Дубай қалталы ресейліктер үшін бас сауғалайтын мекенге айналуда

3356

Халықаралық зерттеушілер ресейліктердің "құтқарушысына" айналған мемлекеттің феноменін зерделеуде. 

Дубай қалталы ресейліктер үшін бас сауғалайтын мекенге айналуда

Рунетте, ресейлік әлеуметтік желіде, Telegram-арналарда "Дубай – город-рай", "Дубай: рай для своих" деген дәріптеу сөздерді оқуға болады. Замана лебін, хайп бағытын біле қойған ресейлік блогерлер, коучтар "БАӘ азаматтығын қалай алуға болады?", "Дубайда қайтіп пәтерді арзанға жалдауға болады?" сияқты тақырыптарда стрим, вебинар жүргізіп, бейнероликтер түсіріп, рекордтық қаралым жинауда.

Ресейлік блогерлерге сенсек, біраз жылдан соң Дубайда екінші тіл – орыс тілі болады, себебі орыс тілділер тым көбейіп кеткен. Мұнысы енді артықтау. Араб және ағылшын тілі сыртында, француз, неміс, орыс және қытайдың мандарин тілі бұрыннан қолданылады. Қала-әмірлікте тіл жөнінен кедергі шамалы. Дубай билігі барлық көрнекті орындарда, ойын-сауық және іс-шараларда испан, поляк, жапон секілді жалпы саны 24 тілдің пайдаланылуына қол жеткізуге ниетті.

Қалай болғанда, биыл әсіресе, Ресейден адамдар көп ағылып жатыр. Дубай қалталы ресейліктер үшін Батыс әлемінің санкциясынан құтылудың, тіпті өз елінің басқыншылық соғысы жағдайында да бұрынғы сән-салтанаттан қол үзбеудің мүмкіндігін ұсынды.

Worldpopulationreview мәліметінше, Дубай тұрғындарының саны 2035 жылы 3,5 миллион адамға жетеді деп болжанған. Себебі тұрғындардың саны 2010 жылы – 1,9 миллион, ал 2020 жылы – 2,9 миллион болды. Алайда Дубай Статистикалық орталығының (DSC) ақпаратынша, 2022 жылы Дубай тұрғындарының саны 3,5 миллионнан асып кетті. Орталық жыл басталғалы миграциялық ағындардың артқанын тіркеді.

Ресей азаматтарын әмірлікке қайта қоныстандырумен айналысатын "Русские Эмираты" (Russian Emirates) компаниясының мәліметінше, әмірлік Үкіметі халық санын көбейтуді "негізгі мақсат" етіп белгілеген.

"Нәтижесінде, 2040 жылға қарай Дубайда кем дегенде 5,8 млн адам тұрақты өмір сүретін болады. Мигранттардың негізгі ағыны Ресейден және Африканың бірқатар елдерінен келеді деп жоспарланған. Сондай-ақ Еуропа және Үнді субконтинентіндегі елдердің азаматтары да әмірлікке қызығушылық танытуы ықтимал. Дубай осы арқылы елге мол инвестиция келеді деген үмітте. Сонда жаңа мектептер, университеттер ашылады, аспанға мойынсұнған алып ғимараттар бой көтереді", – деп түсіндірді "Русские Эмираты" компаниясы.

Дубайдағы жеке мектептер жаңа оқушылардың рекордтық легін тіркеді: балалар саны алғаш рет 300 мың межесінен асты. Қазір жекеменшік мектептерде жалпы саны 303 262 оқушы білім алады.

The Wall Street Journal жазуынша, қарулы жанжал басталғалы және Батыс санкциялық қысымды күрт арттырғалы ресейлік көптеген компания Дубайға кетіп жатыр. Сарапшылар бұл құбылыстың мән-жайын, яғни Ресей тұрғындарына дәл осы елдің не себепті тартымды болғанын анықтауға тырысты. Өйткені Батыс әлемі санкциялардың жаңа, ауыр топтамаларын енгізгенде, Мәскеу оларды негізінен Қазақстан, Еуразиялық одақ, Орталық Азия республикалары және Қытай арқылы айналып өтеді деп тұспалданған. Алайда бұл елдер Батыстың қаһарынан қорқып, Ресейге осы істе көмектесуден аяқ тартты.

Сондықтан бұл елдің аңсары Дубайға ауды. Біріншіден, оған иммиграциялану шарттары әлдеқайда жеңіл. Әмірлікке бару үшін ресейліктерге виза қажет емес, 90 күнге дейін турист ретінде емін-еркін жүре беруіне рұқсат. Тұрақты тұрғысы келсе ғана виза міндет. Бұл ретте 2017 жылғы 1 ақпаннан бері Ресей азаматтары визаны тегін ала алады. Екіншіден, Дубай Ресейге қарсы енгізілген бірде-бір санкцияны қолдамады, олардың орындалуын да сақтамайды.

Үшінші маңызды фактор. Жергілікті Emirates авиакомпаниясы Ресей қалаларына және Мәскеуге ұшуын бұрынғыдай жалғастырды.

Біріккен Араб Әмірліктері посткеңестік кеңістікте болып жатқан соғысқа уайымдамай, бейтарап ұстаным ұстанады. Осы себепті АҚШ, Еуропа, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония енгізген санкциялардан қашқан ресейлік олигархтар мен ірі лауазымды тұлғалар сән-салтанатты алып кеме-яхталарын Дубай порттарына, жеке ұшақтарын – әуежайларына көшірді.

Бұған дейін Ресейде істеген батыс компаниялары мен стартаптары да өз кеңселерін Дубайға көшірді. Әмірлікте табыс салығының жоқтығы да осы көшке ынталандырады. Google, JPMorgan Chase сияқты батыстық компаниялар ресейлік қызметкерлерін Дубайға ауыстырды.

"Дубай жеке басы, өз отбасы және төл активтері үшін қауіпсіз пана іздеген ресейліктерге идеалды таңдауға айналды, ең жақсы жағдайлар жиынтығын ұсынып отыр. Сол арқылы Ресей азаматтарына тартымды мекенге айналды", – дейді шығыстанушы, Рафик Харири атындағы Таяу Шығыс орталығының экономисті Рача Хельва (Racha Helwa).

Оның мәліметінше, БАӘ Америкамен қауіпсіздік саласында серіктес. Әйткенмен батыс қанша сұраса да, жергілікті шенеуніктер өз елі мен халқының жағдайын бірінші орынға қойып, Ресеймен экономикалық ынтымақтастығын жалғастыруға табандады. Бұл жағдай Батысты алаңдатады. Германияның Экономика министрі Роберт Хабек Ресейдің әмірлікті санкцияны айналып өту үшін пайдаланатынын меңзеді. Ол Абу-Дабиге сапарлаған болатын. Нәтиже шығара алмады.

Алдымен АҚШ, таяуда – Еуропа Ресейде тіркелген мұнай таситын кемелерге тыйым енгізді, олар енді бұл порттарға тіпті жанар-жағармай құйып, бұзылған жерін жөндеу үшін де кіре алмайды. Сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсетілмейді. Сақтандырушы компаниялар да сақтандырудан бас тартуда. Салдарынан, ресейлік тасымалдаушылар үшін фрахт құны 3-4 есеге қымбаттап шыға келді. Бұл Ресей импортының өткен айда 85 пайызға құлауына әкелген.

Ресейлік тасымалдаушы компаниялар өз танкерлерін сатуға мәжбүр болды. 5 танкерді дубайлық Koban Shipping, 4 газ тасушы кемені сингапурлық Eastern Pacific Shipping алды. Басқасы да саудаға қойылды.

Дегенмен Уолл Стрит Джорнал анықтағанындай, Ресейдің мемлекеттік мұнай тасушы компаниясы "Совкомфлот" Дубайда компаниясын ашып, танкерлерін соған тапсыруда. Сөйтіп санкциялардан құтылмақ.

"Совкомфлот" бұған дейін өз кемелерін Санкт-Петербургтен басқарып келген. Ол 122 танкерін бүкіл әлем бойынша арендаға береді. Клиенттерінің арасында француздық TotalEnergies және саудиялық Aramco да бар. "Совкомфлот" еуропалық банктік операцияларын Кипр арқылы жүзеге асырды. Бірақ америкалық және еуропалық санкцияларды Кипр орындауға кірісті. Ол осы компаниямен кез келген мәміле жасасуға тыйым салады. Ресейлік компания сақтандырушылармен, банктермен және трейдерлермен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. "Совкомфлоттың" қазіргі және бұрынғы қызметкерлері өзара әңгімеде компанияның өз операцияларының үлкен бөлігін, сондай-ақ персоналын Дубайға көшіруге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның басшылары жергілікті үкімет еншілес компанияға санкцияларды қолданбайтынына сенімді", – деп хабарлады WSJ.

"Совкомфлоттың" бақылауындағы дубайлық компания танкерлердің ары қарай емін-еркін жаһандық теңіз-мұхиттарда жүзуін, кез келген айлақта отын құйып алуын, жөндеуден өтуін және қажетті шетелдік экипажбен жабдықталуын қамтамасыз етпек. Бұған қоса, банктік қызметтер қолжетімді болады. Америкалық саяси шолушы Бенуа Фокон санкциялар мәселесіне маманданған эксперттермен ақылдаса келе, осындай байламға келді. Ол әмірліктер тұңғиыққа бата бастаған ресейлік мұнай экспортына "құтқару шеңберін" лақтырды деп болжады. Өйткені ресейлік алпауыт "Роснефть" және басқа компаниялар өздері өндірген қара алтынды тасымалдау үшін "Совкомфлот" танкерлерін пайдаланады. Мұнай экспорты Ресей бюджетінің 40%-ын құрайды.

Әйтпесе, санкция енгізілгелі мұнай өндірісі солтүстік көршіде сәуірде (наурызбен салыстырғанда) бірден 12,1%-ға құлады. Сөйтіп Ресей мұнай өндірісін тәулігіне жоспарланғаннан 1,32 млн баррелге кеміткен.

Ресейлік компаниялардың Дубайға лек-лекпен көшіп жатқаны сонша, орыс тілді мамандарға арналған бос жұмыс орындары туралы жарнама қонақүй, мейрамхана, сұлулық салондарында орналастырылады.

Қаржылық-консалтинг агенттіктері Еуропадағы банктерде есепшоттары бұғатталған ресейлік бизнесмендердің, компаниялардың Дубайда есепшот ашуға көмектесу жөніндегі сұрау-хаттарының астында қалды. Осындай фирмалардың бірінің өкілі Украинада соғыс басталғанға дейін бірде-бір ресейлік компаниямен жұмыс істемегенін баяндады. Ал Кремльдің шапқыншылығы басталған ақпаннан бері жаңа клиенттердің көбін ресейліктер құраған. Қазірдің өзінде сол жалғыз фирма ресейліктердің жалпы құны 4,5 миллиард доллардан асатын активін – кеңселерін, есепшоттарын, қаржы-капиталын, басқа байлығын  Люксембург, Кипр, Лондон және Цюрихтен Дубайға көшіртіп үлгерген.

Шетелдіктерге БАӘ-де фирма ашуға көмектесетін Virtuzone компаниясы да ресейлік клиенттерінің саны екі есеге ұлғайғанын растады.

Дубайдағы баспана бұрыннан қымбат болатын, ресейлік қалталылардың келуі оның бағасын тіпті шарықтатып жіберді. Жер департаментінің (Dubai Land Department, DLD) дерегінше, Дубайдағы тұрғын үй құны 2022 жылғы қаңтардың өзінде 33,4%-ға өсті. Қымбатшылықтың әзір тоқтайтын түрі байқалмайды.

MAG Lifestyle Development құрылыс компаниясының сауда жөніндегі директоры Мунир аль-Дераави жаңадан тұрғызылып жатқан заңғар үйіндегі пәтерлердің жартысын ресейліктер сатып алғанын мәлім етті. Тұрғын үйді ресейліктер тұрғылықты тұруға рұқсат, "алтын виза" алуға пайдаланады. Ондай артықшылықтар 2 млн әмірлік дирхамына немесе 540 мың долларға жылжымайтын мүлік сатып алған кезде беріледі.

Ресейлік саясаткер, қоғам қайраткері Анастасия Брюханова мұның бәрі түптің-түбінде Ресейдің дамуына балта шабады деген пікірде.

"Дубайға ресейлік компаниялар, инвесторлар, ауқатты адамдар өз активтерін, офистерін, персоналын, капиталын әкетуде. Салдарынан қаншама миллиард қаржы тасқыны шетелге ағып кетіп жатыр. Олар салығын енді Дубайда төлейді. Біздің елден ең мықты мамандар кетуде", – дейді саясаткер. 

Ақыр соңында, осы үрдістің өзі Ресейдің экономикалық құрдымға одан әрі құлауына түрткі болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу