Ресейліктердің Түркияға баруына тосқауыл қойылғалы жатыр

2916

АҚШ пен Еуропалық Одақ "Мир" банктік картасын қолдануын тоқтатуы үшін Анкараға қысымды күшейте бастады. Өйткені Ресей тұрғындары, әсіресе, орыс байлары бұл картаны санкцияларды айналып өту үшін пайдаланады деген күдік бар. 

Ресейліктердің Түркияға баруына тосқауыл қойылғалы жатыр

Биылғы наурыз айынан бастап, дүниежүзіндегі 210 елде жұмыс істейтін Visa және Mastercard жаһандық төлем жүйелері Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Бұған оларды Украинаға басып кірген Мәскеудің қанқұмар саясатына қарсы Батыс енгізген қатал санкциялар итермеледі.

Жасыратыны жоқ, мұндай шектеуге солтүстік көрші біраздан дайындалды. 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған соң, енгізілген санкцияларға байланысты РФ Төлем карталарының ұлттық жүйесі (НСПК) "Мир" ұлттық төлем жүйесін іске қосты. Ал 2015 жылы "Мир" банктік карталарының эмиссиясы, яғни шығарылымы басталды. Сонымен бір мезгілде РФ тұрғындары мен компаниялары мәжбүрлі түрде осы картаға ауыстырылды. 2021 жылы Ресей халқын қамту жөнінен "Мир" Visa, Mastercard-ты басып озды. 2022 жылғы шілдеде 134 миллионнан астам картасы шығарылған. Қазіргі кезде ол әрине, солтүстік көршідегі басты карта саналады.

Бұл жүйе тек қана рубльге құрылған. Тиісінше, рубльді қабылдайтын елдерде жұмыс істейді. Сондай елдердің бірі Түркия.

Ресейлік Цифрлық сервистер маманы Антон Нехаенконың айтуынша, Түркияда отырып, Ресейге жұмыс істейтін, сондағы виллаларды, жылжымайтын мүлікті сатып алатын, сондай-ақ активтерін санкциялардан жасыратын ресейліктерге "Мир" жақсы қызмет етіп жүр.

"Бүгінде Түркия "Мир" картасының айналымын біршама шектеді. Бұл картаны İş Bank, Ziraat Bankası, Vakifbank сияқты банктердің банкоматтары қабылдайды. Олардың саны сонша көп емес, сондықтан біраз іздеуге тура келеді. Бұған қоса, "A101" сияқты супермаркеттер қабылдайды. Көпшілік ақшасын әлгі банктерге Ресейден рубльмен аударып, сол жақта доллармен шығарып алу схемасын пайдаланады. Мұндай жағдайда валюта бағамы да жағымды", – дейді ол.

Мысалы, Ресей тұрғындары 1 лира = 8 рубль бағамын қолданса, ал теңгеде 1 лира = 35 теңгеге дейін барады. Яғни ақыр соңында "Мир" картасын ұстаған ресейліктер ұтып кетті. Тиісінше, Түркиядағы үйлерді сатып алу қазақстандықтарға қарағанда, ресейліктерге тиімді болып тұр. Оның үстіне Қазақстанда валюта бағамы еркіндікке жіберілген және сарапшылар алда девальвация болады деп болжайды. Ал Ресейде долларды электронды түрде 62 рубль бағамымен сатып алуға болады (қолма-қол доллар жоқтың қасы, бар болса, қымбат).

Сондықтан РФ тұрғындарының санкцияны айналып өтіп, шалқып өмір сүруін тыю үшін Батыс процессингтік жүйеге шабуылды өрістете бастады. Бұл туралы Financial Times жазады. Осыған қатысты Брюсселде сарапшылар – Генри Фой мен Сэм Флеминг, Вашингтонда – Джеймс Полити, ал Анкарада – Лора Питель төл зерттеулерін жүргізді.

Олардың жазуынша, АҚШ пен Еуроодақ Ресей осы арна арқылы заңсыз экспортты да қаржыландырып отыр деп қауіптенеді. Себебі Мәскеу "параллельді импорт" дегенді, яғни санкциялармен тыйым салынған тауарлардың тасымалын жолға қойып жатыр. Бұл үшін шетелде жалған фирмалар құрылады. Оларды жасырын қаржыландыру үшін төлем жүйесі керек.

"АҚШ қазір өз назарын "Мир" жүйесіне интеграцияланған түрік банктеріне шоғырландыруда. Бұл туралы тиісті жоспарларды жасауға қатысқан батыстық 2 шенеунік хабарлады. Өз кезегінде Брюссель Түркияға арнайы делегацияны аттандыруға дайындалуда. Ол топ түріктің жауапты ресми тұлғаларымен кездесіп, бұл бағыттағы қимылдары неге соқтыратынын түсіндірмек. Бүгінде Батыс күш-жігерін Мәскеуге қарсы жаңа шектеу шараларын енгізуге емес, бұған дейін бекітілген қатаң санкциялардың мүлтіксіз орындалуына жұмылдыра бастады. Өйткені Владимир Путиннің соғысы басталғалы енгізілген санкциялар Вашингтон мен Брюссель күткендей тиімділік әкелмеді, ресейлік экономиканы күйрете алмады", – деген байламға келді Генри Фой.

Батыс сарапшыларының ұстанымынша, егер Түркия, Дубай, Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Парсы шығанағы елдері Кремльге санкцияларды жұмсартуға көмектеспесе, онда оның қауқары мен қуаты күрт кемиді. Нәтижесінде, бейбітшілікке тезірек бас иеді.

"РФ компаниялары мен жеке тұлғалары осы арна арқылы мысалы, салық төлеуден жалтара бастады. Сол себепті үшінші елдердің қаржылық ұйымдарына "Мир" төлем жүйесіне қосылуға болмайтынын, бұл оларға пайдадан гөрі салмақты зиян әкелетінін нақты ұғындырғымыз келеді. Бізге қазіргі кездегі маңыздысы, санкциялық қысымды әлсірететін тесіктерді жабу", – деген батыстық лауазымды шенеуніктің сөзін келтірді Financial Times.

АҚШ пен ЕО арасындағы таяудағы келіссөздерге қатысқан бұл тұлға басты нысана ретінде Түркияны атады.

Шынында, өткен бейсенбіде АҚШ Қаржы министрлігі арнайы нұсқаулық жариялады. Онда ол "АҚШ салған санкцияларды еңсеруге бағытталған Ресейдің күш-жігері мен іс-қимылына қолдау көрсеткен, соның ішінде "Мир" ұлттық төлем жүйесінің Ресей Федерациясынан тыс қолданылу өрісін кеңейткен америкалық емес қаржылық ұйымдарға санкциялық қауіп төнетінін" қатаң ескертті.

Онда сондай-ақ Американың санкциялардың орындалуына жауапты мекемесі – Шетелдік активтерді бақылау басқармасы "нысаналы өкілеттіктерін пайдаланып, ондай ұйымдарға қарсы бұғаттаушы санкциялар енгізуге дайын" екені мәлімделді.

Ендеше Қазақстанда да "Мир" жүйесіне қосылған банктер, компаниялар сақ болғаны, "Бәледен машайық қашыпты" қағидатына жүгінгені жөн.

Жасыратыны жоқ, Анкара бірінші орынға ұлттық мүддені қоятыны мәлім. Ол Ресейге қарсы санкцияларды түріктің мүддесін ілгерілетуге, елді байытуға барынша пайдалануға тырысуда. Түркия 1952 жылдан бері НАТО мүшесі. Бірақ бұл оған РФ-ға қарсы Батыстың санкцияларын қолдамауына кедергі бола алған жоқ. Президент Реджеп Тайип Ердоған Ресей-Украина қарулы жанжалына қатысты "теңгерімді ұстанымды" ұстанады. Таяуда ол Мәскеумен экономикалық ынтымақтастығын арттыратынын мәлімдеп, батыстық серіктестерінің көңіліне мазасыздық дәнін септі. Ол сонымен бірге Түркияда "Мир" жүйесін ілгерілетуде "салмақты прогресс" барын хабарлады. Нәтижесінде, қазіргі кезде түріктің 5 банкі – VakıfBank, Ziraat Bank, İş Bank, DenizBank және Halkbank ресейлік төлем жүйесінің мүшесіне айналды.

Дегенмен İşbank "АҚШ енгізген барлық санкцияларды қатаң сақтайтынын" мәлімдеді. Әйтсе де, "Мирды" қабылдауды әзірге жалғастырды.

"Біз бұл карталар арқылы жасалатын транзакциялардың санкциялық саясатқа сәйкес болуын мұқият қадағалап, осы бағытта қажетті шараларды қабылдап жатырмыз", – деп мәлімдеді банк.

Ал DenizBank санкцияға іліккен банктермен операцияларды тоқтатқанын және халықаралық санкцияларды толық сақтайтынын жеткізді. Halkbank, VakıfBank, Ziraat Bank мәлімдеме жасамапты.

Сарапшылардың пікірінше, егер Батыс қысымын өрістетсе, Түркия "Мирдан" бас тартуы да мүмкін. Онда Түркиядан ресейлік туристер де жоғалуы ықтимал. Себебі, ресейлік туристік операторлар да, саяхатшылар да осы жүйе арқылы есеп айырысады. Олар үшін басқа электронды қаржы аудару жүйелері жабық.

Түркияның Сыртқы істер министрлігі Анкара "Түркияның санкциялардан жалтаруға арналған арнаға айналуына" жол бермейтінін мәлімдеді.

Түркияға қысымды күшейту саясаты аясында алдағы айда Анкараға Еуропалық Одақтың қаржылық тұрақтылық жөніндегі еурокомиссары Мейрид Макгиннесс сапар жасауға даярлануда.

Бұдан бөлек, АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемо таяуда түрік компанияларына арналған ашық үндеу жазды. Онда ол "Ресейдің елдеріңізді санкциядан жалтаруға пайдалануына жол бермеңіздер" дей келе, Түркия алған бетінен қайтпаса, тәуекелдерге жолығатынын ескертті.

Батыс елдері санкциялар арқылы Ресейдің бірінші кезекте, банктік, энергетикалық және қорғаныс секторын жермен-жексен етуге ұмтылуда. Сондай-ақ ауқымы кең күрес аясында Кремльге жақын биік лауазымды шенеуніктерді, бай бизнесмендерді әлемдік нарықтан, өркениет игіліктерінен кесіп тастауға мән беріледі. 

Ұзақ жылға созылуы мүмкін бұл сұрапыл шайқаста, текетіресте Түркияның екі ортада қалып қоймағаны маңызды. Екі түйе сүйкенсе, арасында қалғандардың жағдайы мәз болмайтыны белгілі. Бұл санкциялық тауарларды елге әкеліп, түрлі жолмен көршіге реэкспорттауға тырысып жүрген қазақстандық компанияларға да қатысты болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу