюньган портынан Қазақстан шекарасындағы Хоргос құрлықтық портына дейін созылып жатыр. Содан кейін ол Ресей арқылы Батыс Еуропаға жетеді. Түптің-түбінде бұл халықаралық магистраль автомобильдік, теміржол және әуе транспорттық хабтарын көп-модальды экожүйеге біріктіріп, Еуразияның орталық аудандарының экономикалық рөлін жаңа белеске көтеріп, Қытай мен Еуропа арасында жүк тасымалдау туралы парадигманы мүлде өзгертеді деген болжам бар. Жоспар бойынша, жүк машиналары бұл дәлізбен жүкті Қытайдан Еуропаға небәрі 11 күнде жеткізуі керек. Қазір екі жақ арасында пойызбен, кемемен тауар тасымалдауға 15 күннен 50  күнге дейін уақыт кетіп жүр.

Батыс Қытай-Батыс Еуропа көліктік дәлізі өз жұмысын 2009 жылы бастағанымен, оның ресейлік бөлігіне осы уақытқа дейін дұрыс мән берілмеді және қаржы бөлінбеді. Бірталай жыл бойы ол Еуразияның жүрегінде транзиттік жүрдек жол қызметін атқарса да, шығыс пен батысты жалғайтын нағыз "Жібек жолына" толық айнала қойған жоқ. Яғни, жүк таситын машиналар Қытай мен Қазақстан арқылы әлемдегі ең заманауи магистральмен өткенімен, Ресейге жеткенде, инфрақұрылымы біршама қарапайымдау жолға тап болып отыр. Мегажобаның тағдыры енді өзгеруі мүмкін.  

Қытай-Батыс Еуропа транспорттық дәлізінің көптен күткен ресейлік бөлігі "Меридиан" деген атпен белсенді түрде жоспарланып жатыр. Екі мың шақырымға созылатын  ақылы жол Қазақстанмен шекаралас "Сагарчин" өткізу пунктінен Беларуське дейін созылады.

Жаңа автомагистраль құрылысы 9,3 миллиард долларға бағаланып отыр. Осы қаржының басым бөлігі мемлекет қазынасынан емес, жеке фирмалардан тартылмақ. Дегенмен  сол инвесторлар шекараны жабу тәрізді саяси шиеленістерден қорғану мақсатында үкіметтен 500 миллиондай долларлық  кепілақша бөлінсе деген ұсыныс білдірген. Бұл жобадағы басты ойыншы – ресейлік "Меридиан" инвестициялық холдингі. Оны "Газпром" төрағасының бұрынғы орынбасары Александр Рязанов басқарады. Рязанов бүгінде РФ-ның теміржол монополиясы – РЖД директорлар кеңесінің мүшесі. Ал, РЖД өз кезегінде аталған автомагистраль өтетін жердің  80 пайызына иелік етіп отырғанын мәлімдеп үлгерді. 

"Меридиан" тас жолы негізінен жүк тасымалдауға арналмақ. Одан түсетін табыстың басым бөлігін көліктерден алынатын төлемдер құрамақ. Рязановтың есебінше,  автомагистральге салынған инвестиция 12-14 жылда қайтады. Ал, Ресей Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, "Меридиан" жолының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, Қытайдан Ресейдің батысына жүк тасымалдау уақыты айтарлықтай қысқарады.

Алып жоба геосаяси астардан кенде емес. Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының ғалымы Джонатан Хиллманның сөзінше, Ресей арқылы өтетін жаңа автомагистраль Украинаны айналып өтіп, Киевтің шығыспен байланысу мүмкіндігі шектеуі ғажап емес.

"Транспорттық бағыттарға және бәсекелестерімен тайлаласып жатқан елдерге кедергі келтіретін саяси мақсаттар Жаңа Жібек жолында ешкімге таңсық емес. Мәселен, бір кездері Баку-Тбилиси-Карс теміржолы шағын ғана Арменияны трансеуразиялық жүк тасқынынан тыс қалдырғаны белгілі", – дейді Хиллман "Форбсқа" берген сұқбатында.

Хилманның ойынша, Ресей "Меридиан" тас жолының болашағын Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі сауда кедергілерін  жою арқылы жарқын ете алады.

Ресми түрде РФ  Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" және  Жаңа Жібек жолы бастамасының қатысушы болып саналады. Дегенмен  Мәскеудің бұл жобаларға атсалысуға деген құлшынысы осы уақытқа дейін күмән тудырып келді. Ал, "Бір белдеу, бір жол" қазір қарқын алған шақта "Меридиан" автомагистралінің құрылысы басталып отыр. Соған қарағанда, Кремльдің қытайлық инициативаға қатысты позициясы өзгерген тәрізді.

Шетелдік сарапшылардың ойынша, "Бір белдеу, бір жолдың" сәттілігі үшін Ресейдің маңызы зор. Өйткені бұл мемлекетке Еуразия құрлығының басым бөлігі тиесілі.

Арыс  Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу