Bloomberg жариялаған мәлімет әлемде, соның ішінде Қазақстанда да дүрлігіс туғызды.
"Сауда деректері көрсеткендей, мысалы, Еуропалық Одақтан Арменияға электрлі сүтсорғыштардың (молокоотсос) экспорты 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда үш еседей өскен. Дәл осы кезде Армениядағы бала туу көрсеткіштері 4,3%-ға кеміді. Сол сияқты ЕО-дан тасылатын сүтсорғыштарға деген сұраныс Қазақстанда 2022 жылдың алғашқы жартысында бірден 633%-ға артқан. Алайда осы уақытта Қазақстанда бала туу керісінше, 8,4%-ға құлдырады", – деп жазады америкалық ақпарат агенттігі.
Шынында, егер Қазақстан мен Арменияда әйелдер аз босана бастаса, онда омырауда қалған сүтті сорып шығаратын құралға деген сұраныс неге өсіп кеткен?
Блумберг сарапшыларының байламынша, оның үлкен бөлігі әрі қарай Ресейге қайта экспортталады.
Еуроодақтың статорганы – Еуростат дерегінше, биылғы 8 айда Армения ЕО елдерінен кір жуу машиналарын соңғы 2 жылдағы көлемді қоса алғандағыдан да көп импорттаған екен. Ал Қазақстан биылғы тамызда 21,4 миллион доллар сомаға еуропалық тоңазытқыштарды тасыпты. Бұл былтырғы тамыздағыдан үш есе артық.
Сонымен бірге халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанның төл статистикасына жүгініп, тоңазытқыштардың, кір жуу машиналарының, тіпті сүтсорғыштардың біздің елден Ресейге жеткізілімі күрт өскеніне назар аудартты.
Бұлардың бәрі бейбіт мақсаттағы техникалар. Онда олардың экспортының артуы немесе Ресейге реэкспортталуы неге Батысты тіксінтіп отыр? Халықаралық сарапшылар осы ақылды техникалардың микросхема-чиптерін, басқа да компоненттерін Ресей дрондар, танктердің тепловизорларын, көздеу, бақылау, басқару аппараттарын және басқа да әскери құралдарды жасауға пайдалануы ықтимал деп қауіптеніп отыр. Себебі Украина даласында құлаған ресейлік беспилотниктен, қираған танктерден тұрмыстық техникалардан алынған элементтер табылыпты.
"Владимир Путин Украинаға соғысын бастағаннан кейін еуропалық кір жуу машиналарының, тоңазытқыштардың, электрлі сүтсорғыштардың экспорты және олардың ары қарай Ресейге реэкпорты ғаламат серпін алды. Осы еуропалық техниканың Ресей көршілеріне экспортының тосын әрі күтпеген қарқында өсуі Батыстағы ресми тұлғалардың қаупін тудыра бастады. Бұл сауда серпіні В.Путиннің соғыс машинасына дем беруі мүмкін. Себебі тұрмыстық техника шашылып, артынша қару-жарақтың құрауышына айналуы ықтимал", – деді Блумберг шолушысы Альберто Нарделли.
Бірақ ол осы экспорттың үлкен бөлігі Ресей тұрғындарының қарапайым тұрмыстық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталуы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, кір жуу машинасының бәрі бірдей Ресейге жете сала, дронға трансформацияланбай, шынымен кір киімдерді жууға пайдаланылады. Өйткені ресейліктер Еуропадан тікелей осы тауарларды алғыза алмайды.
Дегенмен еуропалық құзырлы органдар бұл экспорттың осынша ауқым алғанына сезікпен қарап, осы мәселеге жіті ден қоя бастапты. Ал қаржыгер, бизнесмен Санжар Әйтенов батыстық құрылымдардың назарына ілігу жақсылық әкелмейтінін айтады.
"Әрине, Қазақстан кез келген көршісіне тұрмыстық техникаларды қалаған көлемде экспорттауға құқылы. Оның үстіне сөз болып отырған тауарлардың экспортына тыйым, санкция салынбаған. Тіпті РФ нарығынан кеткен батыстық компаниялардың өзі айналма жолдармен, сұр экспортпен тұрмыстық техникаларын Ресейге сатуын жалғастыруда. Қытай да бұдан бас тартқан емес. Демек, Қазақстан да экспорттауын жалғастыруы мүмкін. Бірақ тиісті ескерту жасалды. Енді біздің осы саладағы компанияларымыз болашақта қайталама санкцияға түсіп қалмау үшін Ресейге реэкспорт саласында аяғын тарта басатын болса керек. Әйтпесе, Қазақстан да санкцияға іліксе, бізде тұрмыстық техниканың тапшылығы басталады. Ол қазір онсыз да қалыптасуда. Өйткені тауардың басым бөлігі Ресейге кетуде", – деді сарапшы.
Оның мәліметінше, Қазақстандағы тұрмыстық техника мен электроника сататын ірі сауда желілерінің жартысынан астамы – ресейлік компаниялар. Тек олардың еліміздегі өкілдіктері Қазақстанда тіркеліп, Қазақстанның резидентіне айналған. Олар осы мәртебесін пайдаланып, Батыс елдерінен еш қиындықсыз тұрмыстық техниканы, электрониканы үлкен көлемде тасиды да, елде аялдатпай, бірден Ресейге жолдайтын көрінеді. Мысалы, бұрынғы жылдары Қазақстаннан Ресейге кір жуу машиналарының жеткізілімі жоқтың қасы еді, ал 2022 жылы еліміз солтүстік көршісіне 7,5 миллион долларға кір жуу машиналарын экспорттапты. Ресейге тоңазытқыштар экспорты да 2021 жылмен салыстырғанда 9 есеге өсті.
Сондықтан сарапшының тұжырымдауынша, Қазақстан Үкіметі Батыстың күдігін туғызып отырған тауарлардың Ресейге экспортын тыйғаны абзал. Оған бармаса, біріншіден, болашақта Қазақстанның өзіне Ресейдікіндей санкциялар салынуы мүмкін. Екіншіден, бұлай жалғаса берсе, Қазақстанда тұрмыстық техника мен электрониканың өткір тапшылығы туындайды. Үшіншіден, бұл тауарлардың экспортынан мемлекетке түсетін алым-салық мардымсыз. Экспорттаушылар контрабанданы, көлеңкелі схемаларды пайдаланады. Сондай-ақ батыстық инвесторлар теріс айналмасы үшін Батыстың талабына құлақ асу маңызды. Тек Ресейге қарап қалса, қазақ оңбайды.
Санкция астындағы Ресей қазір ұшақтарды, қару-жарақ пен ұрыс техникасын, әскери аспаптарды, зымырандарды, радиостанцияларды жасау үшін қажетті жоғары сапалы микросхемаларды, басқа да компоненттерді Батыс және оның серіктес елдерінен ала алмайды. Осы орайда тұрмыстық техника енді қосарлама мақсаттағы құралға айналып кетті. Олардағы элементтер қарадүрсін болса да, майдан даласында жарайтын соғыс құралын жасауға жеткілікті.
"Тіпті ресейлік ең күрделі қару-жарақ жүйелерінің өзі көбіне коммерциялық тауарлардың бірқатарынан табуға болатын қарапайым микроэлектрондық компоненттерден жасала береді. Ендеше Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені ТМД арқылы алғызып жатқан дайын коммерциялық тауарларды запастық бөлшектерге шашып тастап, өз мақсатына пайдаланып жатуы мүмкін", – деді британдық Біріккен қызметтердің корольдік институтының сараптамалық орталығының директоры Джеймс Бирн.
Блумберг өз сараптамасында "Қазақстан басшылығының Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспеуге уәде бергенін және Қазақстан Үкіметінің Мәскеуге осы істе көмектесіп отырғанына ешқандай дәлел жоқтығын" қадап айтты.
Шынында әлгі реэкспортпен айналысып отырғандар – мемлекеттік емес, жеке компаниялар. Оның біразының ресейлік төркіні бар.
Бірақ соғыс басталып, санкциялар салынғалы Қазақстанның, Арменияның және Грузияның Ресейге тұрмыстық техника мен электроника жеткізетін басты экспортерға айналуы Батыстағы серіктестерімізді кіжінтетін болса керек. Себебі – түсінікті: осының кесірінен, батыстық санкциялардың РФ экономикасына әсері, залалы азаяды. Мәнсіз болып қалады. Қанды қырғын болса, жалғаса береді.
Ресейлік әскери машинаның тоңазытқышта, ыдыс жуу машиналарында тұрған микросхемаларды әскери құралдарды жасауға қолданатынын таяуда Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Еурокомиссия өкілі Мириам Гарсиа Феррер құзырлы құрылымдар ТМД елдерінің Ресейге бағытталған сауда ағындарын қадағалап отырғанын хабарлады. Украинада қолға түскен ресейлік танктерде табылған бөлшектер туралы барлау деректеріне сілтеме жасап, АҚШ Президенті Байденнің әкімшілігі де ұқсас ескерту жасады.
Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Ал арсыздықтың ақыры жақсы бола бермейтіні анық.
CMS компаниялар тобының сарапшысы Владимир Сагалаевтың түсіндіруінше, шетелдік компаниялар ресейлік нарықтан кеткен соң, РФ-та жартылай өткізгіштердің (полупроводники) тапшылығы басталды.
Оның пікірінше, ТМД-дан техника жеткізілімдерінің күрт артуының бір себебі де осында.
"Ресейден кетіп қалған бірқатар брендтердің жеткізілімдері жалғасуда. Соған қарамастан, техника экспорты күрт құлдырады. Қытайлық компаниялар экспортын еселеп азайтты. Еуропалық компаниялар тіпті санкцияға ілікпеген болса да, өз өнімдерін тікелей Ресейге арттыруды қаламайды. Тауарлар тапшылығымен күресу үшін РФ Үкіметі 2022 жылғы 21 маусымда параллельді импорт дегенді заңдастырды. Яғни тауарлар енді құқық иегерлерінің рұқсатынсыз, үшінші елдер арқылы тасымалданатын болады. Ал Қазақстан мен Армения Еуразиялық одаққа мүше. Араларымызда кедендік шекара жоқ. Сондықтан тұрмыстық техника мен электрониканың параллелді импорты тез-ақ өсті. Нәтижесінде, 2022 жылы осы өнімдердің ТМД арқылы жеткізілімдері 2 есеге жуық артты", – деді В.Сагалаев.
Ресейлік маманның айтуынша, РФ осы арқылы жартылай өткізгіштерге, микросхемаларға деген сұранысын өтеп отыруы мүмкін.
РФ Федералдық кеден қызметінің басшысы Владимир Булавиннің мәліметінше, заң қабылданғалы бері Ресейге 12,6 млрд доллар тұратын 1,6 млн тонна тауар параллелді импортпен әкелінген. РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровтың дерегінше, Ресей сұр импорт тәсілдерімен 2022 жыл қорытындысында 20 миллиард доллардың тауарын әкеледі.
Олай болса, Батысты қатты шошынтатын жайттар алда сияқты. Ашынған батыстық алпауыттардың адуынды соққысы Қазақстанға тиіп, онсыз да әлжуаз экономикасын естен тандырып тастамаса...