Ресей елшілігінің тосын бастамасы әлеуметтік желіде және ардагерлер ортасында қызу талқылануда.
Алдымен қазақстандық "Ауғанстанның және жергілікті соғыстардың ардагерлері одағы" төрағасының бірінші орынбасары, запастағы полковник Серік Осанов барлық интернационалист-жауынгерлердің ардагерлік ұйымдарының басшыларына үндеу жолдады.
"Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі жанындағы қорғаныс мәселелері жөніндегі Атташе қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. Оның аясында Ұлы Отан соғысының, Ауғанстанның және басқа мемлекеттер аумағындағы жергілікті соғыстардың қатысушылары мен мүгедектеріне ақшалай өтемақы түрінде 100 мың теңге материалдық сыйақы беріледі. Акцияның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында менің электронды поштама барлық 17 өңірден 30 мүгедек пен ардагердің тізімін жіберуді сұраймын", – делінген онда.
Бұған қоса, ақша алу үшін әр ұйым 30 ардагеріне материалдық көмек сұрау туралы өз конференциясының немесе басқармасының шешімін хаттама түрінде рәсімдеп, оған төрағасы қолы мен мөрін қоюы керек. Өтініш иесі "уақыттың тым тығыздығына байланысты хаттама мен тізімді 10 қыркүйекке дейін тез ұсыну" керектігіне назар аудартты.
Бұдан бөлек, С.Осановтың айтуынша, өтемақы алушылар ақшаны тапсыру салтанатына міндетті түрде өзі қатысуға тиіс, бөгде біреуді жіберуіне немесе онсыз да бара жатқан ардагерден өзіне де ала салуды сұрауына рұқсат етілмейді.
"Сонымен қатар әр ардагерлік ұйым жиынға меморгандардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақыруы, қайырымдылық акциясы кең насихатталуы үшін БАҚ өкілдерін шақыруы, іс-шараның бейне және фототүсірілімін қамтамасыз етуі, дыбыс аппаратураларын және микрофондарды әкелуі, іс-шараның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуі керек", – делінген үндеуде.
Ресейдің материалдық көмегі тапсырылатын салтанатты жиындардың әрбір өңір бойынша кестесі сәл кейінірек, қосымша ұсынылмақ.
"Менің соған мүмкіндігім бар"...
"Ресей елшілігінің әскери атташесі Қазақстандағы ауғандағы және жергілікті соғыстарға қатысқан азаматтардың тізімін жинап жатыр" деген әңгіме әлеуметтік желіде дүрбелең туғызды, оған сарапшылар, қоғам белсенділері үн қатты. "Ел тірегі" қозғалысының басшысы Нұржан Әлтаев Қазақстандағы РФ елшілігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесінің аппаратына хабарласып, мән-жайын анықтаған көрінеді.
"Көрші елдің әскери атташесі ақша тарату үшін біздің барлық өңіріміздегі ардагерлермен байланысқалы жатқаны расталды. Мұны қалай түсінуге болады? Ресейдің депутаттары мен шенеуніктері біздің солтүстік өңірлерімізге көз сұғын қадап, территориялық претензияларын мәлімдеуде. Енді осы елдің әскери атташесі біздің ардагерлерді, яғни әскерилерімізді сатып алмақ ниетте. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Бөтен мемлекеттің басқа бір елдің әскерилерін, ардагерлерін сатып алуы деген сорақы іс. Біз – тәуелсіз елміз", – деді ол.
Н.Әлтаев осыған жол берген Үкіметті айыптады.
"Үкіметтің кінәсінен Ауған соғысы және жергілікті ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерді әлеуметтік қолдау сын көтермейтін жағдайға жетті. Мемлекет бұл ардагерлерге ай сайын небары 14 мың теңге жәрдемақы төлейді. Олардың жағдайы ауыр, күн көру, отбасын асырау үшін такси айдап, құрылыста істеуге мәжбүр. Шет мемлекеттер осыны пайдаланып кетуде. Әскери атташенің осы бастамасын ілгерілетуге Парламент депутаты атсалысып жатқан көрінеді", – деді саясаткер Нұржан Әлтаев.
Ал төл үндеуіне түсініктеме берген запастағы полковник Серік Осанов "өз ұйымының РФ елшілігі атташесімен бірлесіп өткізіп отырған акцияның ешқандай саяси астары жоқтығына" сендіріп бақты.
"Бұл саяси шара емес, ол мемлекеттік деңгейде жасалып отырған жоқ. Әскери атташемен біздің ұйым арасында достық қарым-қатынас орнаған. Әскери атташе: "сіздің елдегі соғыс және ұрыс қимылдарына қатысушы ардагерлерді ынталандырайық. Бәлкім, азық-түлік жиынтығын береміз, бәлкім, дәрі-дәрмегін жеткіземіз. Менің соған мүмкіндігім бар" деп өзі ұсынды. Біз 31 тамызда ұйымымыздың кеңсесінде жиналдық. Жиынға Мәжіліс депутаты, ауған ардагері Арман Қожахметов қатысты, өз ұсыныстарын енгізді. Талқылау нәтижесінде "бұл Қазақстан ардагерлерінің Ресейден көмек сұрағанындай болмауы керек" деп бірден анықтап алдық. Тәуелсіз Қазақстан өз ардагерлерін өзі қамтамасыз етуге қауқарлы", – деді С.Осанов.
Оның айтуынша, азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестіруден бірден бас тартыпты. Өйткені "өнімдерді сатып алу, барлық облыстарға жеткізіп, қоймалап, тарату ұзаққа созылады". Сондықтан ақшалай таратуға ұйғарылған деседі. С.Осанов әр өңірдегі 30 ардагерге 100 мың теңгеден беру туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Дегенмен, егер "әлдебір ұйым 60 ардагерді ұсынса, онда оларға 50 мың теңгеден берілмек".
Әділін айта кету керек, еліміздегі 16 мың ауған ардагерінің басым көпшілігі бұл бастаманы құптамады. Олар қазақстандық әскерилердің жат елден ақша алуын Қазақстан қоғамы мақұлдамас деген пікірде.
Барлық 17 өңірдегі Ауған ардагерінің көбісі Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының туы астында біріккен. Бірақ Ресей атташесінің бастамасын ілгерілетуші "Ауғанстанның және жергілікті соғыстардың ардагерлері одағы" өз алдына бөлек ұйым.
Осы "халықаралық" бастамаға қатысты пікірін сұрағанымызда, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының "Намысты нанға сатпа!" деген өсиетін еске салды.
"Ресейдің өз ардагерлерінің жағдайы ауыр. Ал Қазақстан ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерін өз Үкіметіміз шешуге тиіс. Біз Ауғанстанның және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимыл ардагерлерінің барлық көкейкесті, ірі проблемаларының тізімін жасап, оны шешуді сұрап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де, Үкіметке де енгіздік. Бұл мәселелерді жауапты органдар қарастыруда. Мәселелердің шешімі созбалаңға салынбауы керек. Ардагерлерге жете көңіл бөлмеудің өзі – саяси қателік", – деді Б.Смағұл.
"Ардагерлер ісі жөніндегі жеке комитет құрылуы керек"
Қауымдастық әскери қимылдар ардагерлеріне қатысты бүкіл мәселені (әлеуметтіктен бастан тәрбие және идеологиялық мәселелерге дейін) өз мемлекетіміз шешуі үшін төл бастамасын ұсынып отыр. Ұйым ұсынысын ел Президентіне, сондай-ақ Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдапты.
"Ардагерлер өз мәселесін қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер ұйымдары арқылы шешуге талпынып келеді. Бүгінде бұл тетік өз әлеуетін сарқыды. Ардагерлер мәселесімен қоғамдық белсенділер, әлдебір делдалдар, саналуан модераторлар шұғылданып, бұл тақырыпты әртүрлі ниеттеріне қалқан ете бастады. Мұндай құбылыстар істің ілгері басуына, саланың өркениетті дамуына ықпал етпейді. Керісінше, қоғамда деструктивті көңіл-күй тудырады, ардагерлердің ар-абыройын төгеді. Сол себепті біз Қорғаныс министрлігі жанынан Ардагерлер ісі жөніндегі жеке комитет құруды ұсынып отырмыз. Ардагерлердің бүкіл мәселесін бір жерден реттейтін орган құрылса, ол біраз проблеманы күн тәртібінен алып тастауға мүмкіндік берер еді", – деді Қауымдастық төрағасы.
Біріншіден, бітімгершілік операцияларына орай қатары ары қарай арта түсетін ардагерлердің мәселесімен орталықтандырылған түрде айналысатын, бар жұмысты бір жерден үйлестіретін бірегей уәкілетті орган пайда болады. Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қорғаудың және олардың әлеуетін жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-құқықтық және басқа да мәселелерімен комитет жүйелі түрде айналыса алады.
Үшіншіден, комитет ҰОС, Ауған соғысы, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің; еңбек ардагерлерінің; тәжік-ауған жауынгерлерінің; Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюшылардың, тәуелсіздік жылдарында бітімгершілік операцияларға қатысқан жауынгерлердің ісімен айналысатын қаптаған ардагерлік ұйымның басын қосып, бірлігі мен ауызбіршілігіне ізгі әсер етеді.
Төртіншіден, ардагерлер және ардагерлік ұйымдар әр мәселесін жеке көтеріп, бірі Президентке, бірі Үкімет пен Парламентке, енді басқасы партия мен өзге де инстанцияларға хат жаудырып жатады. Ал ардагерлер ісімен республикалық деңгейде айналысатын мемлекеттік реттеуші орган болса, онда ел басшылығына тасқындаған шағымдар легі де толас тауып, бір арнаға түседі, бір комитетке бағытталады.
"Комитет болмаса, былық тау басынан құлаған қар жентегіндей тек ұлғая береді" деген сенімде ардагерлер.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 500-дей Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 мыңнан астам ҰОС мүгедегі мен Жеңіске үлес қосқан басқа да азаматтар бар. Шамамен 16 мыңнан астам Ауған соғысының ардагері өмір сүруде. Бұл қатарға Чернобыль АЭС-індегі апан зардаптарын жоюға қатысқан 5 мыңдай адам, 11 мыңдай "тәжік-ауғандық", "ирактық", "ливандық" бітімгершілер қосылып отыр. Яғни, үлкен күш. Ал әр өңірден тек 30 адамға сый-сияпат беру – ардагерлерге қамқорлыққа сонша ұқсамайды.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !