Ресейлік пропаганда қайтадан Қазақстанға "шабуыл" жасауда

2071

Тәуелсіз елдің сыртқы саясаты да тәуелсіз болатынына олардың санасы мен сауаты жетер емес.

Ресейлік пропаганда қайтадан Қазақстанға "шабуыл" жасауда Фото: canva.com

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияда, ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кездесуде жасаған мәлімдемесі Ресейдің империяшыл күштерін дүрліктірді. Осыған байланысты тіпті РФ сыртқы істер министрлігі "Тоқаевтың сөзіне түсініктеме" таратты.

Қазақстан көшбасшысы Еуропаның лидері саналатын Германияның төрінде қазақ елінің ұстанымын нық білдірді. Қазақстан әрине, Ресеймен одақтас, көрші, бірақ Астана Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындайды. Мәскеудің оны республикамыз арқылы айналып өтуіне жол бермейді.  

"Қазақстан екіұшты емес, нақты мәлімдейді. Біз санкциялық режимді ұстанамыз. Осы мақсатта санкциялық режимді сақтауға жауапты тиісті ұйымдармен байланыстамыз. Сондықтан менің ойымша, бізде санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған іс-әрекеттердің жүзеге асырылатынына қатысты неміс тарапы еш қауіптенбеуге тиіс", – деген Қасым-Жомар Тоқаев Қазақстанның ресейлік "параллельді импорт" дегенін іске асыруына да қатыспайтынына сендірді.

aqorda_resmi

Ол Украинадағы қанды қырғынды тоқтатып, БҰҰ жарғысына сәйкес және өзара тиімді шарттармен бейбіт келіссөздер жүргізу керектігіне екпін түсірді. БҰҰ жарғысы Украинаның территориялық тұтастығын жақтайды, демек, Мәскеуден әскерін әкетіп, Украинаның 1991 жылғы шекарасына дейін шегінуін талап етеді.

Қазақстанның табанды ұстанымын жария түрде, нық білдіруі Ресейде шу-байбаламның дауылын көтерді. Бұлқан-талқан болған кремльшіл пропаганда: "Украинадан кейінгі ісіміз Қазақстанда болады" деп кезекті рет доқ көрсетуге тырысты.

"Қазақстан Ресейді өз сыртқы саясатын қалай жүргізуге үйрете бастады. Жетіскен екенбіз. Сіздерді ештеңе қымсынтпай ма? Әлдебір себеппен Қазақстан Президенті Тоқаев Германия канцлерімен Ресейді талқыға салыпты. Біздің стратегиялық одақтасқа біздің стратегиялық жауымызбен келіссөз жүргізуге, Ресейді талқылауға кім құқық берді? Сен кімсің өзі? Әлде одақтас болудан қалдың ба? ...30 қыркүйек – бұдан былай Ресейге жаңа өңірлердің қосылған күні ретінде мерекеленеді. Бұл күнді Украинаның бір бөлігі ғана емес, өзге елдерде де атап өтетініне сенімдіміз. Тізім аяқталған жоқ. Біз 1991 жылғы ыдырауды доғарып, ревизия жүргізіп жатырмыз", – деп тұлданды "Соловьёв LIVE" арнасының эфирінде пропагандист Сергей Мардан.

livemoetv.com

Бұл қорқытуларға қазақстандық Парламент депутаттары жауап қатпады. Бірқатар сенатор, мәжілісмен пропаганданың Ресейдің ресми ұстанымы еместігін сылтауратып, түсініктеме беруді жөн деп таппады.

Содан болса керек, оған Мемлекет басшысына жауап беруге тура келді. Мәскеуден қарша бораған сынға үн қатқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның "антиресей" еместігін жеткізді.

Себебі, Украинаға басып кірердің алдында, 2021 жылғы 12 шілдеде Владимир Путин "Об историческом единстве русских и украинцев" тақырыбымен мақала басып, онда Батыстың "анти-Россия" жобасын жүзеге асыруға кіріскені, оның Украинада сынақтан өтіп жатқаны туралы сандырағын жариялады. Мақалада ойдан шығарылған бұл терминсымақ жеті рет қайталанады.

Қазақстан Президенті Германияға ресми сапары барысында өзін "Батысқа жағынып, жалбақтады" және Ресеймен ынтымақтастықтан теріс айналды деп айыптаған ресейлік ақпарат құралдарына және саяси қайраткерлерге жауап қайырды.

"Мынаны түсініп алғандары жөн. Қазақстан "антиресей" болып табылмайды. Біз Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағдарын ұстанамыз. Бізді Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара біріктіреді. Германиядағы баспасөз конференциясында айтқанымдай, біздің әртүрлі саладағы, соның ішінде сауда мен гуманитарлық байланыстардағы ықпалдастығымыздың дәстүрінің тамыры терең. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстанның ұстанымын нықтады. Украинадағы соғыс тез арада тоқтатылуы және БҰҰ жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуі керек. Қазақстан лидері оңаша кездесуде неміс канцлеріне "жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін" айтыпты.

"Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз", – деді Президент.

Белгілі саяси шолушы Денис Казанский Тоқаевтың табандылығына тәнті болды.

"Қазақстан Президенті салмақты сөз айтудың шебері. Оның Берлин төрінен жасаған мәлімдемесі кезекті рет Ресей пропагандашылары арасында истерика тудырды. Олар ескі әніне басып, Қазақстанға қоқан-лоққы жасап, "Ресей Украинадан соң Қазақстанның мәселесін шешумен айналысатынын" меңзеп жатыр. Қазақ елінің төл, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізетіні Мәскеудің және оның жандайшаптарының қанын қайнатады. Оларға салса, Қазақстан Кеңес одағындағыдай сыртқы саясатын тек Мәскеу арқылы ғана, соның жазып берген күн тәртібіне сай жүргізуге тиіс. Қазақстан Кремльдің келісімін алмай, өз бетінше халықаралық келіссөздер мен кездесулер өткізбеуі керек. Ол күннің келмеске кеткенін түсінбейді. Қазақстан болса, енді отар емес, тең құқылы одақтас екенін жақсы біледі", – деді сарапшы.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Қазақстан Президентінің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме таратуды жөн көріпті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкцияларға қатысты позициясы екі елдің байланыстарына кері әсер етпейтініне Мәскеудің сенгісі келетіні айтылған. РФ СІМ мәлімдемесі де ескертуге көбірек ұқсайды.

"Біздің тату көршілік байланыстарымызға сырттан теріс ықпал етуге жол бермеу үшін қазақстандық серіктестерімізбен әрі қарай да бірге тиімді жұмыс істейміз деген үміттеміз. Біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өте ауқымды және қос елге де үлкен пайда әкеледі. Бұл халықтарымыздың мүдделеріне толық сәйкес келеді", – деп мәлім етті ресейлік сыртқы саясат ведомствосы.

tula_kraimuseum

Жалпы, Ресейдің батыстық санкцияларды орағытып өтіп, бұзуына Қазақстанның шындап тосқауыл қоя бастағаны аңғарылады. Мысалы, РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин "Орталық Азияның кейбір мемлекеттері санкцияға қатысты тәуекелді Мәскеумен бірге арқалауға дайын еместігін білдіргенін" хабарлады.

"Сондықтан олар Ресейге қарсы батыстық санкцияларға қосылып жатыр. Әрине, экономикалық шектеулерді біржақты енгізудің легитимді еместігі және оны қолдауға болмайтыны тұрғысынан біздің позицияларымыз сәйкес келеді. Соған қарамастан, орталықазиялық бірқатар мемлекет бізбен бірге бастарын бәйгеге тіккісі келмейтінін, Батыстың шектеу шараларын ұстанатынын анық ұғындырып отыр", – деді ресейлік дипломат.

Галузиннің айтуынша, Ресей көршілеріне сыртқы саясатты қалай жүргізу керектігін және қандай сыртқы саяси бағдармен қозғалуы қажеттігін көрсетіп, өз ұстанымын таңбайды. Бірақ Мәскеу мұны "ҰҚШҰ, Еуразиялық одақ және ТМД аясындағы өзара міндеттемелерге қайшы келеді" деп санайды. "Бірақ" деген сөзге дейінгі айтылғанның бәрі өтірік" деген тәмсіл бар.

РФ СІМ басшысының орынбасары да өз сөзін қоқан-лоққымен аяқтады.

"Біз орталықазиялық астаналар мынаны жақсы түсінетініне сенімдіміз: Ресеймен байланыстарды жасанды түрде күйрету қосарлама санкциялардың шығынына қарағанда анағұрлым ауыр салдарларға, алапат шығынға соқтыруы мүмкін", – деді Михаил Галузин.

az.sputniknews.ru

Одақтастық пен ынтымақтастық үрей мен қатерге құрылмайтынын Ресей әлі де ұғынбай отырғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу