"Ресейліктер мен украиналықтар балаларын Қазақстанға оқуға лек-легімен ауыстыруда"

3997

Көптеген брокер биржада ойнайтын қазақстандықтарды құны 1 центке дейін құлдыраған ресейлік құнды қағаздарды сатып алуға үгіттеуде. Қазақстандық белгілі инвестор, бизнесмен, қоғам қайраткері Марғұлан Сейсембай ондай ағат қадамнан сақтандырып, өзге жолды нұсқады.

"Ресейліктер мен украиналықтар балаларын Қазақстанға оқуға лек-легімен ауыстыруда"

– Батыстың санкциялары салдарынан ресейлік құнды қағаздар күрт құнсызданды. Үш аптадан бері ресейлік биржалар жабық. Осы орайда көптеген брокер, тіпті трейдерлер "түскенді теріп ал" қағидасымен алда ресейлік өндіруші компаниялардың акцияларын, РФ облигацияларын сатып алуды ұсынуда, жағдай тұрақтанғанда олар өседі-мыс. Бұл шындыққа жанасымды ма? Қазір қор нарығына қаржы салатын кез бе?

– Қор нарығын кем дегенде екіге ажыратқан жөн. Ресейлік және америкалық деп. Ресейлік қор нарығы құрыды деуге болады. Ресейде валюта тапшылығы күшеюде, өтімділік жоқтың қасы. Алда биржа ашылғанда, ресейлік құнды қағаздар әрі қарай құнсызданып, күйрейді. Мысалы, "Сбердің" акцияларына қаржысын салғандардың жағдайы не болғанын көрдіңіздер: 1 акция құны 20 доллардан 1 центке бір-ақ құлады. Ресейдің өзге компанияларының акциялары да соның кебін құшады. Сондықтан алдағы 2-3 жыл ішінде ресейлік қор нарығына ешқандай инвестиция салмаңыздар. Бәлкім, егер Украинаға қатысты жағдай жақсармаса, болашақта да оларды елемеу қажет болатын шығар.

Американың қор нарығы барынша ликвидті саналады. Бірақ оларда да жағдай күрделі. Федералдық резервтік жүйе (Federal Reserve System, ФРС) ақпан айынан бастап, нарыққа қаржы құюды доғарды. Ал наурыздан бері базалық ставкаларды көтеру циклын бастады. Егер сарапшылар болжап отырғандай, 0,25-0,5% диапазонында биыл 4 мәрте ставка көтерсе, онда ақшаның үлкен көлемі нарықтан алып қойылады. Онда бүкіл әлем бойынша қор нарықтары сөзсіз, құлдырайды. Себебі кейінгі 5-7 жыл бойы қор нарықтары экономикалардың өсуі, кәсіпорындардың өнім өндірісінің артуы есебінен емес, ФРС-тің қаптатып, бостекі доллар басуы есебінен ұлғайды. Демек осы көпіршік жарылады.

Менің ойымша, әзірге ресейлік болсын, америкалық болсын, қор нарығында қызығатын ештеңе жоқ. Бұл қауіпті, аса тәуекелді алаңдар.

– Дағдарыс уақытында көп пайда әкелетін инвестиция бар ма? Жаһанды күйзеліс жайлаған кезде қандай салаға қаржы салған жөн?

– Дағдарыс өршіп тұрған тұста кепілді түрде пайда әкелетін сала жоққа тән. Тиімді инвестиция көздері дағдарыс түбіне жеткен кезде қаптап пайда болады. Ал біз, адамзат, қазір тек дағдарыстың басындамыз. Әдетте әлемдік дағдарыстар 1,5-2 жылға созылады.

Дегенмен осы кезеңде де қызықты инвестиция көздері табылуы мүмкін. Мысалы, мен күні кеше 2 компанияны сатып алудан бас тарттым. Оның иелері бизнестерін бұған дейін, екі апта бұрын сұрап келген құннан 50 пайызға арзанға ұсынды. Неге алмадым? Себебі біз куә болып отырған халықаралық оқиғалар әлі соңына жеткен жоқ. Ендеше біраз компанияның құны ары қарай құлдырайды. Тиісінше, дәл қазір сізге өте тиімді мәміле кезіккендей көрінуі мүмкін, алайда бір айдан кейін әлдеқайда қымбатқа сатып алғаныңызды түсінесіз. Өйткені құлдырау жалғасып жатқан кезде тиімді мәмілелер болмайды. Халықаралық нарықты жаппай құлдырау кеулеген кезде сатып алынған акциялар, кәсіпорындар ізінше тиімсіз болып қалуы мүмкін. 

– Сіз өзіңіздің "дағдарысқа қарсы портфеліңіз" бар екенін жиі айтасыз. "Антикризистік портфель" деген не? Ол қоржынға не кіреді?

– Бұл портфельге акциялары әдетте жаһандық дағдарыстар кезінде өсетін компаниялардың акциялары енеді. Адамдар күйзелгенде "ең алдымен неден бас тартатынының" және "ақырына дейін неден бас тарта алмайтынының" өзіндік пирамидасы бар. Атап айтқанда, адамдар соңына дейін базалық, негізгі азық-түлік түрлерінен бас тарта алмайтыны мәлім. Оның астында медициналық қызметтер тұр. Егер сіз өмірлік маңызды медициналық препараттарды не бұйымдарды өндірсеңіз, онда сіздің өнімге дағдарыс кезінде де сұраныс болады деген сөз. Одан кейін балаларды оқыту саласы орналасқан.

Мен мысалы, екі орта білім беретін жеке мектептің акционерімін. Мұны дағдарысқа қарсы инвестиция санаймын. Себебі біздің кеңістікте адамдар күйзеліс кезеңінде де баласын оқытудан ақша аямайды, баласының болашағын ойлайды. Соның дәлеліндей, қазіргі кезде ресейліктер мен украиналықтар балаларын Қазақстанға оқуға ауыстыруға күш салуда, лек-легімен келіп жатыр. Маған көптеген адам қолқа салып, балалары үшін мектептерімнен орын тауып беруді қиыла сұрады. Яғни бұл қызметтерге сұраныс өсуде.

Тағы бір мысал: дағдарыс уақытында тауық етіне сұраныс күрт артады. Мұны да өз тәжірибемнен айтып отырмын. Кедейленген, тұрмысы төмендеген бұқара құны қымбаттау төрт түлік малдың етінен бас тартуға мәжбүр. Оның орнына ең арзан ет түрлеріне көшеді. Сонымен бірге Қазақстан отандық тауық етімен тек 53 пайызға ғана қамтылған, қалғанын шетелден импорттайды.

Бұдан бөлек, дәл қазір биржада жүгері, соя, бидай бағасы шырқау шегіне жетті.

Бұлардың бәрі дағдарысқа қарсы инвестицияға жатуы мүмкін. Яғни "антикризистік портфельге" кіретін бизнес түрлері және олардың акциялары әлем тарыққан кезде не қатты қымбаттайды немесе ең құрығанда құнсызданбай, тұрақтылығын сақтайды. Егер ойлассаңыз, мұндай құнсызданбайтын салаларды өз бетіңізбен де таба аласыз.

– Дағдарыс және жаппай банкротталу кезінде тақырға отырмау үшін капиталды ақша күйінде сақтаған дұрыс па?

– Капиталды ақша күйінде ұстау да өте жақсы тәсіл. Ең дұрысы, әрине, дағдарысқа қарсы портфельге салу, одан кейін шетелдік валютада ұстау. Үшінші жақсы тәсіл – алтында, коллекциялық алтын монеттерде сақтау. Одан әрі – қажетті, ұзақ сақталатын тауарларды сатып алып қою және басқалары болып жалғаса береді. Ақшаны теңгеде банк депозитінде сақтау – осы тізбектің соңғы жағында орналасады.

– Ресейде долларды қомақты сомада шетелге шығаруға тыйым салынды. Ұқсас шектеуді Қазақстан, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер де қабылдады. Бизнесмендер, инвесторлар және басқасы криптовалютаға салу арқылы ақшасын сыртқа шығарып әкетуде. Осы орайда алда тағы қымбаттайды екен деп криптовалютаны сатып алған жөн бе?

– Шынында, криптовалюта қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, кейінгі айда бағасы күрт өсті. Өйткені көптеген ресейліктер, украиналықтар мемлекеттік реттеуден жалтарып, қаржыларын шетелге шығарып әкету үшін жанталаса криптовалюта сатып алуда. Бірақ криптовалюталардың бәрін бірдей, мысалы, Bitcoin, Ethereum-ді алуға кеңес бермес едім. Одан гөрі стейблкойндерді, яғни котировкалары доллар немесе еуро бағамына байланған криптовалюталарды алған дұрысырақ. Ресейліктер мен украиналықтар осыларды көп сатып алады да, шетелге көшеді. Содан соң қоныстанған елінде криптовалютаны қайтадан шетелдік валютаға айналдырады да, не банктегі шотына салады, немесе қолма қол ақшаға айналдырады. Әйтпесе ресми түрде ақшаны олар шетелге аудара алмайды.

Жалпы криптовалюталар дағдарыс кезінде көбіне транзакциялық рөлді, орталық банктердің бақылауын айналып өтіп, ақшаны шетелге шығару функциясын атқарады.

Мен криптовалютаны жинақты сақтау құралы ретінде пайдалануға кеңес бермеймін. Ол инвестициялаудың құралы ретінде де жарамсыз. Бірақ капиталдың бір бөлігін криптовалютада сақтауға болады. Егер жағдай қиындап кетсе, шұғыл түрде шетелге көшсеңіз, мүлдем қаржысыз қалмайсыз.

Менің криптовалюталарға көзқарасым өзгерген жоқ. Егер АҚШ-тың қор нарығы құлдыраса, ФРС базалық ставканы көтере берсе, стейблкойндерден басқа криптовалюталар құны да құлайды деген ойдамын.

Сөзді түйіндей келе айтарым, ең бастысы, қазіргі кәсіптеріңізді жалғастыра беріңіздер. Рухтарыңыз түспесін. Болашаққа оптимизммен қараңыздар. Жамандық зұлымдық та шексіз емес, ол да ақырына жетеді. Еңсеңізді түсірмесеңіз, дағдарыс аяқталғанда алға қарай секіріс жасауға бойыңыздан күш-қуат табасыз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу