Ресейдің әлі құрдымға кетпегенінің бес белгісі

5646

"Дефолтқа" ұшыраған РФ қаражаттан әлі де кенде емес. Оны санкциялардың соққысынан триллион доллар қорғап отыр.  

Ресейдің әлі құрдымға кетпегенінің бес белгісі

Ресей 1917 жылғы революциядан кейін большевиктер орасан қарызды төлеуден бас тартқаннан бері алғаш рет шетелдік облигациялар бойынша дефолтқа ұшыраған болуы керек. Бірақ, оның 1,8 триллион долларлық экономикасы әлі күнге дейін құлдырап жатқан жоқ.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс РФ экономикасына санкция салып, оған 1991 жылы Кеңес Одағы құлағаннан бері ең ауыр соққы берді. Алайда сол экономика ғажап төзімділік танытып отыр. 

Дүйсенбіде Америка Құрама Штаттары жариялаған, бірақ Кремль мойындамаған 2022 жылғы "дефолт" бұрынғы қарыз дағдарыстарынан мүлдем өзгеше. 1918 жылы большевиктер борышты қайтарғысы келмесе, 1998 жылы Ресей ішкі қарызын өтей алмады.

Бұл жолы Мәскеу берешегін беруге дайын екенін айтады, бірақ оған Батыс кедергі екен. Ресей экономикасының әлі де бекемдігін көрсететін бес белгі төмендегідей:

             1. Дүниежүзіндегі ең күшті валюта: Рубль соншалықты әлсіз және құбылмалы болғандықтан ондаған жылдар бойы тіпті ресейліктердің өзі одан бас тартып келді. Алайда бүгінде Ресей ақшасы АҚШ долларына қатысты әлемдегі ең тиімді валютаға айналып отыр.

Рубльдің көтерілуіне шикізат экспортынан келетін түсімдер, импорттың төмендеуі және валютаны кеңірек сатылымнан қорғаған капиталды бақылау саясаты себепші. Рубль маусымның 22-інде доллар мен еуроға қатысты соңғы 7 жылдағы ең жоғары деңгейге нығайды.

Орталық банк деректері көрсеткендей, Ресейде 2022 жылдың алғашқы бес айында ағымдағы шот бойынша жүргізілген қаржылық операциялардың профициті 110,3 млрд долларды құраған. Бұл – өткен жылдың осы кезеңіндегі 32,1 млрд доллардан бірнеше есе жоғары көрсеткіш.

           2. Мұнай – Ресей экономикасының күре тамыры. Оның баррелі Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен бері 100 доллардан жоғары бағаға саудаланып жатыр. Дүйсенбіде Brent маркалы шикізат 112,99 долларға сатылды. Мұнай бағасы жоғары болғандықтан, Сауд Арабиясынан кейінгі екінші мұнай экспорттаушы әрі әлемдегі ең үлкен табиғи газ сатушы Ресейде жыл сайын санкциялардан қорғайтын триллион доллар "жастық" бар.

Әрине, Ресейдің Urals мұнай маркасы Brent-пен салыстырғанда жеңілдікпен сатылады, бірақ оның құны әлі де жоғары.

Батыстың санкциялары Ресейді Қытай мен Үндістанға мұнайдың баррелін 40 долларға дейін арзандатып сатуға мәжбүр етті. Бірақ америкалық ресми өкілдердердің мәлімдеуінше, Мәскеу әлі күнге дейін энергия экспортынан соғысқа дейінгіге қарағанда көбірек ақша тауып отыр.

            3. Пайыздық үстемелер – Ресейдің орталық банкі маусымның 10-да өзінің негізгі пайыздық мөлшерлемесін дағдарыс алдындағы 9,5%-ға дейін төмендетті және де сол дәрежені инфляция баяулағанға дейін ұстап тұрды.

Украинаға шабуылдан кейін ғана Ресей үстемені 20%-ға дейін көтерді. Алайда бұл деңгей 1998 жылғы тамыз девальвациясының алдында белгіленген 150% астрономиялық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен.

            4. Тамақ пен байбаламсыз өмір – Мәскеу дүкендерінде әлі де азық-түлік бар және паника аса байқалмайды. Шабуылдан кейін бірден қант сияқты заттарды сатып аламын деп жанталасқандар кездесті. Дегенмен қазір ондай ажиотаж шамалы. Мәскеу дүкендерінде азық-түлік жеткілікті, ал банктерге жүгіру тыйылғандай.

Бұның бәрін Ресей 1998 жылғы девальвация мен 1991 жылы Кеңес Одағының құлағанда бастан кешкен еді.

1990 жылы Америка Құрама Штаттары азық-түлік тапшылығын жеңілдету үшін Ресейге "ножки Буша" немесе тауықтың аяқтарын жеткізгені белгілі.

            5. Жұмыссыздық – бар болғаны 4%, рекордтық төмен көрсеткіш (сәуірдің статитистикасы). Кейбіреулер жұмыссыздық деңгейі төмендететіліп көрсетілді деген пікірде. Бұған қоса, елден шетелдік ірі компаниялар кетіп, қызметкерлерінің санын қысқартып жатыр. Осының бәріне қарамастан, қазір  РФ-да 3 миллион адам ғана жұмыссыз. Еңбек нарығындағы жағдай туралы мамырдың есебі енді жариялануы керек.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу