Ресейлік БАҚ: Қазақ даласындағы Ашаршылық үшін Мәскеу қалай жауап береді

2534

Ресейдегі "Новая газета" өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ даласында болған зұлмат – Ашаршылық туралы ауқымды мақала жазды.  

Ресейлік БАҚ: Қазақ даласындағы Ашаршылық үшін Мәскеу қалай жауап береді

Авторы Вячеслав Половинко мақаланы "Ресей бұл үшін қалай жауап береді?" деген сұрақпен бастаған. Мақаланы inbusiness.kz порталына ықшамдап беріп отырмыз.

"Қазақстанда халық жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін, ал кейінгі жылдары өткен ғасырдың отызыншы жылдары өткен Ашаршылық құрбандарын еске алады. Дәл сол күні мыңдаған азамат бірнеше қаладағы еске алу мемориалдарына гүл шоқтарын қойып, президенттері сөз сөйлейді. Жыл сайын 31 мамыр күнінің көбінесе тарихи сипаты байқалатын, ал қазір бәрі өзгере бастады: әр сөзін абайлап, әр қадамын аңдап басатын қазақстандық билік Ашаршылықты тереңірек зерттеу мәселесіне ден қойып отыр. Әлбетте, бұл жағдай Ресеймен қарым-қатынасты айқындауға алып келері анық",– деп жазады автор мақаласында.

Вячеслав Половинконың пайымдауынша, Ашаршылық тарихына қазақстандықтардың ден қоя бастауының бірқатар себебі бар. Біріншіден, осыдан бірнеше жыл бұрын Жанболат Мамайдың "Зұлмат" пен Досым Сәтпаевтың "Откочевники великой степи" атты фильмдері жарыққа шыққан. Бұл еңбектерінде тарихшылар Ашаршылық кезеңіне терең бойлап, тарихи құжаттардан нақты дәлел келтірген, тіпті фильмдерге сол зұлмат жылдардың куәгерлері де түскен. Фильм YouTube желісіне шыққаннан кейін халықтың өз тарихына деген қызығушылығы зор екені байқалды. Одан бөлек америкалық Сара Камеронның "Аш дала" атты фильмі 2018 жылы шығып, 2020 жылы қазақ және орыс тілдеріне аударылған. 

"Әйтсе де, бұл тақырыпқа қоғамның қызығушылығы зор болса да, Ашаршылықтың тарихын зерттеу жағынан ғылыми жұмыстың қарқыны сылбыр. "Ашаршылық болған емес" деген пікірдегі адамдардың да радикалды пікірлері, сонымен бірге солтүстіктегі көршінің көңілінен шықпай қаламыз-ау деген үрей де ғылыми жұмыстарға кедергі келтіріп тұр", деп баға береді автор.

Автор өз мақаласында Ресейдің Кеңес одағының мұрагері екенін баса айта отырып, мемлекеттің күндердің күнінде бұл тақырыпта өз ұстанымын білдіруі керектігін жазады. Сонымен қатар мақаласында саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзін келтіреді:

"Қазіргі саяси жағдайды есепке алсақ, кешірім сұрау дегенді күтпей-ақ қою керек. Керісінше, біз Ресейдің мойындамай тулауының, оған қарсы қуатты насихаттың күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Әлемде бірнеше мемлекет, атап айтқанда Германия Оңтүстік Африка тарихының қаралы парақтарын мойындағысы келеді: адамдарға, тұтас халықтарға қарсы қылмыстар болып жатты, алайда оның жауапкершілігін қазіргі буын емес, сол кезде ел билеген басшылар көтеруі керек. Тарихтың сол кезеңін ұмытпай, бірақ парағын жауып қою үшін наразылықты бәсеңдету мақсатында кешірім сұраудың өзі – маңызды қадам болар еді".

Вячеслав Половинко Қазақстанның қазіргі билігі Ашаршылық үшін жауап беруді талап ете алмайтынын ашық жазады. Ол үшін алдымен Сталиннің "қылмысы" деген сөз ашық жазылуы керек. 

"Ал Ресей туралы не айтуға болады? ГУЛАГ-ты, жаппай репрессияны қайта мақтай бастаған қазіргі жағдайды көзіңіз көріп отыр. Мұндайда егер тарихтағы ғылыми мәміле деңгейінде болсын диалог қалыптасса, кешірім сұраусыз-ақ кете беруге болар еді. Алайда тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз кітабында "ресейлік тарих ғылымы жаңа идеологияға көбірек маңыз бере бастады, қазақстандық ашаршылық туралы жазғанда "орындаушының эксцессіне" басымдық береді", дейді. Ресей ғалымдарының айтқысы келгені – нұсқау дұрыс берілген, алайда нақты оқиға болған жерде Сталиннің идеяларын дұрыс түсінбей, оның режимі дискредитациялана бастаған. Басқаша сөзбен айтқанда, Ресейдің ресми билігі зұлматқа мүлде екпін қоймауды, әсіресе Қазақстандағы Ашаршылыққа Мәскеуді кінәламауды ұсынады. Қазақстанды зерттеген ресейлік зерттеушілердің еңбектерінде украиналық Голодомордың халықаралық дәрежеде мойындалуына деген ашу табы байқалып қалады. Ресейдің баскесерлерін ақтау кезеңінде мұндай репутациялық соққының қайталануын олар көргісі келмейді.

Алайда Қазақстанда оны енді ұмыту мүмкін емес: тіпті президенттік комиссия бүкіл дәлел құжаттарды қалпына келтіріп, Ашаршылықтан аман қалған адамдардың және олардың туыстарының жауаптарын жинақтап жатыр. Ал осы дәлел құжаттардың бәрі қолға жиналған кезде – трагедиядан басын ала қашқысы келетіндермен әлбетте, әңгіме басқаша болады", деп түйіндейді мақаласын автор.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу