Көршілес Ресейдегі саяси жағдай шиеленісе түссе, Қазақстан үшін қандай қауіп-қатер туындайды? Біз неге дайын болуымыз керек? Inbusiness.kz болып жатқан жайтқа қатысты мамандардың пікірін білді.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтан үш негізгі экономикалық қатерді атады. Бірінші – бұл миграциялық дағдарыс.
"Ресейде азаматтық соғыс болса, олар тағы да қашуға тырысады. Қазақстан бұл үшін ең ыңғайлы елдердің бірі. Ресейден көші-қон толқыны жалға алу бағасының жаңа раундына, сондай-ақ шекаралас аймақтардағы бағаның тез өсуіне әкеледі", – дейді спикер.
Қаржы сарапшысы осы ретте мұның бұрынғы көші-қон толқындарынан айырмашылығын атады.
"Бұл толқын Қазақстан үшін онша жағымды бола қоймас. Өйткені бізге бағдарламашылар, смм мамандары, хипстер және соғысқа қатысқысы келмейтін адамдардан басқа, өлімнен қашқан жалдамалы әскерилер де келуі мүмкін", – деді маман.
Сонымен қатар қаржы сарапшысы тағы бір экономикалық қатерді атады. Оның пайымынша, дүйсенбіде "қызыл ақша" бағамы құнын жоғалтып, құлдырай бастауы мүмкін.
"Сірә, дүйсенбіде рубль құлдырауын жалғастырады. Бұл біздің инфляция үшін жақсы, бірақ арзан ресейлік импорттың артуы да қауіпті", – деді маман.
Ал белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев Facebook желісіндегі парақшасында көрші елдегі демарштың саяси салдарына тоқталды. Бұл ретте ол қалыптасқан ахуалдың Ресей билігі беделіне нұқсан келтіруі маңызды деп санайды.
"Ал бұл жерде Пригожиннің әскери көтерілісі қанша уақытқа созылатыны маңызды емес... Ол жуырда аяқталуы мүмкін. Бәлкім, Путиннің айналасындағы оның сенімді жасырын жақтастары арасында да тазарту басталады... Ең бастысы, бұл демарш соғысты қолдайтын және Путинді "Ұлы" стратег ретінде көретін Ресей билігінің беделіне соққы болып табылады. Осылайша оның өз айналасындағыларды басқара алмайтыны белгілі болды", – деп есептейді саясаттанушы.
Қорыта келе ол Ресейдегі жағдай кез келген сценарий бойынша өрбуі мүмкін деген тоқтамға келіп, бұған Қазақстан қазірден дайын болуы керектігін ескертті.
Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл жағдайда ең дұрыс шешім – Ресейдің ішкі ісіне араласпау деп есептейді.
"Менің ойымша, біздің басшылық үшін ең дұрысы – сабыр сақтап, араласпау. Бұл Ресейдің жеке ісі. Оның бізге қатысы жоқ", – деді саясаттанушы Телеграм арнасындағы жазбасында.