Ресейден қашқандар үкіметтің "жоспардан тыс" бас ауруына айналды

2287

Ресейден бері бағыт алған "үлкен көш" қоғам пікірін екіге бөлді.

Ресейден қашқандар үкіметтің "жоспардан тыс" бас ауруына айналды

Ішінара мобилизациядан қашқандарды бірі "қолдау керек, олар соғыстан қашып келіп жатыр" десе, екіншісі "Қазақстандағы халықтың өз жағдайы да мүшкіл, жарылқаудың қажеті жоқ" дейді. Келіп жатқандарды "қолдаймыз" деген билікке де халықтың біразы наразылық білдіріп жатыр. Осы ретте Іnbusiness.kz тілшісі болып жатқан үдерістің оң және теріс жағын зерттеп, сарапшылармен сөйлесіп, мәселені жан-жақты зерделеуге тырысып көрді.

Статистика не дейді?

Осыдан екі күн бұрын Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов Қазақстанға ағылған ресейліктерге қатысты мәлімет берген. Комитет басшысы Қазақстанда көшіп келу мен көшіп кетудің жаңа есептік нүктесі 2022 жылдың 11 сәуірінде, яғни Қазақстан карантин шектеулерін жеңілдетіп, мемлекет шекарасының құрлықтағы өткізу пунктері арқылы өту мүмкіндігін ашқан тұста басталғанын айтады. Аслан Аталықовтың сөзіне сенсек, жыл басынан бері елімізге 4 млн 399 мың шетелдік келген.

Нақтырақ айтқанда, Ресейден 1,7 млн адам, Өзбекстаннан 1,5 млн адам, Қырғызстаннан 547 мың адам, Тәжікстаннан 200 мыңнан астам адам келіп жеткен.

Осы уақыт ішінде Қазақстаннан 4 млн 155 мың шетелдік сыртқа шыққан. Оның ішінде Ресейден 1 млн 666 мың азамат, Өзбекстаннан 1,770 мың адам (?), 540 мың қырғыз азаматы мен 196 мың тәжік азаматы кеткен.

"Осылайша, Ресей азаматтарының иммиграциясына тоқтала отырып, келесі талдауды атап өтуді қызықтырақ деп санаймын. 2019 жылы пандемия болмаған кезде Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік келді. Яғни сол кезде 3 миллионға жуық адам кірді. Ал биыл 9 айда 1,6 млн адам келді. Алайда Ресей билігінің таяудағы шешімінен кейін өткен аптадан бастап Ресейден эмигранттар ағыны көптеген бағытта, оның ішінде Қазақстанға да ұлғайды. Оның бәрін азаматтар әлеуметтік желілерден көріп жүр", – деді ол.

Оның айтуынша, 22 қыркүйекке дейін Қазақстанға 9-12 мыңға жуық ресейлік кіріп кетіп жүрсе, 22 қыркүйектен бастап күніне 2-3 есе көп келіп жатыр екен… Яғни Аталықовтың есебіне сенсек, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға күніне 20-30 мың адам келіп жатыр деген сөз.

Дәл сол Аслан Аталықов араға бір күн салып, 27 қыркүйекте – 21 қыркүйектен бері Қазақстанға 98 мың Ресей азаматы кіргенін, Қазақстаннан 64 234 ресейлік азамат елден шыққаны туралы ақпаратты жария етті.

Қоғам неге наразы?

Ресейден азаматтардың көптеп келуіне байланысты қоғамда наразылық басым. Оның себебі де көп. Украинаға соғыс ашқан Ресей елінен қаншама еркек кіндіктің бері асуын ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерге теңейтіндер бар. Украинаның басына туған күн Қазақстанға келсе, түбі соларды "әлеуетті террористер" көретіндер де аз емес. Оған қоса тұтас халықтың бір бөлігінің Қазақстанның ірі қалаларына үдере көшуінен пәтерді жалға алу бағасы тіпті шарықтап кетті. Бұл айналып келгенде онсыз да жарытып табыс таппай, тапқаны жегенінен аспай отырған жергілікті халыққа да ауыр тиіп тұр. Ақшаға құныққан кейбір пәтер иелері "ресейліктер көп төлейді" деген желеумен жергілікті азаматтарды үйінен қуа бастаған. Осы көріністің бәрі жұрттың біразының ашуын туғызып отыр. "Қытайдан келген Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанға сыйғыза алмағанда, бір-ақ аптада жүз мың орысты қалай елге кіргіздіңдер" деп жазып жатқандар да бар.

Ақталған үкімет

Жергілікті халықтың ашуын осы жолы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов туғызды. Екі күн бұрын үкіметте көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізіліп, онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланған. Сол отырыста Смайылов үкімет мүшелеріне Ресейден қашқандарды "уақтылы тіркеп, оларға жұмыс тауып беруді" тапсырған болатын. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарап, сол кештен-ақ Смайыловқа сын садағын кезегендер көп болды. Аңдамай сөйлегенін аңғарды ма, әйтеуір ертеңінде премьер-министр айтар сөзін майпаздап, "айтқанын дұрыс түсінбей қалғандар барын" ұқтырмақ болған. Алайда "Жаңа Қазақстан" құрам деушілердің жұмысының ескі әдісі тағы көрініп қалды.

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұл үдеріс "ұлттық мүддеге қайшы келмейді" деген сипатта жауап берді.

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның ұстанымы халықаралық міндеттемелер шеңберінде болатынын атап өтті.

1 бөлмелі пәтерді жалдау құны – 180 мың теңге

Іnbusiness.kz тілшісі осы ретте Жан Рысбаев атты астаналық риэлторды сөзге тартып, баспана нарығындағы ахуалдың мән-жайын сұрап көрген. Оның айтуынша, елордада қазір кез келген адамға жалға алуға пәтер жетпей жатыр.

"Қазір екі бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа бағасы 250 мың теңгеден басталады. Бір бөлмелі пәтер шамамен 180 мың теңгеден басталады. Үш бөлмелі пәтердің бағасы 400 мың теңгеден жоғары. Бес бөлмелі пәтердің бағасы да бұрынғыдай емес. Бұрынғыдай 120-150 мың теңге аралығындағы пәтерді қазір таба алмайсыз", – дейді ол.

Жан Рысбаевтың сөзіне қарағанда, бұл жағдай Қазақстанның азаматтарына оңай тиіп жатқан жоқ. Себебі кейбір пәтерлерді жалға алу үшін көрші мемлекеттің адамдары 500-600 мың теңгеге дейін ақша төлеуге дайын екен. Тиісінше, жалға беріп жатқан пәтер иесі әлбетте, үйін қымбат бағалағысы келеді. Заң бойынша, егер келісімшарт болса, пәтер иесі жалға алған азаматтарды шығара алмайды.

"Көбінесе біздің өзіміздің қазақ азаматтарға құқық сауаттылығы жетіспей жатыр. Көбі келісімшартқа да отырмайды. Өкінішке қарай, дәл пәтерді жалға алуға келгенде отандастарымыздың құқық сауаттылығы нашар. Жалға алған кезде көбі пәтердің құжаттарын сұрамайды. Ол дұрыс емес. Кез келген адам пәтерді жалға алған кезде келісімшартты оқып, әр пунктін иесімен келісіп алу керек. Пәтердің өз иесі беріп жатыр ма, әлде субаренда ма – осының бәрін түпкілікті сұрап білген абзал. Көп адамдар осыған мән бермейді. Осының салдарынан отандастарымыздың кейбірі қиналып жатыр", – дейді ол.

Жан Рысбаев "қазақтар далада қалды деп кесіп айту да дұрыс емес" дейді. Өйткені әртүрлі жағдай болып жатқанын атап өтеді.

"Мәселен, кейбір отандастарымыз үйін жалға беретін хабарландыруында "тек Қазақстан азаматтарына береміз" деп жазып қояды. Сол себепті "ойбай, қазақтар далада қалып жатыр" деген сөздің көбі де өтірік. Әлбетте, пәтерін қымбат өткізгісі келетін адамдар қазіргі жалға алушыларды шығарып жібере алады. Бірақ дұрыс келісімшартқа отырса, сізді ешкім пәтерден шығарып жібермейді. Ол заңға қайшы", – деп ескертеді маман.

Ал экономист Расул Рысмамбетов пәтер иесі азаматтарды қуатын болса, онда салық органдарына шағымдануға болатынын ескертеді. Салық төлемес үшін пәтерді келісімшарт арқылы жалға бергісі келмейтін адамдарды экономист осылайша заңға бағындыруға болады деп есептейді.

"Үлкен көштің" салдары

Экономист Мақсат Халық Ресейдегі азаматтардың Қазақстанға көшуінен бірнеше қатер барын ескертеді. Мәселен, оның айтуынша, ресейліктердің жаппай көшуі үй бағасының қымбаттауына апарып соғады.

"Сондықтан бұл үдеріс халық үшін жақсы деп айта алмаймын", – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы Ресейден келгеннен кейін көбі осы жақтан жұмыс қарайтынын, демек келген ресейліктер жергілікті халықтың жұмысына таласатынын атап өтеді. Ресейліктер келгенде өзімен бірге рубльдерін алып келеді. Экономистің айтуынша, бізде онсыз да жыл басынан бастап рубльдің қордалануы көп. Енді рубль тіптен көбейеді. Бұл – біздің қаржы жүйесіне қосымша проблема.

"Бұл жағдайдың балама қаупі – еліміздің санкцияға ілініп қалу қаупін де үдетеді. Ондай салдарын біз жоққа шығармаймыз", дейді ол.

Сонымен бірге белгілі бір деңгейде ел ішінде мәдени қақтығысқа да апарып соғуы ықтимал. Ол жақтан келген орыстар сол жердің түсініктерімен, ойларымен келеді. Жергілікті халықпен санаса ма, жоқ па – ондай мәселелер де бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу