Ресейдегі дефолт және оның Қазақстанға әсері

3894

Bloomberg күні кеше Ресейдің дефолтқа ұшырағанын жария етті. Өткен аптаның соңында солтүстіктегі көршіміз 100 миллион АҚШ доллары көлемінде қарызын өтеуі керек болған. Алайда мерзім өтіп кетті. Центробанктің валюталық резерві бұғатталғандықтан, РФ үкіметі оған қарсы өз уәжін алға тартады.  

Ресейдегі дефолт және оның Қазақстанға әсері

Жалпы Ресейдегі бұл жолғы дефолттың 1998 жылғы дефолттан айырмашылығы неде? Бұл жағдай ол елдің экономикасына қалай әсер етеді? Қазақстанда қандай да бір ықпалы бола ма? Мұның мән-жайын inbusiness.kz тілшісі белгілі экономистерден сұрап көрді.

104 жылдан кейін...

Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1998 жылы Ресейдегі қаржы дағдарысы салдарынан рубль құлдыраған кезде ел президенті Борис Ельцин 40 млрд доллар көлемінде жергілікті қарызы бойынша дефолт жариялаған еді. Ол күн тарихта "Қара дүйсенбі" атауымен қалған.

Дағдарыс 1996-1998 жылдары мемлекет жүргізген макроэкономикалық саясатпен шиеленіскен елдегі қиын экономикалық жағдай шеңберінде тіркелді. Сол жылдары қатаң жүргізілген ақша саясаты (мемлекеттік бюджетті эмиссиялық қаржыландырудан бас тарту есебінен және рубльдің жоғары бағамын ұстап қалу есебінен инфляцияны тежеу) жұмсақ бюджет саясатымен (Мемлекеттік дума қабылдаған және қол қойған негізсіз ісінген бюджеттер) ұштастырылды.

1998 жылғы Ресейдегі дағдарыстың басталуына екі сыртқы фактор түрткі болды. Оның бірі – отын-энергетикалық кешен тауарларына әлемдік бағаның күрт төмендеуі (Ресей экспортының негізі) және 1997 жылдың ортасында басталған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс Малайзия, Индонезия, Бангладеш, Бирма және Таиландтың ұлттық валюта бағамын төмендетті.

1998 жылғы дағдарысты есептемегенде Ресей соңғы рет шетелдік кредиторлар алдында дефолтты бір ғасыр бұрын өткерген. Ол кезде Владимир Лениннің басшылығындағы большевиктер 1918 жылы патша кезеңіндегі қарызды өтеуден бас тартқаны бар.

Батыс сарапшыларының айтуынша, бұл жолғы дефолт мемлекетті экономикалық және саяси тұрғыда қатты шеттететін факторға айналады. Естеріңізде болса, мемлекеттің еурооблигациялары наурыз айынан бері проблемалық деңгейде сатылған. Центробанктің валюталық резерві бұғатталып жатыр. Ал елдегі ірі банктер әлемнің қаржы жүйесінен шеттетіліп қалды.

Дегенмен дефолт әзірге символикалық сипатқа ие. Себебі инфляциямен қоса, экономикалық тұрғыда құлдырап бара жатқан ресейліктер үшін бұл көп әсер ете қоймайды. Ал Ресей үкіметінің өзі дефолтқа қарсы шықты. Ондағы билік кез келген қарызды жабуға әзір екенін, қаржысы барын, бірақ бар ақшасы бұғатталып жатқандықтан мүмкін болмай тұрғанын мәлімдеді. Өткен аптада осы даудан арылу үшін Ресей 40 млрд доллар көлеміндегі қарызын рубль күйінде өтейтінін жария еткен. Форс-мажор жағдайын қатаң сынға алып, мұны Батыс қолдан жасап отыр деп айыптайды Ресей билігі.

Ресей жай ғана қырсығып отыр

Белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, дефолттың техникалық түріне ұшыраған елдің де шекесі қызбайды.

"Дефолт деген сөз былайша айтқанда, банкрот деген сөз ғой. Салыстырмалы түрде түсінікті болуы үшін солай айтуға болады. Елдің төлем қабілетсіздігінің дәрежесі. Я болмаса несие рейтингінің өте төмен деңгейге түсуі. Дефолтқа ұшыраған мемлекет басқа елдерден не қарыз ала алмайды, не инвестиция тарта алмайды. Қиын жағдайда қалады", – дейді сарапшы. 

Экономистің айтуынша, техникалық дефолтқа Ресей 1998 жылы Азия дағдарысы кезінде ұшыраған. Ал 1998 жылы Қазақстанда жалпы ішкі өнім "минусқа" кеткенімен дефолт болмаған. 

"Техникалық дефолттың өзі негізі қатты қорқынышты емес. Өлі-тірі күйде тұр деген сөз ғой. Ол төлем қабілетсіздігінің уақытша сипаты. Бірақ кейін төлем қабілеті болуы мүмкін. Бұл жолы Ресей "керек болса қарызымызды рубльмен төлейміз" деді. Еуропа ол шартты қабылдамай отыр. Бірақ негізінде Ресей төлем қабілетсіз жағдайда емес. Қырсығып отыр жай ғана. Бүгінге дейінгі жағдайда мұнайдан да, газдан да доллар мен еуроны алып отыр. Соның артынша рубльді қазір күшейтіп алды. Бұл жерде саяси мәселе ғана", – деп сөзін жалғастырады экономист.

Мақсат Халық техникалық дефолт жағдайында да ол елге ешкім қарыз бермейтінін, инвестиция әкелмейтінін ескертеді. Техникалық дефолт осылай сақталып, келесі кезеңге өтсе, онда толыққанды дефолтқа алып келеді. 

"Бірақ қазір Ресей дефолтқа түсіп кететіндей күрделі жағдайда емес. Дей тұрғанмен бұл фактор әлемдік рейтингтерде Ресейдің қатты құлдырауына алып келеді. Ресейге аяқ астынан қарыз ақша керек болып қалса, ешкім бермейді. Инвесторлар ол елге бармайды. Былайша айтқан кезде әлеммен байланыс үзіледі", – дейді ол.

Қазақстанға қандай әсері болады?

Экономист Расул Рысмамбетов та Ресейде шын мәнінде дефолтқа ұшырамайтындай қаражат барын айтады.

"Дефолт дегеніміз – мемлекеттің өзінің ішкі және сыртқы қарызын өтей алмауы. Ақша да, актив те қалмай қалған кездегі дефолттың бір түрі бар. Дефолттың екінші түрі мемлекет қандай да бір техникалық себептерге байланысты қарызын өтей алмаған жағдайда болады. Яғни қазіргі жағдайда Ресейде ақша барын, оны шетелдегі активі бұғатталғандықтан төлей алмай отырғанын бәрі біледі. Сол себепті дәл қазір Ресейдегіні техникалық дефолт деуге болады. Ол біріншіден, аса қорқынышты емес. Екіншіден, Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін Ресей дүние жүзіндегі экономикалық схемалардың бәрінен шығып қалды. Мұнай мен газын, алтынын, яғни базалық экспортын ғана жүргізе алып жатыр. Қалған жағдайда тығырықтын шығу үшін Ресей сыртқы сауда мен серіктестіктегі бағыт-бағдарды өзгертуге барын салуда", – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, дефолттың өзі Ресейге аса қатты соққы жасай қоймайды.

Әйткенмен, қазір Ресейге дефолттан гөрі санкциялар едәуір қауіпті. Ресейге онсыз да ешкім ақша бергелі отырған жоқ. Әдетте, мемлекет дефолт жариялаған кезде басқа мемлекеттер оларға қарызға ақша бермеуге тырысады. Ал санкциялар қазірдің өзінде Ресейді сондай күйге түсірді. Сол себепті санкциялардың салдарынан дефолтсыз-ақ ешбір ел Ресейге қарыз ақша бергелі отырған жоқ дейді экономист. 

"Ресейдің өзінде бүгін де ақша жоқ деуге келмейді. Олар импортты тоқтатты да, ішкі нарығында шетелдік валютаның біразы ел ішінде қалды. Ал бұл фактор бізге қалай әсер етеді? Дәл қазір бірдеңе деу қиын. Көре жатармыз. Біз де кезінде Ресейдің құнды қағаздарын сатып алдық қой. Олардың құны қазір төмендейді. Ресей үкіметінің де қарыз жағынан міндеттемелерін өзімізге алдық. Екі жақты тәртіпте көп мәселені шешуге тура келеді. Сондықтан ары қарай не болатынын бақылау керек. Әлбетте, тәуекел бар. Сол себепті дефолттың олардан бөлек, бізге де ешбір пайда әкелмейді", – дейді Расул Рысмамбетов.

Сөз соңында сарапшы дефолтқа байланысты Ресейде құлдырайтын салалар болатынын, алайда олардың салдары ресейлік қарыз қағаздарынан басқа бізге ешқандай әсер етпейтінін атап өтті. 

"Себебі басқа салдардың бәрі, SWIFT тыйымы Ресейге жетіп қойған. Сол себепті Ресей дефолттан қорқып отыр дей алмас едім", – деп түйеді сөзін экономист.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу