Ресейдің "ЛНР", "ДНР" тәуелсіздігін мойындауы нені білдіреді?

4500

Путин Украинаның шығысындағы екі аймақтың егемендігін танып, оларға әскер кіргізуге бұйрық берді. Бұның соңы үлкен соғысқа ұласып кетуі мүмкін деген қауіп бар.  

Ресейдің "ЛНР", "ДНР" тәуелсіздігін мойындауы нені білдіреді?

Ресей Президенті Владимир Путин дүйсенбі күні Украинаның шығысындағы көтерілісшілер бақылауындағы аймақтардың тәуелсіздігін мойындады. Бұл – 10 жылдық келісім. Егер тараптардың бірі одан шығамын демесе, екіжақты пәтуа бес жыл сайын ұзартылып отырады.

Бұл қадам Мәскеу мен Батыс арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтеді деген болжам бар.

Путин "ДНР" мен "ЛНР" дербестігін тану туралы шешімді Украина күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы жанжал қайта өршіген шақта қабылдап отыр.  

Украинаның шығысындағы өнеркәсіптік аймақта сегіз жылға созылған қақтығыстардан 14 000-нан астам адам қаза тапты.

Жікшіл (сепаратистік) аймақтар

Донецк және Луганск облыстарындағы (жалпы атауы - Донбасс) ресейшіл сепаратистер 2014 жылы Украина үкіметінің бақылауынан шығып кетіп, өздерін тәуелсіз "халық республикалары" деп жариялады. Дегенмен олар әлі күнге дейін мойындалған жоқ-ты.

Ресей мұндағы қақтығыстарға қатысушы екенін жоққа шығарғанымен, осы күнге дейін сепаратистерді көптеген жолдармен соның ішінде жасырын әскери және қаржылық көмекпен, COVID-19 вакциналарын жеткізумен және тұрғындарға кемінде 800 000 ресейлік төлқұжат берумен қолдады.

Ресейдің оларды мойындауы нені білдіреді?

Ресей Донбассты Украинаның бөлігі деп санамайтынын алғаш рет айтып отыр. Бұның нәтижесінде Мәскеу сепаратистік аймақтарға ашық түрде әскер енгізеді. Сондағы уәжі – одақтас ретінде жергілікті тұрғындарды Украина армиясынан қорғау.

Соңғы мәліметке қарағанда, Путин Украинаның шығысындағы екі сепаратистік аймақта "бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін", оларға әскер кіргізуді тапсырды. Reuters агенттігі Путиннің Донбасқа бітімгер күштер жіберу туралы жарлығынан кейін, Доненцкте Ресейдің танкілері мен өзге де техникасы пайда болғанын хабарлап отыр.

Тағы бір айта кететін жайт – осы мойындаудан кейін, Ресей Украинаның екі облысында әскери базаларын ашып, сепаратистерге сондай бөлімшелерді РФ жерінде де орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл аздай, тану туралы келісімге сәйкес, Ресей мен "ДНР" және "ЛНР" экономикалық интеграцияны тереңдету жолында да жұмыс істемек.

Ресей парламентінің депутаты және Донецктің бұрынғы саяси жетекшісі Александр Бородай өткен айда Reuters агенттігіне сұхбат беріп, сепаратистер Донецк және Луганск облыстарының Украина армиясының бақылауындағы аудандарын алу үшін Ресейден көмек сұрайтынын жеткізді. Егер бұған жол берілсе, Ресей мен Украина арасында ашық әскери қақтығыс басталуы мүмкін.

Минск бейбіт процесі ше?

Ресейдің аталған екі аймақтың тәуелсіздігін мойындауы 2014-2015 жылдары қабылданған Минск бейбіт келісімін іс жүзінде жояды. Ол пәтуа әлі толық орындалмаса да, аймақтағы жанжалды тоқтатудың ең жақсы мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Бұл құжатқа сәйкес, Украинаның шығысындағы екі аймаққа кең көлемде автономия берілуге тиіс.

Батыстың жауабы қандай?

АҚШ Президенті Джо Байден Франция, Германия басшыларымен хабарласқаннан кейін америкалық кәсіпкерлердің Донбастың көтерілісшілер бақылауынадағы аудандарынан тауар импорттауына тыйым салды. Cонымен қатар Ақ үйдің хабарлауынша, бұл жазалау шаралары Вашингтон мен Еуропа одағы Ресейге қарсы әзірлеп жатқан санкциялардан бөлек қабылданады.

Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель мен Еуропа комиссиясының басшысы Урсула вон дер Ляйэн де "Твиттер" арқылы мәлімедеме таратып, Кремльдің украиналық екі аймақтың тәуелсіздігін мойындауы Еуропа одағын Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялауға итермелейтінін ескертті. Батыстың Ресейге қарсы санкцияларына Жапония да қосылатынын мәлімдеп үлгерді.

Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен мұндай мойындау "Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына одан әрі нұқсан келтіріп, халықаралық құқықты өрескел бұзу болып есептелетінін және Ресейдің мәселені бейбіт жолмен шешу жайлы мәлімдемелеріне тағы да күмән тудыратынын" айтты.

Оның сөзінше, АҚШ пен оның одақтастары Ресейдің бұндай шешімдеріне "жылдам әрі берік" жауап беруі қажет.

Ресей бұрын сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін таныды ма?

Иә, 2008 жылы РФ Грузиямен аз уақыт соғысқаннан кейін, кавказдық республиканың екі жікшіл аймағы – Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындады. Сондай-ақ Мәскеу оларға бюджеттік қолдау көрсетіп, халқына Ресей азаматтығын беріп, бұл территорияларға мыңдаған әскерін орналастырды.

Мойындаудың Мәскеу үшін жақсы-жаман тұстары қандай?

Грузия жағдайында Ресей оның жікшіл екі аймағының тәуелсіздігін мойындай отырып, постсоветтік республикаға әскер кіргізіп, оның НАТО-ға ұмтылысына тосқауыл қойды. Дәл осындай тәсіл енді Украинада қолданылып отыр.

Минск процесінен бас тартқаны үшін Мәскеу санкциялар мен халықаралық айыптауларға тап болады. Сондай-ақ сегіз жылдық соғыста әбден қираған және жаппай экономикалық қолдауға мұқтаж "ДНР" мен "ЛНР" үшін Ресейдің мойнына шексіз мерзімге жауапкершілік жүктеліп отыр.

Киевтің позициясы

Украина Президенті Владимир Зеленский тыныштықты сақтауға шақыра отырып, "Біз ешкімнен, ештеңеден де қорықпаймыз. Ешкімге ештеңе қарыз емеспіз және де ешкімге ештеңе бермейміз" деп мәлімдеді. Ал оның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба сейсенбі күні Вашингтонда Мемлекеттік хатшы Антони Блинкенмен кездеседі, деп хабарлады Мемлекеттік департамент.

Сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін мойындау Ресейде талайларды қуантуы мүмкін. Өйткені мұнда Путиннің дүниетанымын қолдайтындар көп.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу