Ресейде вирус құрбандары неге аз?

6377

Бұл жағдай Батыста күмән тудырып отыр. 

Ресейде вирус құрбандары неге аз?

Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны жексенбі күні 529 мыңға жуықтаса да, құрбандар қатары 7 мыңға да жеткен жоқ. Өз азаматтарынан Covid-19-ды анықтаудан РФ әлемде Құрама Штаттар мен Бразилиядан кейінгі үшінші орында тұр. Соңғы екеуінде қауіпті ауруға шалдыққандар жарты миллионан асқанда-ақ, жан тәсілім еткендер ондаған мыңға жеткен еді.

Бұл парадоксқа қарап, сыншылар мен Батыс баспасөзі Ресей үкіметін саяси мақсатта эпидемияның ауқымын төмендетіп көрсету үшін құрбандар санын бұрмалап берді деп айыптап отыр. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі Ресейде дауасы жоқ вирустан қайтыс болғандардың аздығын "түсіну қиын" әрі бұны "ерекше жағдай" деп мәлімдеп отыр. Әрине, мұндай күмәндар Мәскеудің шамына тимеуі мүмкін емес.

"Біз ешқашан ресми статистиканы бұрмалаған емеспіз", – дейді РФ премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, Ресейде коронавирустан қаза тапқандардың аз болуына бірнеше фактор себепші. Солардың қатарында өлгендерді санау тәсілі, кейбір шенеуніктердің статистиканы "әдемілеп" беруге тырысуы, орасан географиялық кеңістік және халықтың өмір жасының қысқалығы бар.

Санкт-Петербург аймағында патологоанотом болып қызмет ететін доктор Наталья Беличенко "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Ресейде құрбандардың 20%- ына ғана коронавирустан қайтыс болды деген диагноз қойылып, қалғандарының өліміне Covid-19 негізгі себептердің бірі деген ғана шешім шығарылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Денсаулық жөніндегі төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райанның мәлімдеуінше,  өзге елдерде коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми статистикаға осы вирусты жұқтырып, бірақ басқа себеппен өлгендер де енгізіледі.

"Құрбандардың нақты санына көз жеткізу үшін Ресей басшылары қайтыс болғандарды сертификациялау тәсілін қайта қарастырғаны абзал", – дейді Райан.

Вашингтон университетінің Денсаулық көрсеткіштері және денсаулық жағдайын бағалау институтының профессоры Әли Моқтаданың сөзінше, әлем елдерінде вирус құрбандарын санау әдісі әртүрлі. Себебі кейбір мемлекеттер өлім-жітім туралы деректерді төмендетіп көрсетіп жатыр. Ендігі бірі тестілеу жетіспегендіктен, коронавирустан қайтқандардың өліміне басқа себептерді жазады немесе Covid-19 құрбандарын тіркегенде,тек ауруханаларда демі таусылғандарды ғана тізімге алып жатыр. 

Парад және конституциялық өзгеріс

Вирджиния достастық университетінің профессоры және Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Джуди Твиггтің ойынша, Ресей өзгелерден ащы ақиқатты жасыру әдетімен бұрыннан ерекше. Мәселен, Кеңес одағы тұсында бұл мемлекетте алкоголизм мен туберкулезден қайтыс болғандарды азайтып,олардың нақты санын жасырып отырған. Ал, осынау советтік дәстүр қоғам денсаулығын жақсы етіп насихаттау үшін қолданылған.

"Өлімнің белгілі бір себебін жасыру туралы талаптар мен нұсқаулар – жұмысымыздың ажырамас бөлігі", – дейді аттарын атамауды өтінген сібірлік патологоанотомдар "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында. Олардың айтуынша, госпиталь әкімшіліктері де билікке жағу үшін көзге жақсы көрінетін есеп беруге әуес.

Сараптама нәтижелері көрсеткендей, Ресей аймақтары бірнеше күн бойы коронавирус жұқтырғандар туралы бірдей мәлімет береді немесе аймақтардың жаңа вирустан қайтыс болғандар туралы деректері федералдық үкіметтің статистикасымен әрдайым сәйкес келе бермейді.

"Мен ресми статистикаға сенбеймін. Оның өз себебі бар. Бірақ бізде нақты жағдайға бағаға беретін жақсы бір альтернативтік индикатор жоқ", –дейді Мәскеудегі  Data Insight зерттеу агенттігінің директоры Борис Овчинников.

Пандемияға байланысты биыл Ресейде екі ірі шара – Жеңіс парады мен президент Владимир Путиннің билігін 2036 жылға дейін созуға тиіс конституцияны өзгерту туралы дауыс беру кейінге қалдырылды. Кейбір бақылаушылардың ойынша, коронавирус жұқтыру оқиғаларының азаюы осынау екі саяси маңызды оқиғаны ұйымдастыруға жол ашады.

Жақында Кремль басшысы инфекцияның тарау қарқынының баяулағанын алға тарта отырып, Қызыл алаңдағы әскери шерудің 24 маусымда, ал негізгі заңды өзгерту туралы плебициттің 1шілдеде өтетінін жариялады. Тағы бір айта кететін жайт,  Ресей аймақтары мен Мәскеуде вирус жұқтыру деңгейі өте жоғары. Тәулігіне 9 мыңдай адам. Осыған қарамастан, наурызда енгізілген карантин өз күшін жойып жатыр.

Тіркелмеген өлім, қысқа ғұмыр, ұлан-байтақ жер

Ресми мәліметтерге күмәнді сейілту үшін Ресей үкіметі сәуірге арналған статистикасын қайта жаңартты.  Оған коронавирус жұқтырып, өзге себептермен өлгендер және тестте негативтік нәтиже көрсете отырып, коронавирустан қайтыс болуы мүмкін адамдардың тізімі енгізілген. Егер осылардың барлығы  "коронавирустан өлді" деп жарияланса, Ресейде Covid-19 құрбандарының саны бірден 60 %-ға өсіп, 11 мыңға жетер еді. Бірақ осының өзі Еуропа мен Америкадағы өлім-жітім көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен.

Сонымен қатар, Ресей үкіметінің мәлімдеуінше, құрбандардың көбеймеуіне карантиннің ертерек енгізіліп, госпитальдер дереу кеңейтіліп, денсаулық сақтау жүйесіне сақмақ түспеуі және 14 миллиондай адамның дер кезінде тестен өткізілуі себеп.

Бірқатар сарапшының ойынша, Ресейдегі статистикалық кемшіліктер өлгендер туралы мәлімет жинау жүйесінің ескіруіне де байланысты. Мысалы, көптеген аймақтарда адамның қайтыс болғанын растайтын куәлікті туыстары жергілікті ЗАГС органдарына тапсыруға міндетті. Алайда карантинге байланысты кейінгі айларда бұл мекемелер жабық тұрды немесе шектеулі уақытпен ғана жұмыс істеді.

Демографиялық зерттеулерге қарағанда, сәуірде Ингушетияда қайтыс болғандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда бес есеге азайса, Краснодарда олардың қатары айлық орташа көрсеткіштен 1500 адамға кем тіркелген. Себебі, кейбір отбасылар қайтқан туыстарын азаматтық тіркеу кеңсесіне бармай-ақ жерлеген. 

Демографтардың өзге бір болжамынша, Ресейде Covid-19-дан о дүниеге аттанғандардың аз болуына ұлан-байтақ елде тұрғындардың аз сапарлауы, территорияларға халықтың тым сирек шоғырлануы, әлеуметтік қарым-қатынастың аздығы, ресейліктер ғұмырының қысқалығы немесе Батыспен салыстырғандарда мұнда вирустың алдында осал қарттардың аздығы себепші.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу