Ресейдің қанша дүние-мүлкі Украинаға өтуі мүмкін

2598

Солтүстік көршіден соғыс шығындарын өндірту процесіне серпін берілді. 

Ресейдің қанша дүние-мүлкі Украинаға өтуі мүмкін Фото: cnn.com

Ресейге қатысы бар активтерді Украинаның еншісіне тапсырудың тұңғыш дерегі тіркелді. Бұл туралы АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд жариялады. Ол ресейлік миллиардер, "Царьград" пропагандалық телеарнасының негізін қалаушы Константин Малофеевтен тәркіленген активтер енді Украинаның пайдалануына берілетінін мәлімдеді.

"Мен тәркіленген ресейлік активтерді Украинада пайдалану үшін табыстаудың тарихтағы тұңғыш қадамын санкцияладым, рұқсат бердім. Менің санкцияммен конфискацияланған қаражаттар Украина халқын қолдау үшін бүгін АҚШ Мемлекеттік департаментіне аударылды. Ресейлік әскери қылмыскерлер АҚШ аумағында еш пана таба алмайды", – деді Американың бас прокуроры.

CNN мәліметінше, бұл ақпаратты сондай-ақ Құрама Штаттарда жүрген Украина бас прокуроры Андрей Костин растады.

"Біздің елдеріміз: Украина мен АҚШ нақты сигнал жолдап отыр: халықаралық қылмыстарға қолын былғағандардың ешқандай иммунитеті болмайды, жазадан құтыла алмайды. Біз Құрама Штаттарға батыл қадамдары мен тұрақты қолдауы үшін алғыс айтамыз. Украина халқы ешқашан мұны ұмытпайды", – деді А.Костин.

Оның айтуынша, Малофеевтен алып қойылған 5,4 миллион доллар Украинаға соғыс кесірінен келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады.

"Тарихта алғаш рет ресейлік тәркіленген активтерді Украинаны қалпына келтіруге тапсыру бастамасы келісіліп отыр. Бұл тек басы ғана екенін білемін. Уақыт өте келе, ресейлік олигархтарға және олардың қантөгіс арқылы тапқан байлықтарына өркениетті әлімде орын болмайды, олар толық арылады деп сенемін", – деп жазды артынша Андрей Костин.

Осының қарсаңында, АҚШ соты америкалық прокуратураның Малофеевтің 5,4 млн доллар қаражатын тәркілеуіне рұқсат еткен. Былтырғы маусымда АҚШ прокурорлары Малофеевтің Sunflower Bank банкінде жасырын ұстап келген осынша қаражатын тауып алып, тәркілеген еді. Нью-Йорк прокуратурасы Малофеевтің санкциядан құтқару үшін сол миллиондарын іскерлік серіктесінің шотына аударуға тыраштанғанын анықтады.

Константин Малофеев 2014 жылдан бері америкалық санкцияға ілікті. Ресейлік басқыншылықты ілгерілетушілердің бірі саналады. Мысалы, кеше ол Украинаның оккупацияланған Донецк облысына сапарлап, сондағы заңсыз еріктілер жасақтарының басын қосып, "Донбасс еріктілерінің одағы" деген заңсыз ұйымның сегізінші съезіне қатысты. "Царьград" телеарнасының хабарлауынша, Константин Малофеев өз құрылтайшылығымен құрылған, өзі қаржыландыратын осы одақтың жоғарғы кеңесіне басшы болды. Ресейлік пропаганда оны Ресей православ шіркеуінің (РПЦ) діни, патриоттық жобаларын қаржыландыратыны үшін "Православный олигарх" деп дәріптейді. 

Украина тарапы оны Қырымды аннексиялауға тікелей қатысушы және Донбастағы соғыстың демеушісі деп таныды. Сондықтан Батыс оған санкция салды. Ақпарат құралдарының жазуынша, ол 2014 жылы санкцияға іліккен соң ұзақ жылға тым-тырыс болып, көрінбей кеткен. Алайда Мәскеудің Украинаға басқыншылығы қарсаңында, 2021 жылғы күзде еселенген күш-жігермен бұрынғы ісіне қайта басты.

Жалпы, халықаралық сарапшылардың байламынша, ресейлік соғысты демеуші олигархтар аз емес, арасында тіпті украиналық байлар да бар көрінеді.

2022 жылдың соңында халықаралық ақпарат агенттіктері АҚШ заңнамасына енгізілген өзгерістер РФ пен ресейліктердің бұғатталған қаражаттарын және мүліктерін Украина қажеттілігі үшін жаратуға жол ашқанын хабарлады. Әңгіме Республикалық партия атынан сайланған сенатор Линдси Грэмнің түзетулері турасында болып отыр.

Әрине, басқыншылар Украинаның қалаларын, деревняларын бомбалап, жермен-жексен етуді жалғастыруда. Бұдан бөлек, майданның алғы шебіндегі бірнеше жерде РФ әскері шабуылға көшіп, Украина армиясын тықсырып жатыр. Ендеше соғыстың әзір аяқталатын түрі жоқ. Соған қарамастан, Киев елді соғыстан кейінгі қалпына келтіру мәселелерін батыстық серіктестерімен белсенді талқылауға кірісті. Украина Премьер-министрі Денис Шмыгальдың мәлімдеуінше, Үкімет елді қалпына келтірудің 4 негізгі қаржыландыру көзін анықтады, бұлар:

  • Ресейдің тәркіленген қаражаттары;
  • Украинаның мемлекеттік бюджеті;
  • Халықаралық серіктестерден түсетін қаражаттар;
  • United24 платформасы арқылы жиналатын донорлардың, демеушілердің қаражаттары (қайырмалдық, жылу жинау).

"Аталған қаржы көздерінен Украинаны қалпына келтіруге бағытталуы мүмкін қаражаттардың жалпы сомасы қазірден шамамен 110 миллиард гривенге жетіп қалды. Жалпы алғанда, Украина биылғы 2023 жылдың өзінде 680 миллиард гривен немесе 17 млрд доллар алудан үмітті. Бұл бүлінген және қираған тұрғын үйлерді, әлеуметтік объектілерді және басқасын қайтадан салу, жөндеу бойынша бірінші кезекті шараларға бағытталады", – деді елдің Үкімет басшысы.

Бірақ бұл жұмыстар жаппай қолға алынуы үшін басты алғышарт жасалуы қажет. Ресейдің Украина аумағын бомбалауын, зымыранмен соққылауын тоқтатуына қол жеткізген жөн. Киев мұны батыстық қаһарлы қарудың көмегімен жүзеге асыруға ниетті. Батыс болса, сарапшылардың айтуынша, екі елді келіссөздер үстеліне отырғызу жолдарын да қарастырып жатқан көрінеді.

Әлемде қанша РФ активі бұғатталған?

2022 жылғы 24 ақпанда РФ көршісіне баса-көктей енгенде, Батыс елдерінің алғашқы санкциялық реакциясы – Ресей Орталық банкінің активтерін бұғаттау болды. Ресейдің бас экономисі Эльвира Набиулина шамамен 300 миллиард доллар бұғатталып қалғанын айтып жүрді. Дегенмен, шетелдік сарапшылар бұл соманы растамады. Өйткені оның бір бөлігін Мәскеу кейін қытайлық юаньға айырбастау және басқа да жолдармен шығарып әкетуі де ықтимал.

Сонымен қатар АҚШ, Еуропада, оларға қосылған Канада, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландияда санкция қыспағына түсіп қалған ресейлік компаниялардың, бизнесмендердің, саясаткерлердің, пропагандистердің мүлкі және капиталы да бұғатталды. Бұл мемлекеттердің бәрі бірдей бұғатталған активтердің көлемін ашық жарияламады. Сондықтан әлемде бірде бір сарапшы шын мәнінде қанша ресейлік дүниенің бұғатталғанын, оның қаншасы Украинаға берілуі мүмкін екенін дөп басып, нақты айта алмайды.

Батыстық беделді басылымдар да мұндай толыққанды деректі таба алмапты.

Bloomberg мәліметінше, Еуропалық одақ, G7 елдері шамамен 311 млрд доллар ресейлік активті бұғаттап үлгеруі мүмкін, арасында РФ Орталық банкінің қазынасы да бар. Санкция салынған ресейлік олигархтардың, бизнесмендердің шамамен 19 млрд еуродай капиталы, түрлі мүлкі тұтқында тұрса керек. Дегенмен, агенттік мұның бәрі бағалау ғана екенін және толыққанды дерек еместігін ескертеді. Оның үстіне бұғаттау тәркілеу деген сөз емес, ресейлік санкциялы тұлғалар ебін тауып, ол дүниесін халықаралық сот арқылы бұғаттан шығарып алуы да мүмкін.

"Былтырғы жыл басында РФ Орталық банкінің бұғатталған активтерінің жалпы сомасы 300 миллиард еуроға дейін жететіні туралы мәлімет жарияланды. Алайда 2022 жылдың соңында ЕО мен АҚШ бұл активтердің шынайы есеп пен құжат жүзінде дәлелденген көлемі сонша көп болмай шыққанын айта бастады. Нәтижесінде, 140 млрд еуроға қатысты деректер ғана әзірге азды-көпті дәрежеде нақтыланғаны белгілі болды", – деді 2019–2020 жылдары Украинаның Экономиканы дамыту министрі болған, бүгінде Киев экономика мектебінің президенті Тимофей Милованов.

Ол 300 миллиард еуро деген сан әу баста РФ Орталық банкінің есебінен алынғанын, бірақ ол көз алдауға арналған дезинформация болуы да мүмкін екенін қаперге салды.

Т.Миловановтың дерегінше, Орталық банк қазынасы сыртында, ресейлік бизнес пен олигархтардың келесі активтері бұғатта тұр:

  • АҚШ құрған, Ресейлік активтерді іздеу жөніндегі халықаралық топ (REPO) есебінде көрсетілген 30 млрд доллар;
  • Еуроодақ елдерінің есебінде нақтыланған шамамен 20 млрд доллар;
  • Ұлыбритания бұғатталды деп жариялаған шамамен 18 млрд доллар.

Украиналық экономистер соғыстан республикаға келген залал 500 миллиард доллардан асып кетті деп бағалады. Онда оны бұл соманың өзі өтемейді.

Әйтсе де, белгілі экономист, қаржы аналитигі Виталий Шапран үлкен оптимизм танытып отыр. Оның айтуынша, РФ Орталық банкі бақылауын жоғалтып алған активтерінің жалпы көлемі 392,5 млрд долларға дейін жетеді. Ал Ресейдің және оның азаматтарының әлемнің түрлі елдерінде бұғатталған капиталының, мүлкінің жалпы сомасы 1 триллион долларға бағаланады. Бұған мысалы, зауыттар, кен орындары, алып кемелер, яхталар, банк есепшоттары, аса қымбат коллекциялар, басқалары кіреді.

Биыл оларды тәркілеу және аукциондарда сату рәсімдері өріс алады деп күтілуде.

Виталий Шапран бұл санның құбылмалы екеніне, өйткені РФ активтерін іздестіру ісі жалғасқанына, санкцияға іліккен тұлғалардың да қатары өсіп бара жатқанына назар аудартты.

Қандай сан айтылмасын, әңгіме ұлан-ғайыр қаражат туралы болып отыр. Егер соның ең құрыса, жартысы Украинаға бағытталса, жергілікті жемқорларға жем болмай, халықаралық аудиторлар тобының қырағы қадағалауымен нысаналы бағыттарына жұмсалса, бұл мемлекет бұрын-соңды болмаған масштабта қарқынды дамитын болады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу