Ресейдегі дүмпулер Қазақстандағы қымбатшылықты одан ары үдетеді – экономистер пікірі

2043

Ішінара мобилизация бүкіл Ресейді дүр сілкіндіріп жатыр. Елден шығып кетудің амалын жан ұшыра іздестіріп, көшеге митингке шыққандар көп. Ресей қоғамының Кремльдің саясатына жұмылдырудан кейінгі алғашқы реакциясы кейінгі толқуларға ұласа ма? Оны уақыт көрсете жатар. 

Ресейдегі дүмпулер Қазақстандағы қымбатшылықты одан ары үдетеді – экономистер пікірі

Іnbusiness.kz тілшісі бұл мақалада Ресейдегі айтулы өзгерістердің Қазақстанға экономикалық әсерін отандық экономистерден сұрап білді.

Тікелей емес, жанама әсер етеді

Экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, біріншіден, Ресейдің қазіргі уақытта бюджет шығындары өсіп бара жатыр. Айтарлықтай. Кейінгі айда Ресей билігі бюджет шығынын дефицитпен жапқан. Яғни алдағы уақытта да бюджет дефициті Ресейде қатты өсетіні анық дейді ол. Антиресейлік санкциялар да күшейеді. Осының бәрі бірден әсерін білдірмеуі мүмкін. Алайда жалпы бұл қадамның өзі Ресейдегі инфляцияның күшейіп, өндірістің азаюына, бір сөзбен жағымсыз салдарға апарып соғады.

"Әскери-өнеркәсіптік кешен Ресейде өседі, әлбетте. Бірақ басқа салалар керісінше, құрдымға кете береді. Олар ең алдымен ресурстардың жетіспеушілігін сезеді. Ресейдегі осы жағдайлар Қазақстанға тікелей емес, жанама әсер етері анық. Біз Ресейден импортты көп әкелеміз. Алайда осыдан кейін импорт азаяды", – дейді ол.

Экономистен "Ресей импортының азаюы Қазақстанның өндірісі үшін жақсы мүмкіндік емес пе" деп сұрағанымызда ол "экономика бұлай жұмыс істемейтінін" ескертті. Жарас Ахметовтың айтуына қарағанда, егер отандық өндірушілер бәсекеге қабілетті тауарды шығара алатын болса, онда олар баяғыда-ақ оны өндірер еді.

"Егер олар бұрыннан бері отандық сапалы өндірісті жолға қоя алмаса, кенет ояна кетеді дегенге сенбеймін. Олай болмайды. Қалыпты бәсекелік ортада жұмыс істей алмаса қиын. Сондықтан импортты осы жолмен алмастырамыз деген әңгіме ертегіге ұқсайды", – дейді ол.

Жарас Ахметов Қазақстанның тауар өндірушілері Ресейдің шұжығын ығыстыра алғанымен, әртүрлі техникалар мен химикаттарға келгенде бәрібір шет елдерге жүгінетінін атап өтеді.

"Екіншіден, Ресейдің саяси басшылары Қазақстанның басшылығына қатысты қандай саясат жүргізетіні белгісіз. Олар бізге қандай да бір саяси қысым жасай ма, жоқ па? Каспий құбырын қайта жаба ма, жоқ па? Біз оны білмейміз. Соғыс жағдайында оптимистік ешқандай көзқарас таныта алмайды екенмін. Жағымды ештеңе күтпеймін", – дейді Жарас Ахметов. 

Қазақстан билігі ескерсе екен...

Ал экономист Расул Рысмамбетов назар аударар ең басты мәселе – Ресей экономикасының әскери уақытқа бейімделе бастайтынында деп отыр. Яғни осылайша, ресми түрде Ресей билігі әскери-өнеркәсіптік кешенге басымдық берді. Ең жаманы, бұл басымдық қарапайым, яғни Ресейдің азаматтық экономикаға кері әсерін тигізеді.

"Екіншіден, соғысқа баратын 300 мың адамды айлықпен қамтып, киімін кигізіп, тамағын беріп, қаруын қолына ұстату керек. Демек бюджетке қосымша шығын келеді. Ресейдің қазіргі бюджетінің онсыз да "шекесі қызып тұрған жоқ". Ресей билігіне рубльді көбірек басып шығаруына тура келеді. Олар рубльді көптеп басып шығарғаннан кейін долларға шаққанда ресейлік валютаның бағасы төмендей береді", – дейді сарапшы.

Қазақстан үшін қандай қауіп бар? Экономист Қазақстан билігі ең бастысы, рубльдің соңынан әдеттегідей теңгені де әлсіретеміз деп алашапқын болмаса екен дейді. Әйтпегенде, "спиральге түсіп кетеміз" деп ескертеді. Рубльдің құны онсыз да қазір нарықтық сипаттан ауытқып кеткен. Егер рубльдің артынан ілесе берсек, мұның салдары Қазақстан экономикасы үшін ауыр болады. Қалайша десеңіз, ресейлік тауарлар қатты қымбаттап кетеді.

"Экономикалық тұрғыдан әлбетте, Ресей азық-түлік импортын тоқтатады деген қауіп бар. Тіпті Қазақстанға шығаруға тыйым салуы мүмкін. Артынша олай болса, ресейлік тауарлардың бағасы біздің нарықта тағы шарықтап шыға келеді. Біз дәрі-дәрмек жағынан Ресейге біршама тәуелді елміз. Әлбетте, бізде дәрі-дәрмекті таңдау жағынан мүмкіндігіміз бар шығар, бірақ ең арзанын қазір сол Ресейден алып отырмыз. Меніңше, Ресей шекарасын жаба бастаса, бұл жағдайдың өзінің ықпалын азық-түлік, дәрі-дәрмек жағынан біз бір айдың ішінде сеземіз", – деп сөзін жалғастырады Расул Рысмамбетов.

Мобилизациядан қашып тығылатын ел – Қазақстан емес

Расул Рысмамбетов сонымен бірге, Ресейден шетелдік компаниялардың шығуы жылдамдата басталатынын атап өтті. Бұған дейін Ресейде мыңдаған шетелдік компания жұмыс істеп келген. Көбі "біз бұдан былай Ресеймен жұмыс істемейміз, қазір келісімшартты бітіріп, кетеміз" деп отыр.

"Шын мәнінде, олар осы күнге дейін нарықты жоғалтпай, кеткісі келмей отырған. Енді сол компаниялар ақыры нарықтан не болса да кету жағын ойластырып отыруы мүмкін. Қазақстан сол компанияларды өзіне қабылдау мүмкіндігін құр жібермеу керек. Алайда бұл өте қиын шаруа. Өйткені біздегі су мен инфрақұрылым, жер өз компанияларымызға жеткіліксіз", – дейді ол.

Қазақстанға персоналын шығарып жатқан шетелдік компаниялар мұнда келсе де, ресейлік нарыққа қызмет көрсетуін жалғастырады. Алайда олар осында келіп, жұмыс істесе де, жұмыстан біреуді қысқарту керек болса, қазақстандық персоналды алдымен босатады. Өйткені Қазақстан нарығы шағын. Батыс Еуропаның бір компаниясы мәселен, Қазақстан немесе Ресей нарығын таңдау керек болса, екіншісін қолай көретіні анық.

"Қазақстан мен Ресей ішкі істер саласы, прокуратура жағынан өте жақсы қарым-қатынаста. Ресей тарапы халықтың көшуіне мүдделі емес. Сол себепті бері көшкісі келетіндерге мобилизациядан қашып тығылатын ел Қазақстан емес екенін түсінуі керек. Өйткені мұнда олар ЖСН аша алмайды. Олар бізге ағылған жағдайда Ресейдің әскери прокуратурасынан хат келіп, оларды жиып алып кетеді. Ресей тарапы бізден сұраса, біз бас тарта алмаймыз ғой", – деп түйді сөзін Расул Рысмамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу